• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Қараша, 2019

Бауырластық байланыстар беки түседі

489 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркияға жұ­мыс сапары аясында Президент Режеп Ердоғанмен жә­не ви­це-президент Фуат Октаймен келіссөздер жүргізді, сон­дай-ақ Қазақстан – Түркия үкіметаралық экономикалық к­омис­сия­сының ХІ отырысына, екіжақты бизнес-форум­ның ашылуына және түрік бизнесінің капитандарымен кездесуге қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды түрде дамып жатыр, екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарудың негізі салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркияны Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады», деді А.Мамин Анкара қаласында Р.Ер­доғанмен кездесуде.

Қазақстанда түрік капита­лы­ның қатысуымен 4200-ден ас­там компания тіркелген, олар энер­гетика, көлік, агроөнеркәсіп, машина жасау секторларында, инфрақұрылымдық құрылыста және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Осы жылдың 9 айы­ның қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті, бұл 2018 жыл­дың сәйкес кезеңіндегі көр­сет­кіштен 68%-ға артық. Осы жылдың соңына қарай екіжақты сауда-саттық көлемі 3 млрд доллардан асады деп күтілуде. Қазіргі кезде түрік тарапымен бірлесе пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы 6 млрд доллардан асады.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруа­шы­лығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

А.Мамин Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­баевтың монументіне барып, Ата­түрік кесенесіне гүл шоғын қойды және Р.Ердоған­мен бірге Түркияда өткізіліп жат­қан «Болашаққа тыныс бер» эко­логиялық науқаны аясында ағаштар отырғызды. Сонымен қатар Үкімет басшысы Түркияның Сауда-өнеркәсіп палатасының жұмысымен танысты, соның ішінде Түркияның мемлекеттік органдарын цифр­ландыру жұмыстары да бар.

Қазақстан Премьер-Ми­нис­трі А.Мамин Түркия вице-пре­зиденті Ф.Октаймен Ыстанбұлда Қазақстан Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына қатысты.

Іс-шара қорытындысы бо­йынша сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, туризм тәрізді және тағы басқа салаларда 65 пункттен тұратын Бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Бұдан өзге, халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы үкіметаралық келісімге, 2019-2021 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимыл хаттамасына, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі мен Сауда министрлігі арасындағы «халал» санатындағы өнімдер бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

А.Мамин мен Ф.Октай 500-ге жуық түрік және 100 қазақстандық іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен Қазақстан – Түркия бизнес-форумын ашты. Форум аясында инфрақұрылым, индустрия, көлік-логистика салаларында, денсаулық сақтауда, қаржы нарығын дамытуда, мемлекет-жекеменшік әріптестікте тәжірибемен алмасу және т.б. салаларда бірлескен жобаларды іске асыруды қарастыратын, жалпы құны 1,5 млрд доллар сомасын құрайтын 18 құжатқа қол қойыл­ды. Атап айтқанда, Қазақстанда қатпарлы картон қаптама, лак-бояу өнімдері өндірістерін, «Ақтөбе-Гебзе» индустриялық ай­мағын ашу, Түркістан қала­сын инфрақұрылымдық дамыту, сондай-ақ Алматы мен Қара­ғандыда университеттік клиникалар, Көкшетау, Қызылорда, Ақ­тау, Атырау, Ақтөбе, Таразда көп­бейінді ауруханалар, Шым­кент пен Ақтөбеде диагнос­тикалық орталықтар салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қазақстан Премьер-Министрі Түркияның 41 ірі компаниясының басшыларымен – Қазақстан эко­номикасының қазіргі әлеуетті инвесторларымен кездесті. Асқар Мамин түрік бизнесінің капитандарымен екіжақты келіссөздер, сонымен қатар дөңгелек үс­тел форматында ортақ кезде­су өткізді. Үкімет басшысы түрік бизнесмендерін Түркістан қала­сының түркі әлемінің мәдени-руха­ни орталығы ретінде жаңғы­руы мен дамуына үлес қосуға шақырды.

Түркияға сапары аясында А.Мамин Қайсери қаласына барып, онда 2018 жылдан бастап қызмет көрсететін, мемлекет-жекеменшік әріптестік моделі бо­йынша жүзеге асырылған Түр­кияның денсаулық сақтау саласындағы алғашқы жобасына айналған қалалық аурухана қызметімен танысты.