• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2019

Сипаты бөлек куәлік

387 рет
көрсетілді

Бірнеше күн бұрын «Отандастар» қорының бірінші вице-президенті Талғат Адуов шетелдерде тұратын барша қазаққа арнайы куәлік берілетінін айтты. Әлгі куәлікті алған адам Қазақстанда еліміздің азаматтарымен тең құқыққа ие болатын көрінеді. Тек саяси құқық қана берілмейтін болса керек.

Алайда, бұл бастама әзірге күшіне енген жоқ. Өйткені бұл бастама әзірге «Отандастар» қорының әлемдегі қазақ диаспорасын қолдауға бағытталған арнайы бағдарламасына енгізіліпті. Ал бағдарламаны қор өкілдері 2020 жылдың көктемінде мемлекет басшылығына таныстырмақ екен. Дегенмен осынау бас­та­маның қиыр жайлап, шет қонған қазақ баласы үшін үлкен медет екенін жасыруға болмас, сірә әрі шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауға бағытталған арнайы бағдарламаның әзірленіп жатуы Қа­зақстан билігінің қандастар мәселесіне ерекше назар аудара бастағанының көрінісі болса ке­рек. Тек осы тұста «қайтадан на­зар аударды» деп түзетіп қой­ғымыз келетіні де жасырын емес. Өйткені оның да өзіндік сыры бар.

Жалпы, Қазақстанның шетел­дер­дегі қазақ диаспорасын қол­дау саясаты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталды. Алғаш рет ресми түрде шетелдердегі бауыр­ларға қолдау білдіруге бағыт­талған бағдарлама 1996 жылы қабылданды. Сол жыл­дың 31 желтоқсанында Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің №3308 Жарлығымен «Қазақ­стан­ның шетелдердегі отандас­тарды қолдауының мемлекет­тік бағдарламасын» бекітті. 2005 жылдың 21 қарашасында Пре­зиденттің №1673 Жарлығымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бекітіліп, оның күші 2009 жылдың 18 маусымында жойылған болатын. Содан соң шетелдердегі қазақ диаспорасын қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленген емес. Тек 2018 жылдың мамыр айында Үкіметтің №280 қаулысымен елімізде «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген. Ал біз сөз басында атап өткен «Отандастар» қоры 2018 жылы құрылды. Қысқасы, қалай болғанда да қазақ диаспорасын ресми түрде қолдау мәселесінде біраз үзіліс болды. Біздің «қайтадан» деуіміздің сыры осы.

Бірақ осы үзілістен соң шетелдердегі диаспораларымызды қолдауға бағытталған ел саясатының сипаты стратегиялық та, тактикалық тұрғыдан да күрт өзгерген тәрізді. Өйткені 2018 жылы диаспораларды қолдаудың іс-шарасы бекітілсе, келер жылы арнайы бағдарлама қабылданатын болады әрі жаңа бағдарламада диаспораларымызды рухани-мәдени ғана емес, экономикалық тұрғыда да қолдауға айрықша назар аударылатын сыңайлы.

Яғни, еліміз шетелдердегі қазақ диаспорасын отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік бере­тін платформа ре­тін­­де де қарастыруға әзір тә­різ­ді. Сонымен қатар диас­пора­лар­дың мүддесін қорғау үшін дип­ломатиялық тетіктерді мейлінше кеңінен пайдалануды көздеп отыр-ау деген ой түйеміз. Этнос­тық көші-қонға қатысты көзқарас та, диаспора өкіл­дерін атажұртқа тартудың тәсілдері де өзге­ріп келе жатқанын байқағанбыз. Мәсе­лен, соңғы жылдары Қазақстан диаспора өкілдерін атажұртқа қоныс аударуға ашықтан-ашық шақырмағанымен, шетел қазақтарының ата­жұрт­қа молынан келуіне ықпал ететін ең тиім­ді тәсілге жүгіне бастады. Соңғы екі жыл­да отандық жоғары оқу орындарында шетел­де­гі қазақ балаларын молынан тарту үдерісі жүріп жатыр. Әрине мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес диаспора өкілдеріне берілетін білім грантының көлемін 4 пайызға дейін өсірудің нәтижесі екені анық. Алайда жастардың жоғары білім алуына кең мүмкіндік қарастыру этностық көші-қонның сипатын өзгертуге бағытталған қадам екенін мойындаймыз. Атамекенге оралған жас азаматтың басым көпшілігі осында қалады да, үйлі-баранды болады, өсіп-өнеді. Бір сөзбен айтқанда, шетел қазағының «төлін» алып қалу саясатына жүгіндік. Біздіңше дұрысы да осы болса керек.

Ал жаңадан шығатын «Қазақ куәлігі» көші-қоны үдерісіне де, диаспора­лары­мыз­дың ата­жұрт­пен байланысына да айрықша ықпал етуі мүмкін. Ең алдымен, елге келген соң қазақ екенін дәлелдеуге мәжбүр болатын бауырларымызға бұл куәлік орасан зор пайда тигізгелі тұр. Екіншіден, куәлік берілген соң оның мазмұны жайлы диаспора орналасқан елдердің тиісті құрылымдарына дипломатиялық каналдар арқылы құлаққағыс жасалып, бұл азаматтарды да іздейтін ел бар екенін білдіріп қоятын болармыз деп үміт етеміз. Бұл өз кезегінде «күлшелі баланың» кейпіндегі Қазақстанмен қарым-қатынасты бұзбау үшін диас­пораларымыз орналасқан мем­ле­кеттердің билігін бауыр­­ларымызға қатысты ұста­нымдарында «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» мәжбүр етуі ғажап емес. Үшіншіден, куәлік Қазақстанның да өзі мүмкіндігінше шетелдердегі қазақ диаспорасын қолдауға ашық көшкенін байқатады. Сондай-ақ «қазақ әлемін» қалыптастыруға септігін тигізетін қадам болса керек.

Әрине біз ешбір елдің ішкі ісіне қол сұқпаймыз, қазақ болса да диаспора өкілдері шетел азаматы. Дегенмен диаспораларды атажұрттың мүддесіне пайдалану жаһанда баяғыдан бар тәсіл. ХХІ ғасырда оның сипаты тіптен өзгерді. Әрі өршіп те келе жатқан тәрізді. Мәселен, теріскейдегі көршінің «орыс әлемі» бар. Түрік бауырлар Еуропадағы қандастарын саяси мүдде үшін де пайдаланып қалудан тартынбайды. Армян, еврей лоббиі тіпті державалардың сыртқы саясатына да әсер етіп жататынын көріп жүрміз. Германияның алмандар үшін барын беруге даяр екені де байқалып қалады. Қытай елінің жаһандағы сhinatown-дармен өте тығыз байланысы бар екенін естиміз. Тіпті көрші отырған өзбек ағайынның да өз кіндігінен өрбіген алпауыт бизнесмендерін ұлт мүддесіне қызмет еткізе білгенін көрдік. Мәскеуді мекен қылған миллиардер Әлішер Усмановтың қышлақтарды көркейту үшін 50 млн долларды Ташкентке жөнелткенін естігенбіз. Бұл мысалдардың бәрі этностық тегін ұмыттырмаудың ұтымды тұстарын көрсетеді. Біз де бұл үрдістен қалыс қалғымыз келмейді. «Қазақ куәлігі» де осындай қызмет атқарса дейміз. Күндердің күнінде шетелдегі диаспораларымыздан да миллиардерлер шығып, атажұртының көркеюі үшін қаржы құйып жата ма, кім білсін?!