Көкшетаудағы Достық үйінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен бірлесе отырып өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жерім – Қазақстаным!» атты поэзия кешін өткізді.
Өлең қонып, ән ұшқан көкшелік қауымға жырмен өрілген жан лүпілі таңсық емес. Бұл жолғы байқаудың ерекшелігі Алаштың айтулы ақындарының рухани әлемімізді барынша байытып, сәулелендіретін жалынды жырларын өзге ұлт өкілдерінің мазмұнға сай беріліп, жан-дүниелері жадырап, көңілдері нұрланып келістіре оқулары болды.
14 пен 29 жас аралығындағы 21 үміткердің бір күндік бабы жетпей қалған бірі жоқ. Бір ғажабы, олар оқыған өлеңдердің тақырыбы да бір арнада тоғысып жатыр. Қасиетті Отан, қастерлі жер кімге болсын қымбат, ардақты да абзал ел. Шымырлап ағып, шамырқана шарпып, құлағыңнан кіріп, бойды алар бағалы өлең тұтас байыптағанда патриоттық тақырыпты қамтиды екен. Әсіресе, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме», Қасым Аманжоловтың «Қазақстан», «Отан туралы ой», Күләш Ахметованың «Жан дала – жаннат дала», Төлеген Қажыбаевтың «Көкшетау туралы толғаныс» жырлары орындаушылардың оқу шеберліктері, көркем жырдың кестесін сөкпей келістірулерінің арқасында жырқұмар қауымның көкірегін көктемнің керімсал самалындай желпіп өтті. Жалғыз жыр ғана емес, үміткерлердің ұлттық киім киюі, салтанатты сахна әдебі көрермен көзін қуантады екен.
Үзеңгі қағыстырып, бір-бірінен қара үзбей мәреге жеткенімен, салиқалы сөзді, сарабдал жырды салмақтаған қазылар алқасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледждің білім алушысы Анжелика Соколованы үздік деп таныды. Екінші орынға Анастасия Бабенко ие болды, үшінші орын Татьяна Смирнованың еншісінде.
Өзге ұлттардың жергілікті ұлт тіліне құмарлығы сүйсіндіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі ұлтаралық тілге айналу керек» деген аталы сөзі арлы ұрпақтың санасына сіңіп жатқандай. Ертеректе қазағының өзі орғыған орыс тілінде сөйлейтін бұл өлкеде енді өзге ұлттар тіл сындырып жатса, жаның гүлдейді де.
Ақмола облысы