Арада үш ғасыр өткеніне қарамастан, мән-маңызын жоя қоймаған бір ерекше жәдігер жайлы айтпақпыз.
Оның өзін кездейсоқ адамдардың жөн сілтеуімен таптық. Бір алқалы отырыста маскүнемдік мәселесі талқыланып, әңгіме ауаны «ақаңа» тойып алған жүргізушілердің жол жүрудегі жүгенсіз іс-әрекеттеріне ауысқанда жанымда отырғандардың бірі «шіркін, Петр біріншінің жазалау тәсілін қолданғанда мұндай бассыздықтар азаяр ма еді, бәлкім» деп қалды. Оның сөзіне журналистік әуестікпен құлақ түріп, елең ете қалдық. Кейін сұхбаттасымның айтуымен «жоғымызды» іздеп, облыстық полиция департаменті музейінің есігін аштық. Шынында да мұнда «Маскүнемдік үшін» медалінің көшірмесі сары майдай сақтаулы тұр екен. Оны омбылық әріптестер тарту етіпті. Петр біріншінің жарлығымен бұл марапат 1714 жылдан бастап қолданысқа еніпті. Сірә, ішкілікке әбден салынып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған жандардың адамгершілік ар-ұятын оятуға ойлап табылған әдіс тәрізді. Тек гвардиялық полкте қызмет еткендер болмаса қалған тұрғындарға ешқандай артықшылық жасалмаған. Мемлекеттік деңгейде тәртіп орнатуды көздеген бұл жазаға негізінен қарапайым тұрғындар тартылып, науқандық сипатпен шектелсе де өз тиімділігін көрсеткен.
«Медальдың салмағы сегіз килоға дейін тартып, ауырлығы жөнінен Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оны «тағып жүрудің» өзіндік ережелері мен тәртіптері белгіленген. Полицей учаскесіне әкелінген жазаға тартылушының мойнына шойыннан құйылған, шынжыр салпыншағы бар қарғыбау іспеттес «медаль» кигізіліп, кемі бір аптаға дейін асып жүруге тиіс болған. Тәртіпсіздік қайталанған жағдайда «марапаттың» мерзімі ұзартылып, ал салмағы ауырлай түскен. Қызылжар өңірінде бұл жазаның қолданылған-қолданылмағаны туралы дерек жоқ. Император дүниеден өткеннен кейін қолданыстан алынып тасталған», дейді музей қызметкерлері.
Негізгі қылмыстардың түп-төркіні маскүнемдікке келіп тірелетіні әмбеге аян. Жыл басынан бері облыста ішімдік салдарынан ғана 661 қылмыс тіркелген. Оның ішінде мас жүргізушілердің кесірінен 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам көз жұмған, 21 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Ақаңа ықылық ата тойған жаяу жүргіншілердің көлік астына түсіп, өмірмен қош айтысқан, зардап шеккен деректері де жоқ емес. Трассаларда ішіп алып, көлік жүргізген бір мыңнан астам жүргізуші ұсталып, 700-дейі сот шешімімен үш жылға дейін жүргізушілік куәлігінен айырылған. Қоғамдық орындарда 10 мыңға жуық солтүстікқазақстандық мас күйінде құрықталып, жауапқа тартылған. 174 маскүнем емдеу орындарына мәжбүрлікпен жіберілген.
Сау адамды ойландыратын мына фактілерге қарағанда, алқалы отырыста кездестірген кейіпкеріміздің маскүнемдікке қарсы ымырасыз күресті қатаңдату жөніндегі ұсыныс-пікірлері негізсіз емес тәрізді. Петр біріншінікіндей болмаса да осыған ұқсас жолдарын іздестіріп, тауып, тәжірибеге қолданып көрсе, індетті кесел азаяр ма еді?!.
Солтүстік Қазақстан облысы