Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған тұңғыш Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап көрсетті.
Жолдауда билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы, жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолданудың да маңыздылығына назар аударылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына ұсынып отырған тұжырымдамасының қоғамның өркениетті дамуы үшін тарихи, саяси маңызы бар бастама екенін атап өткен жөн. Сондықтан оны жан-жақты түсіндіру бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін билік болмысына ақпараттық-саяси насихат тұрғысынан емес, концептуалдық деңгей тұрғысынан қарағанның маңызы зор.
Билік феномені әр тектілі, әр сипатты, сан қырлы. Біз биліктің коммуникативтік сипатына, оның өз халқымен диалогқа түсе алатын қабілетіне назар аударғанды жөн санадық. Бүгінде биліктің коммуникативтік қабілетін жетілдіру маңызды іс болып отыр. Өмір көрсетіп отырғандай, билік әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді шешуде әлі де болса икемсіз. Шиеленістерді дер кезінде шешуде тәжірибе, білім және нәтижелі іс-қимылдар жетіспейді. Жергілікті жердегі билік өкілдері қалыптасып қалған стереотиптерден, таптаурын болған мінез-құлықтық үлгілерінен арылар емес. Мұндай жағдайда билік дәстүрлі қалыптасқан әкімшілдік ресурстарын қолдануды қалап тұратыны белгілі. Нәтижесінде, әлеуметтік коммуникация бір бағытта, яғни жоғарыдан төмен қарай дамуда. Басқарудың әкімшіл-әміршіл стилі басыңқылық жағдайында қалуда. Мұндай коммуникацияның мазмұны қашанда сыңаржақты және бағыты қашанда орталықтандырылған билікке тәуелді болады. Мұндай сипаттағы коммуникацияның тиімсіз екендігін өмір дәлелдеп отыр.
Президент Қ.Тоқаевтың ұсынып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қоғам мәселелерін шешуде халықтың белсенділігі мен жауапкершілігіне де ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, әңгіме азаматтық қоғам институттарының жұмыстарын жандандыра отырып, қоғам мен билік арасындағы әлеуметтік коммуникацияларды институционалдық деңгейге көтерудің маңыздылығы туралы болып отыр. Мұндай әлеуметтік коммуникацияны әртараптандыру, оларды қоғамның әрбір саласы бойынша дамыту уақытты қажет ететін және ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоба десек артық айтпаған болармыз. Бұл жобаның басты мақсаты – қоғаммен тиімді диалог орнату, қордаланған мәселелерді дұрыс және дер кезінде шеше отырып, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ету және тәуелсіздікті нығайту екені сөзсіз. Аталған мәселелердің маңыздылығы, әсіресе жаһандану жағдайындағы ақпараттық және цифрлы технология сапалы тұрғыдан өзгерген сайын арта түседі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» феноменінің ішкі болмысы осындай.
Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда аталған мәселелер тек мемлекеттік басқарудың тиімділік деңгейін көрсететін индикаторлар ғана емес, сонымен бірге ол биліктің жаңа социум жағдайындағы жаңа бағытын, жаңа болмысын көрсететін белгілер екенін де білгеніміз дұрыс. Осы бағытта жасалып жатқан биліктің нақты қадамдары көңілге сенім ұялататынын айта кеткен жөн. Мәселен, жер мәселесіне байланысты айтылған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың нақты ұстанымы, қазақ тілін латын графикасына көшірудегі орын алған олқылықтарды түзетуге байланысты ойлары, «үш тілділіктегі» қазақ тілінің бірінші тұруы және оны ұлтаралық тілге айналдыру мәселесі, ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, әлеуметтік саясатты дұрыс жүзеге асыруға байланысты қойылған нақты талаптар қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, билікке деген сенімді арттырып отыр. Сөз бен істің бірлігін нығайтатын нақты қадамдарға, еліміздегі аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекті, тұрмысы төмен отбасылардың несиесін кешіру акциясын, шағын бизнесті үш жылға салықтан босату, т.б. нақты қадамдарды жатқызуға болады.
