Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының экспортты және импортты ұйымдастыру бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері облыстан 942,9 тонна ет және ет өнімдері сыртқы нарыққа жөнелтілген. Ресей негізінен шошқа етін, ал Өзбекстан сиыр етін, тіпті малды тірілей сатып алуда. Жылқы еті ғана өзімізде қалады екен.
Кейбір аграрлық сала мамандарының пікірінше, ет экспортының көлемін шектеу керек. Етті көп тұтынатын ел ретінде оның басым бөлігін өзімізде қалдырған дұрыс. Сол кезде ғана елдегі ет пен ет өнімдері көбейеді, баға да тұрақталады. Алайда оған қарсы пікір білдіріп жүрген сарапшылар да бар. Мәселен, экономист ғалым Хайыролла Ахамбетов:
– Жоқ, экспортты шектеу деген дұрыс емес. Экспортты дамыту керек. Бұл біздің экономикаға керек, салық көбейеді, шаруалардың табысы артады. Әрине сыртқа өнім сатудың салқыны ішкі нарыққа тимеуі тиіс, – дейді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста ет өндіру көлемі ұлғайып келеді. Өткен жылдың алғашқы 8 айында облыс аумағында 54,2 мың тонна ет өндірілді. Биыл жыл басынан бері 55,9 мың тонна ет сауда орындарына жіберілген. Оның 26,6 мың тоннасы – сиыр еті, 9,3 мың тоннасы – жылқы еті, 5,7 мың тоннасы – қой еті, 0,7 мың тоннасы – қозы еті, 3,9 мың тоннасы – құс еті.
Басқарманың экспортты және импортты ұйымдастыру бөлімінің хабарлауынша, Шарбақты ауданы «Абай» шаруа қожалығы, Железин ауданындағы «Пахарь» ЖШС сиыр етін сыртқы нарыққа ең көп жіберетін шаруашылықтар қатарында.
Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген «ірі қараны тек шетелден сатып алу қажет» деген талапқа аталған шаруашылықтар келіспейді. Себебі шағын шаруашылықтарға шетелден мал тасымалдау қиынға түседі. Одан да өз еліміздегі асыл тұқымды мал басын көбейтіп отырған ірі шаруашылықтардан сатып алған әлдеқайда ыңғайлы.
– Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның талабы бойынша ірі қара шетелден сатып алынуы тиіс. Себебі еліміздегі асыл тұқымды аналық мал басының санын арттыру қажет. Бізге мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін жақсарту керек, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының маманы М.Әпсалықов. Осындайда бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазір С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің ректоры болып қызмет атқаратын Ақылбек Күрішбаевтың шетелден жүйесіз мал әкелуді тоқтату қажет дегені еске түседі.
Мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамытудың негізгі алғышартының бірі – өндірістік бордақылау алаңдарын құру. Бүгінде облыста жалпы қуаты 13,4 мың бас малға шақталған барлығы 10 бордақылау алаңы бар. Өңірде 524,2 мың бас ірі қара, 636,4 мың қой, 86,9 мың ешкі, 185,6 мың жылқы, 1 млн 781 мың құс өсіріледі. Мемлекет көмегін алып мыңғыртып мал бағып отырған азаматтар жетерлік. Мәселен, екібастұздық Манат Алғамбаровтың «Табыс» атты шаруа қожалығында 2500 бас сиыр, 1500 жылқы бар.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалының директоры Сайра Ықыласованың айтуынша, биыл облыс тұрғындарына мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіргендер үшін 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы беріледі. Оның 700 млн теңгесі «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында берілуге тиіс. Осы бағдарлама аясында іс бастаған тереңкөлдік Еламан Сүрімбетов та жеке шаруашылық құрып, қой, жылқы, сиыр өсіруде.
