Өткен аптада футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі 4-тур ойындары өтті. «L» тобында сынға түсіп жатқан елорданың «Астана» клубы «Астана Арена» стадионында Нидерландтың АЗ командасымен кездесіп, бұл жолы да ірі есеппен жеңіліп қалды. Елордадағы кездесуде еліміздің алты дүркін чемпионы өз қақпасына бес гол өткізіп алды.
Осыдан екі апта бұрын Нидерландта өткен кездесуде жерлестеріміз 6:0 есебімен масқара болып жеңілген еді. Бірақ сол жеңілісті ақтап алуға болатын біршама сылтау да бар еді. Алғашқы ойында «Астана» негізгі құрамдағы футболшылардың жарақат алып қалуына байланысты екінші құрамын шығарды. Ойын барысында екі футболшымыз жарақат алып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Сондай-ақ төреші екі мәрте біздің қақпаға пенальти белгіледі. Осындай сылтаулардан кейін әлбетте, 6-0 есебін ақтап алуға болатын еді. Бірақ өз алаңымыздағы жеңілісті ақтап ала алмаймыз. Өйткені алаңда алғашқы ойындағыдай емес, негізгі құрам футболшылары ойнады. Оның үстіне «Астананың» өз алаңында, өз жанкүйерлерінің алдында еуропалық командаларға жеңілмейтін жақсы дәстүрі бар-тын. Тіпті бұл күндері елордалықтарға жасыл алаңның жасандылығы да көмектеспейтін күйге жетті.
Өткен матчта «Астана» ойыншыларының тым шаршаңқы күйде екені көзге бірден байқалды. Оның екі себебі бар. Біріншісі, жаздан бері бір құрам ішкі чемпионатта да, Еуродода ойындарында да доп теуіп жүр. Яғни, футболшылар әр үш күн сайын бір матч өткізуде. Оның үстіне «Астананың» бірнеше ойыншысы Ұлттық құрама сапында да ойнайды. Бұл да тығыз кестеде матч өткізіп жүрген футболшыларға кері әсерін тигізбей қоймайды. Екінші себебі, елордалық ойыншылардың тең жартысы 30 жастан асып кеткен. Қанша жерден мықты болып тұрса да, олардың физикалық мүмкіндігі мұндай ойындарға жетпей қалып жатыр. Мысалы, кешегі матчта 33 жастағы қорғаушы Евгений Постников қайта-қайта қателесіп, үш голдың соғылуына себепші болды. Кей сәтте 2 голдың авторы, 18 жастағы шабуылшы Майрон Боадудың жылдамдығына ілесе алмай қалып жатты. Сондай-ақ 35 жастағы сербиялық қорғаушы Антонио Рукавина да болмайтын жерде жиі қателік жіберді. Бұл футболшылардың тәжірибесіне күмән келтірмейміз, бірақ шама-шарықтарының бүгінгі футболға сай келмейтінін өткен матчта өздері де түсінген шығар.
Ел чемпиондары келесі жылы «шал-шауқандарды» «зейнетке» жіберіп, өздерінің құрамын бойында жалыны, көзінде оты бар таланты әрі жас футболшылармен толықтыруы керек сияқты. Әйтпесе дәл қазіргі футболшыларымен келесі жылы Еуропаны еңсере алмайды.
Жалпы алаңда футболшылар ойнағанымен, жеңіліске бас бапкер жауап беруі керек. Бірақ кездесуден кейін Роман Григорчук баспасөз мәслихатында жанкүйерлерден кешірім сұраудың орнына: «Өз алаңымызда, тамаша атмосферада 0:5 есебімен ұтылғанымыз өкінішті. Ірі жеңілісті де бастан өткеру керек», деп қысқа ғана қайырды. Сондай-ақ журналистердің «Масқара жеңілістен кейін отставкаға кетесіз бе?» деген сұрағына пікір білдіруден бас тартып, жауапсыз қалдырды. Әдетте Еуропа елдерінде мұндай ірі жеңілістен соң бас бапкерлердің өз еркімен қызметінен кетіп жататыны белгілі.
«Астананы» еуропалық командаға айналдырған болгар маманы Станимир Стойлов қызметінен кеткеннен соң клуб басшылығы Роман Григорчук команданы өрге сүйрейді деп үміттенген болатын. Өкінішке қарай басшылықтың үміті ақталмады. Керісінше, Григорчуктың «арқасында» «Астана» рейтингте төмен қарай құлдилап, бес жыл бойы қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгіп жатыр. «Астана» 2015/16 жылдары Стойлов басшылығымен Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, өз алаңымызда өткен үш ойында да жеңілген жоқ еді. Тіпті Испанияның «Атлетико Мадрид» клубы «Астана Аренада» гол соға алмай сан соғып кеткен болатын. Ал былтыр ғана «Қайраттан» 2:1 есебімен жеңіліп жүрген АЗ биыл «Астана» қақпасына екі ойында 11 гол соқты. Ерінбеген футболшы гол соқты біздің қақпаға. Сондай-ақ елордалықтар биылғы топтық кезеңнің төрт кездесуінде де жеңіліп, антирекорд орнатты. Төрт ойында бір ғана гол соғып, өз қақпаларынан 14 гол өткізіп алды. Алда «Манчестер Юнайтед» пен «Партизанға» қарсы ойында әлі қанша гол жіберерін кім білсін?!
Қысқасын айтқанда, «Астана» келесі жылы Еуродода ойындарында тағы да жанкүйерлер алдында масқара болғысы келмесе украин маманын еліне қайтарып, қолынан іс келетін, тәжірибесі бар жаттықтырушыны алдыртқаны дұрыс. Сонымен қатар жоғарыда айтқанымыздай құрамын «шал-шауқандардан» тазартқандары жөн. Әйтпесе «Астана» кешегідей ойынымен келесі маусымда топтық кезеңге де шыға алмай қалуы мүмкін.
«Астана» биылғы маусымды аяқтау үшін Еуропа лигасында әлі екі матч өткізу керек. Кеше елорда командасы ел чемпионатындағы соңғы тур ойынын «Ертіске» қарсы өткізіп, алтыншы рет чемпиондықты тойлады. Енді 27 қарашада «Манчестер Юнайтед» командасын өз алаңында қабылдаса, 12 желтоқсанда сырт алаңда «Партизанға» қарсы ойнайды.