Саясатта импульсивтік қимылдардың арты қиын болатыны белгілі. Онда күшке иек арту тереңдіктің белгісі болмаса керек. Мұндай жағдайда қайтарым жауаптың да болары сөзсіз. Оның үстіне ғылыми тұрғыдан жан-жақты сараптамадан өтпей дайындалған кейбір тиімсіз жобаларды жүзеге асыруда радикалдық танытудың нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан өткен күндердің жетістігін жүйелі түрде сыни тұрғыдан бағалай отырып, соның негізінде алға жылжу тереңнен ойластырылған қадам екені сөзсіз.
Сабақтастық өткенді толық қайталау емес екені белгілі. Өткеннің қажет элементтерін сақтап, дамыта отырып, қоғам дамуының жаңа сатысын қамтамасыз ету қазіргі заман талабы. Олай болса, қоғамның эволюциялық жолмен алға жылжуы сабақтастық негізінде ғана жүруі мүмкін. Басқаша айтқанда, жаңа қоғамдық қатынастарды орнықтыру өткен жетістіктерді жоққа шығару немесе қирату арқылы емес, керісінше сол жеткен жетістіктер негізінде ғана жаңа қатынастар пайда болатынын көре білу стратегиялық ойлаудың көрінісі деп түсінген дұрыс. Кейбір «әсіре белсенділер» радикалды әдістерді жаңғыру мен өзгерудің көзі ретінде қарастыруы сыңаржақтылық екенін түсінуі керек. Мұндай ұстанымдар біздің қоғам үшін өте тиімсіз және зардабы ауыр. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның болашағы – эволюциялық жаңаруда. Президент Қ.Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділеттілік. Прогресс» саяси тұғырнамасының негізінде осындай конструктивтік сипаттағы идеялар жатқанын бұқараға түсіндіре білу өте қажет.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» парадигмасын жүзеге асыруда биліктің алқалылық қағидасын ұстанғаны өте маңызды. Бүгінгі биліктің күші осы алқалылықта. Осыны дұрыс түсінген Мемлекет басшысы қоғам белсенділерін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне тарта отырып, әртүрлі алуан пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, қоғамның өзекті мәселелеріне жүйелі түрде назар аударып отыр.
Ұлттық сенім кеңесінің мәртебесі туралы әртүрлі, тіпті қарама-қарсы пікірлердің бар екені белгілі. Біздіңше, басты мәселе онда емес. Ең бастысы, қоғамдық санада қатып қалған стереотиптер мен догматикалық сипаттағы көзқарастарды қайта қарай отырып, әлеуметтік-экономикалық, саяси қайшылықтарды шешудің бүгінгі заман ағымына сай тың жолдарын іздестіруде жатыр. Сонымен бірге, қоғамдағы радикалдық сипаттағы ой-пікірлер мен ұстанымдарға жасампаздық тұрғысынан бағыт беруге де назар аударылып отырғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, қоғамда қордаланып қалған саяси-экономикалық, экологиялық, мәдени мәселелерді шешудегі өркениетті ұстанымның салтанат құруы өте маңызды. Себебі ұсынылған шешімдердің тоғысар жері ол – ел тәуелсіздігі, бірлігі мен тұтастығы, үнемі дамуы, алға жылжуы. Бұл құндылықтар бәрімізге ортақ. Қандай көзқарастық ұстанымдар тұрғысынан ой айтылса да осы аталған құндылықтарды баянды ету баршамыздың абыройлы міндетіміз.