Ет экспорты ішкі нарыққа зиянын тигізбес үшін шаруа қожалықтарына белгілі бір мөлшерде квота енгізілсе деген ұсыныстардың айтылуы да бекер емес. Иә, өзіміз күнделікті сауда орындарынан көріп жүргеніміздей, қазір ет қымбат. Сиыр етінің килосы –1600-2000 теңге аралығында, жылқы еті жазда 1700-2200 теңгеге жетіп қалды. Ет сатып тұратын қыз-келіншектер «ет қымбат болса, оған біздің қатысымыз жоқ, барлығы делдалдарға байланысты. Олар жеткізген еттің бағасына әрине үстемеақы қосамыз», дейді. Ауылдарды аралап, ет сатып алып, қаладағы базарларға өткізумен айналысатындар бар.
– Қазір ауылда мал ұстайтындар азайып барады. Сатылатын мал көп болса, еттің бағасы төмен, тұрақты болар еді, – дейді осындай «кәсіп» иелерінің бірі Мақсұтхан Бердібек.
Ал ауылдағылар жем-шөп те, малдың қиын шығару да, оны табынға қосу да ақша тұратынын айтады. Қыс кезінде 1 тіркеме шөп – 20 мың теңгеге, 1 қап кебек 3 мың теңгеге сатылады. Әр үйдің азын-аулақ малын қыстан шығаруға орта есеппен 230-250 мың теңгедей қажет. Есептеп келгенде сататын мал етінің бір килосы 1300-1500 теңге болатыны содан.
Осы жерде ауылдықтар айтқан тағы бір мәселе – жайылымдардың азайғаны. Жайылымдық жерлерді кәсіпкерлер сатып алған. Облыс орталығына жақын ауылдар суармалы алқаптардың қоршауында қалған. Аудан әкімдіктері алыс болса да ауыл малдарын көктем мен жазда жайлауға жіберуді ұсынуда. Павлодар ауданында 40 мың бас ірі қара бар. Ауданға қарасты Кеңес, Ямышев сияқты ауылдардың халқы жалпы алғанда 3500 ірі қара, 4 мың қой, 2 мыңға жуық жылқы ұстайды. Ауылдағы 850 гектар жайылымдық жердің мұнша малдың жайылуына жетпейтіні де анық.
Экономист Хайыролла Ахамбетовтің пікірінше, ет бағасына мемлекеттік реттеуді енгізуді қайта қарау керек. Баға әкімдік тарапынан қатаң бақылануға тиіс. Бір қызығы, сиырдың сүйекті жауырын, төс бөлігі сияқты мүшелері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізіміне енген. Сондықтан мемлекеттік мекемелер еттің осы бөліктерінің ғана бағасын бақылай алады екен.
– Сауда орындарындағы бағаны, яғни әлеуметтік емес дүкендердегі бағаны бақылауға құзіретіміз жоқ. Сиырдың өзге мүшелерінің, қой, жылқы етінің де қаншаға сатылатынын реттей алмаймыз, кәсіпкер өзі белгілейді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда бөлімінің маманы Кәрімжан Байсары.
Хайыролла Ахамбетов болса еттің қымбаттауына экспорттың еш қатысы жоқ деп санайды.
– Әрине, базардағы, дүкендердегі ет сатушыларға «еттің барлығы сыртқа кетіп жатыр, өзімізге жетпейді, қымбатқа сатуға мәжбүрміз» деп ақталған оңай. Өзге елге ет тасымалдау да, өзге елден мал әкелу де оңай емес. Бұл үшін тауарлық партия, контейнер, салқындатқыш керек. Бұған біздің елдегі ұзаққа созылатын құжат дайындау жұмысын қосыңыз. Сондықтан еттің барлығы шетелге кетіп, соның салдарынан баға қымбаттайды деуге де болмас.
Қалай десек те, мал өнімі өзімізге де жетпей жатқаны шындық. Ет экспортын ұлғайтуды ойлап, көрсеткіш қуалап кетуге болмайды. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қараны, қойды тірідей шетелге сатуға тыйым салғаны қуантады. Бәлкім бұл жаңалық ішкі нарықты етпен қамтуға, бағаны тұрақтандыруға сәл де болса септігін тигізетін шығар.
Павлодар облысы