Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалу мәселелері қаралды. Биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы бірқатар министрлер баяндады. Облыс әкімдерінің есебі тыңдалды.
Инвестицияда іркіліс жоқ
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің баяндауынша, ІЖӨ өсімі қаңтар-қазан айларында 4,4%-ға өсті. Инвестициялық белсенділіктің артуы, ішкі сұраныстың және ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, өнеркәсіптің кіші салаларындағы екі мәнді өсім, сонымен бірге мұнай өндірудің қалпына келуі – экономика өсімінің негізгі факторлары болды. Экономиканың салалары бойынша инвестициялық жобалар пулы құрылды. Бұл орта мерзімді келешекте экономиканың тұрақты және сапалы өсуіне негіз болады.
«Инвестиция 8,2%-ға өсті. Халықтың нақты табысының өсімі 6,4%-ды құрады. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,5%-ға дейін артты. Өнеркәсіп өндірісінің орнықты өсу үрдісі сақталып отыр, қаңтар-қазан айларында 3,5%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ға өсті», деді Р.Дәленов. Жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және сусын өндірісі қарқынды дамыды.
«Мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өсім 3,7%-ға дейін артты. Түсті металдар кенін өндіруде 18% деңгейінде жоғары өсім қарқыны сақталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, өсім 12,7%-ды құрады. 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», деді Ұлттық экономика министрі.
10 айда мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,9%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласындағы бұл өсім көрсеткіші 4,4%-ды құрады. Сауда көлемі 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға және байланыс – 4,5%-ға ұлғайды.
Р.Дәленовтің айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда айналымы 1,5%-ға ұлғайып, 70,4 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі – 42,7 млрд, ал импорт 27,6 млрд долларды құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсудің оң серпіні байқалады.
«7-20-25» қарқын алып келеді
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы ақша-несие саясаты туралы баяндады. Ол атап өткендей, жылдық инфляция күткендегідей қалыптасып, қазан айының қорытындысы бойынша 5,5% болды. Ақылы қызметтер бағасы мен тарифтерінің өсуі тарихи ең төмен деңгейде – 0,8%.
«Осы факторларды ескере отырып, Ұлттық банк 28 қазанда базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде және +/- 1 пайыздық тармақ дәлізінде сақтады. Ақша-кредит саясаты шаралары шеңберінде айналыстағы ноттар көлемін мамыр-қазан аралығында 30,1%-ға немесе 4,3 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқартты», деді Ұлттық банк төрағасы.
Тікелей шетелдік инвестициялардың келуі өткен жылғы көрсеткіш деңгейінде қалыптасып, 5,1 млрд доллар болды. Ол бейрезиденттердің кірістерін қайта инвестициялаумен және резиденттердің шетелдік еншілес ұйымдарынан капитал қайтару арқылы қамтамасыз етілді.
Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың әкетілуі 13,0%-ға азайып, 2019 жылғы 9 айда 2,6 млрд доллар болды. Капиталдың әкелінуі Қаржы министрлігінің 3-тоқсанда 1,15 млрд еуроға еурооблигациялар шығарғаны және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың жаһандық депозитаралық қолхаттарын сату арқылы қамтамасыз етілді.
Е.Досаевтың айтуынша, несиелендіру өсуі артуда. «Жыл басынан бері жалпы кредиттік портфель қыркүйектің соңында 2,3%-ға немесе 13,4 трлн теңгеге дейін өсті. 1-тоқсанда банктерді қалыпқа келтіру нәтижесінде жұмыс істемейтін қарыздар есептен шығарылған соң сәуір-қыркүйекте кредиттеудің өсуі 7,4% немесе 921,8 млрд теңге болды», деді Е. Досаев.
Заңды тұлғалар берілген кредит көлемі 1,7%-ға немесе 121,7 млрд теңгеге өсті. Жеке тұлғалардың кредиттік портфелі 14,7%-ға немесе 800 млрд теңгеге өсті. Ұзақ мерзімді кредиттер қыркүйек қорытындысы бойынша 11,4 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 2 трлн теңге болды.
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 7 қарашадағы жағдай бойынша 10 676 отбасы 122,8 млрд теңге несие алды. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын (600 млрд теңге) іске асыру жалғасуда. 1 қарашадағы жағдай бойынша банктерде 248,3 млрд теңгенің 393 жобасы қаралуда, 142,3 млрд теңгенің 224 жобасы мақұлданды, 55,5 млрд теңгенің 147 жобасы несиелендірілді.
Республикалық бюджет кірісі 17%-ға артты
Мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады. Министрлік мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың 10 айындағы кірістердің өсу қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Мемлекеттік бюджеттің кірістері 14%-ға, республикалық бюджеттікі – 17%-ға, жергілікті бюджеттердікі – 7%-ға өсті. Шығыстардың атқарылуы да жақсарды. Мемлекеттік бюджет шығыстары – 98,7%, республикалық бюджет шығыстары – 99,2%, жергілікті бюджеттер шығыстары – 98,4% болды.
«Бюджет тапшылығы іс жүзінде есепті кезең жоспарынан едәуір төмен. Ол мемлекеттік бюджет бойынша – 995 млрд теңге, республикалық бюджет бойынша – 1 трлн 127 млрд теңге болды. Ал жергілікті бюджеттер бойынша 20 млрд теңге сомасында профицит қалыптасты», деді Ә. Смайылов.
Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке түсетін кіріс 5 трлн 285 млрд теңге болып, есепті кезеңге арналған жоспар 100% орындалды.
