Бүгінгі таңда Медициналық сақтандыру қорына Маңғыстау облысындағы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден қазан айында 478 млн 343 мың теңге шамасында жарна түсті. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау филиалы Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі хабарлады.
- Нақтырақ айтқанда, қорға 265 мың теңге шамасындағы қаржыны жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар аударса, 478 млн 78 мың теңге – жұмыс берушілердің аударымдары. Маңғыстау жарна төлеу бойынша аймақтар арасында 6-орында тұр, - дейді ӘМСҚ филиалы директорының орынбасары Жанетта Керімбаева.
Маңғыстау бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 11 млрд 336 мың теңгені құрады, ал бүкіл республика бойынша Қорда 224 млрд теңгеге жуық сома жинақталған. Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеуден Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап келеді. Ал Қарағанды облысы үшінші орында тұр.
Айта кетейік, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.
Маңғыстау облысы