• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2010

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҒАЛАМТОРДЫ ПАЙДАЛАНАДЫ

550 рет
көрсетілді

Елбасының биылғы Жолдауында алыс елді мекендердегі автожолдар мен мектеп, аурухана, мәдениет пен спорт, халыққа қызмет көрсететін нысандарды жөндеудің маңыздылығы атап көрсетіліп, мұндай аса маңызды жұмыстың тұңғыш рет қолға алынғаны айтылған-ды. Халық ол үшін риза, әрі ертеңгі күндеріне деген сенімдерін нығайтуға толық негіз бар. Осындай жайдарман жаңалық наурыздың алғашқы онкүндігінде Жамбыл ауданындағы Аққайнар ауылында жалғасып, пошта ғимараты пайдалануға берілді. Шағын ауыл тұрғындары бұдан былай ғаламтор арқылы байланысқа шығып, зейнет­ақы, хат-хабар алуларына, ақша ау­дарудың басқа да банктік операция­ларын орындауларына мүмкіндік жасалды. Жаңа жобада салынған ғи­мараттың ашылу рәсіміне респуб­ликалық “Қазпочта” акционерлік қоғамының президенті Дәурен Мол­дағалиев қатысып,  бұдан былай пошта қызметі де ХХІ ғасырдың халқына жоғары сұраныспен қызмет көрсете­тініне тоқталды. Соңғы екі жылда жаңа жобада салынған осындай халыққа қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік нысан қатары облыста 80-ге жуықтапты. Аталған ауданда ғана сегіз пошта ғимараты жаңарған екен. Осы жиынға қатысқан Қастек, Сұраншы батыр, тағы басқа ауылдардан кел­гендер де пошта қызметінің жақса­ратынына деген сенімдерін білдірді. Өңірдегі “Қазпочта” акционерлік қоғамының басшылығы жиі ауысып, мұның өзі халыққа көрсетілетін қызметке де әсерін тигізгенін айтқан жөн. Аталған басқарманың жаңа басшысы Бинали Ысқақ тәжірибелі маман әрі қаржы саласының білгірі са­налғандықтан жеті­сулықтарға әлеу­меттік қызмет көрсе­тетін саладағы жұ­мыс жанданды­ры­лып, тәртіп пен та­лапты бүгінгі уа­қытпен үндес жүр­гізуге бет бұрғанын да көпшілік сезінуде. Әсіресе, халықтың күнделікті басылымдарды уақытылы алуына  қол жеткізілгені қуанышты. Басқа да қызмет түрлерінің сапасы нығаюда. Аққайнарлықтар атынан еңбек ардагері Тұрысжан Тұңғатаров, аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Далабаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аппарат басшысы Манарбек Ізбасаров, тағы басқалар жағымды жаңалықпен ауыл халқын құттықтады. Ауыл халқы бұл күнді мерекеге айналдырса, әжелер шашу шашып, өнерпаздар өнерлерін көрсетті. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.