Азаматтардың әлеуметтік қамтылуын, мемлекеттің тұрақты экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды жүйесі – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын кең ауқымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру мен бюджет саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік аудиттің рөлі жоғары.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 2 мамырдағы №67 Жарлығымен өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы Жарлығымен Тексеру комиссиясы құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – жергілікті бюджеттердің атқарылуын, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден тұратын комиссия төрағасы мен мүшелері облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы 5 жыл мерзімге тағайындалады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 93-қадамында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау тапсырылып, осыған сәйкес 2015 жылы 12 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заң қабылданды.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру. Заңның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін қызметшілерде міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болу шарт. Яғни мемлекеттік аудитке толықтай көшірілді. Бастапқы кезеңде өңірлердегі аудит жөніндегі мемлекеттік органдарда кадр тапшылығы, оның ішінде мемлекеттік аудитор сертификаты бар мамандар жетіспеушілігі байқалды. Бұл бағытта жергілікті жерде мамандар тапшылығының мәселесін шешу мақсатында Тексеру комиссиясы жүйелі негізде мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыруды және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жандандырып келеді. Қазіргі таңда Атырау облысында мемлекеттік аудитор сертификатын талап ететін 7 мемлекеттік әкімшілік лауазымды орны бос тұр. Осы орайда, жергілікті жерде мамандар тапшылығын болдырмау мақсатында «Қаржылық академия» АҚ-пен мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларына сәйкес Атырау өңірінде оқыту ұйымдастырылды. Қазір қажет пәндер бойынша оқуын аяқтаған қаржы саласының 15 үміткері Ұлттық комиссияның әңгімелесу кезеңіне баруға дайын.
Есеп комитетінің қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталығынан тиісті пәндер бойынша оқуын аяқтаған Тексеру комиссиясының бірнеше қызметкері міндеттелген пәндер бойынша оң нәтиже алып, Ұлттық комиссияның әңгімелесу кезеңіне құжаттары ұсынылды. Бір қызметкер қыркүйек айында әңгімелесуден өтіп, мемлекеттік аудитор сертификатын иеленді. Бұдан бөлек, Тексеру комиссиясы салалық мемлекеттік орган ретінде бастама көтеріп, жергілікті жерде маман тапшылығын шешу мақсатында облыс әкімдігіне жас мамандарды оқытып, даярлауға ұсыныс берді. Облыс көлемінде мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік грант жөнінде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Облыс әкімдігі комиссиясының шешіміне сәйкес, 2019-2020 оқу жылында жергілікті бюджеттен бөлінген білім беру гранттары арқылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті күндізгі оқу нысанындағы «Аудит және салық салу» факультетінің «Мемлекеттік аудитор» мамандығы бойынша Атырау облысының 13 мектеп түлегі оқуға қабылданды. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарында жатақханаға мұқтаждар санының жоғарылығына қарамастан Тексеру комиссиясының сұранысына сәйкес, университет ректорының қолдауымен жаңадан қабылданған студенттерге жатақхана мәселесі толығымен шешіліп, 12 студент жатақханаға орналастырылды. Ең бастысы, жергілікті бюджеттен берілген білім беру гранттарының негізгі ерекшелігі – облыстық білім беру басқармасымен жасақталған келісімшартқа сәйкес студенттер оқуын аяқтағаннан кейін белгілі бір мерзімде жергілікте жерде осы алған мамандығына сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі. Осы орайда, тиісті оқу жылдарында жергілікті бюджеттен берілген білім беру гранттары бойынша оқуын аяқтаған студенттерге жұмысқа орналасу мәселесін шешу механизмі қарастырылуда. Сонымен қатар Есеп комитеті тарапынан кадрларды ынталандыру және әлеуметтік жағдайлар жасау мақсатында халықаралық жоғары санатты мемлекеттік аудитор сертификаты бар қызметкерлердің еңбекақысын жоғарылату мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Тексеру комиссиясының екі қызметкерінде халықаралық сертификат бар. Келер жылы да мамандарды оқытуға қаражат қарастырылуда. Бұл алдымен мемлекеттік аудиторлардың еңбекақылары жоғары жеке сектордағы аудиторлық компанияларға жұмысқа ауысып кетпеуіне және халықаралық сертификаттау бойынша біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету үшін қажет.
Руслан БЕКТЕМІР,
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы