Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Суретшілер одағының ұйымдастыруымен «Қазақстан суретшілерінің жылдық есептік көрмесі» ашылды.
Көрмеге отандық қылқалам шеберлерінің кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер туындылары (гобелен, киіз паннолар, шым ши, кушкон) қойылды. Республикалық көрмеге Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Петропавл, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Өскемен өңірінен 130 суретші қатысып отыр.
– ҚР Суретшілер одағы ҚР СО мүшелерінің соңғы 2-3 жылда орындаған жұмыстарының республикалық есептік көрмесін тұрақты түрде өткізіп келеді. Жұмыстарды іріктеуді жүргізген – үлкен шығармашылық стажы бар, қоғамда танылған тәжірибелі мамандардан құралған көрме комитеті болса, оны бекіткен – ҚО СО секретариаты. Осы көрме өтіп жатқан кезде ҚР СО барлық бөлімшелерінің төрағаларының қатысуымен ҚР СО Есептік пленумы өтеді. Осы экспозицияда Атырау облыстық, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл бөлімшелері өз жұмыстарын қояды. Түркістан облысының Шымкент бөлімшесі, Талдықорған облысы, Семей, Өскемен бөлімшелері бұрынырақ Алматы-Арена галереясында толық құрамда өз есептік көрмелерін өткізген болатын. Мұндай көрмелер пісуі жеткен мәселелерді шешу жолын анықтайды, суретшілерге, өнертанушыларға, мәдениеттанушыларға пікір алмасуға, шығармашылықтың толғақты проблемаларын шешу жолын анықтауға мүмкіндік жасайды, – дейді көрме жетекшісі Гүлнар Жұбаниязова.
Жұмыстарды іріктеу барысында көрме комитеті жұмыстардың мынадай принциптерге сәйкес келуіне назар аударды: кәсіби көркемдік деңгейі, идеялар мен пластикалық-образдық шешімдердің жаңашылдығы, тақырыптық мазмұнның өзектілігі. Қызықты композициялық шешімдер болса, құба-құп. Этюдтік және эскиздік, аяқталмаған жұмыстар қабылданбаған. Мамандар мұндай шығармалар – үлкен көрмелерге қойылуға тиіс емес шығармашылық жұмыс барысындағы құрамдас бөліктер екенін айтады.
Көрме көркемдік шығармашылықтың бүгінгі деңгейінен көрініс береді, авторлық стильдер мен тақырыптық артықшылықтардың алуандығын көрсетеді. Кескіндемелік композициялардың концептуалдық шешімдерінің шегі кеңейе түседі. Кескіндеме бұрынғысынша Қазақстан көркемсурет мектебінің бейнелеу өнеріндегі басты түр болып қала береді.
АЛМАТЫ