Президент Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында қоғамның саяси жүйесінде көптеген өзгеріс болатынын айтқан болатын. Қоғамда экономикалық қатынастар өзгеріп, қоғамдық сана жаңғырып, рухани құндылықтар жүйесі ауысып жатқанда саяси жүйенің өзгермей қалуы мүмкін емес. Өтпелі кезеңнің басты қайшылықтар көзі де осында. Нақты айтар болсақ, ол – билік басындағы саяси күштердің қалыптасқан саяси тұрақтылықты ұстап тұруға ұмтылысы мен саяси жүйені демократиялық жаңғырту талаптарына, қажеттеріне сай өзгертуге ұмтылған күштер арасында болып отыр. Аталған қайшылықтарға қарамастан билік саяси жүйені саналы түрде өзгертуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға, саяси плюрализмді дамытуға нық қадам жасауда. Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» идеясы да қоғамның объективтік даму үрдісіне берген жүйелі ойластырылған жауабы. Негізінде бұл идея Қазақстан жағдайында қалыптасып отырған саяси жүйеге тың серпін әкелері сөзсіз. Әсіресе «азаматтық қоғам – саяси партиялар – мемлекеттік билік» үшеуінің өзара байланысын демократиялық құндылықтар негізінде қайта қарауға, олардың қарым-қатынасын құқықтық негізде тереңдете дамуға жол ашады. Әзірге, қалыптасқан әлеуметтік тәжірибеде, бұл үшеудің басты қозғаушы және бағыттаушы күші – мемлекеттік билік болып қалуда. Керек десеңіз, билік оларға өзінің үстемдігін жүргізіп те отыр. Осы жағдайда саяси партиялар мен азаматтық қоғамның институттары қажет деңгейде қоғамның еркі мен талабын билік күшіне айналдыра алмай отырғаны да белгілі. Нәтижесінде, мемлекеттік саясатқа ықпал етуі де әлсіз, өздерін қоғамның «өгей балалары» ретінде сезінуі басым. Бойлары мен іс-қимылдарында табиғилықтан бұрын жасандылық бетке ұрып тұр. Сондықтан саяси жүйені демократиялық сипатта жаңғырту, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарын дамытуға жаңа серпін беріп, олардың саяси белсенділігі мен бәсекелестігіне ықпал ету, Қазақстан қоғамы үшін маңызды саяси қадамдардың бірі болмақшы. Бұл жолда маңызды қадамдардың бірі «Сайлау туралы» Заңға толықтыру мен өзгерістер енгізу. Өз кезегінде мұндай қадам, саясатқа жаңа ойлар мен жаңа саяси элитаның келуіне мүмкіндік туғызады және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыруға тың серпін береді.
Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыруда ерекше назар аударатын мәселе, ол биліктің мәдениеттілігі, моральдық ұстанымдары. Олардың басты ұстанымдары ретінде адал еңбек, таза ниет болуы тиіс. Мемлекетшілдік пен отансүйгіштік олардың іс-қимылының негізінде жатуы керек. Билік басындағы тұлға үшін ең басты құндылық байлық, ақша емес, керісінше адалдық, әділеттілік болуы тиіс. Бір өкініштісі, билікті баюдың көзі деп қарайтындар саны азаймай отырғаны ойландырады. Қысқасы, мемлекеттік қызметкер билікке пайда табу үшін емес, халқына қызмет істеу үшін келгенін, биліктің жауапкершілігі жоғары екенін ішкі жан дүниесімен терең сезінгені абзал. Бұл аталған моральдық-этикалық ұстанымдар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының моральдық негіздері десе де болады. Мемлекет моральдық құндылықтарды өз шешімдерінде басшылыққа алған жағдайда ғана биліктің халыққа деген сенімі артады, әділеттілікке сенеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жұзеге асыру барысында биліктің даңғазалықтан, әсірешілдіктен, маңдайтерсіз алынған наградалар мен марапаттаулардан бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Бұл мәселеге Президент Қ.Тоқаев баса назар аударған болатын. Сондықтан биліктің қарапайымдылығы халықпен дұрыс коммуникация жасаудағы басты талаптардың бірі болмақшы.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыру құқықтық, заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі өте маңызды. Қ.Тоқаевтың құқықтық қорғау саласына, әсіресе сот шешімдерінің сапасын арттыру, дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы екендігі, құқықтық теңсіздікті болдырмау үшін әкімшілік әділет құрылымын енгізуге ерекше назар аударуы маңызды қадам деп есептейміз.
Бір сөзбен айтқанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», яғни, «халықшыл мемлекет» идеясын жүзеге асыру сөзден іске кірісуді талап етеді. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы жасап жатқан қадамдары қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғаны болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор