Ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жүргізушілерге ескерту жасады. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Полициядағылар тұрғындардан автокөліктерін жол жиегіне қоймауды сұрайды. Жол жиегіне қойылған көлік қар тазалайтын техниканың жұмысына кедергі келтіретінін айтады. Белгіленбеген орындарға қойылған көлік құралдары эвакуаторлардың көмегімен айыппұл тұрағына жеткізіледі екен.
«Жүргізушілер жылдамдық режимін, қашықтықты сақтауына, жол белгілерінің нұсқамаларын орындауына және шұғыл әрекеттер жасамауына, қыс мезгілінде тозған және «жазғы» дөңгелекпен жүрмеуіне ерекше назар аударулары қажет» дейді ведомство баспасөз қызметі.
Бір тәулік ішінде елорда жолдарында 70-тен астам жол көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам дене жарақатын алған.