Ә.Смайыловтың айтуынша, 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда өсім 771 млрд теңгені құрап, 17%-ға артты. Негізгі өсім қосылған құн салығы – 443 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы – 194 млрд теңгеге, халықаралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын салықтар – 105 млрд теңгеге көбейді.
«Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 74 млрд теңгеге асыра орындалып, 2 027 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кіріс 140 млрд теңгеге өсті. Кіріс жоспары Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда барлық өңірлерде асыра орындалды», деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2%-ды құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңге болды. Есепті кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді. Жергілікті деңгейде оның 97,3%-ы немесе 1 трлн 222 млрд теңгесі игерілді. Бюджет қаражатын игеру барысында туындайтын заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 779 аудиторлық іс-шара өткізілді.
Өңдеу өнеркәсібі өрледі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіп пен көлік саласының даму қорытындыларын баяндады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103,5%-ды, оның ішінде: тау-кен өнеркәсібі – 103,7%-ды, өңдеу өнеркәсібі – 103,3%-ды құрады. Тау-кен өндірісі секторында түсті металдар кен өндірісінің көлемі 2018 жылы пайдалануға енгізілген кәсіпорындар есебінен 18%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері темір кенін өндіру саласында оң динамика болып, тауарлық кен өндірісі 48%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3%-ды құрады. Соның ішінде түсті металлургияның өндіріс көлемі 7,3%-ға, машина жасау саласында – 18,8%-ға, фармацевтика өнеркәсібінде – 15,2%-ға өсті, жеңіл өнеркәсіптегі көрсеткіш 18,9%-ға өсті.
Көлік кешені бойынша Қазақстан арқылы контейнер тасымалдаудың жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға, құрылыс саласы бойынша 12,7%-ға артты. Тұрғын үй құрылысы бойынша 10 айдың қорытындысы бойынша 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, барлығы 84 580 баспана пайдалануға берілді.
Өндірілген ет 5,5% ұлғайды
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайды баяндады. Ол мал шаруашылығында ішкі жалпы өнім көлемі 3,9%-ға артқанын, оның ішінде ет өндірісі 5,5%-ға, сүт өндірісі 3,2%-ға өскенін атап өтті. Несиелендіру бағдарламаларының сәтті іске асырылуына байланысты осы жылдың 10 айында 78,9 мың бас ірі қара сатып алуға 806 шаруашылыққа несие берілгенін, өткен жылдың осы кезеңінде 39,1 мың бас сатып алуға 412 шаруашылыққа несие берілгенін айтты.
«Ырыс» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері жалпы саны 1 600 бас малға арналған үш өнеркәсіптік тауарлық сүт кешені, 712 басқа арналған 8 отбасылық тауарлық сүт фермасы іске қосылды, 15 мың басқа арналған үш бордақылау алаңы пайдалануға берілді.
Осы кезеңде тамақ өнімдерін өндіру 2,1%-ға, сусын өндіру 13,9%-ға өсті. Салаға 379,4 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37%-ға көп. Өсім «ҚазАгро» холдингінің кредиттік өнімдерін іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.
90 млрд теңгеге 5 531 бірлік ауылшаруашылық техникасы мен жабдықты лизингке алуға шарттар жасалды, бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 57%-ға көп.
Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің 19 түріне, атап айтқанда, сиыр мен қой еті, тірі жылқы, балық, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, жоңышқа, рапс күнжарасы, арпа, жүгері, бидай ұны, сүт өнімдері, жүн шикізаты, зығыр тұқымы, шошқа еті, азықтық бидай ұны бойынша Қытай нарығына шығуға рұқсат берілді. Сондай-ақ қой еті, сиыр еті, тірі ірі қара мал мен союға арналған ұсақ мал, тағамдық жұмыртқа өткізу үшін Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері, балық, майлы дақылдар мен азық тасылмалдау бойынша Еуропа одағы, тірі ірі қара мал және союға арналған ұсақ мал бойынша Сауд Арабиясы, сиыр және қой еті бойынша Бахрейн секілді жаңа өткізу нарықтары ашылды. Нәтижесінде 2019 жылдың 8 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімі экспортының көлемі 2 040,6 млн долларды құрады. Бұл 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп.
Жұмысты одан әрі ширату қажет
Отырысты Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан экономикасы тұрақты өсу үстінде.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында экономика өсімін қамтамасыз ету міндетін алға қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау шараларын қабылдауды тапсырды», деді А.Мамин. Ол өңірлер мен министрліктердің басшыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді орындау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ маңызды өнеркәсіптік көрсеткіштердің өсімін арттыруды тапсырды.
Үкімет басшысы Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жақсы нәтижесін атап өтті. Артта қалған әкімдіктерге проблемалық көрсеткіштер бойынша жағдайды ретке келтіру үшін түбегейлі шаралар қабылдаудың қажеттігі айтылды.
«Бюджет жөнінде өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жоспардың асыра орындалып жатқаны байқалады. Дегенмен, бюджеттік бағдарламалардың бірқатар әкімшісінде қаражаттың игерілмеуі көрініс берді. Өткізілмеген конкурстар, жосықсыз мердігерлер, қаржыландыру жоспарлары бойынша өзгерістер жөніндегі дәлелдер қабылданбайды. Істі түзетуге жыл соңына дейін бар болғаны бір жарым ай қалды», деді А.Мамин.
Премьер-Министр экономиканың сапалы әрі тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға барлық күш-жігерді жұмсау қажет екенін атап көрсетті.