Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр стансасы маңында «Әулиелер ордасы» атты көне қорым бар. Жергілікті жұрт оны «Тоғыз әулие зираты» деп атайды. Өйткені бұл жерге Арқа өңіріне белгілі халқымыздың діни-рухани ағартушылары жерленген.
Өткен жылы аталмыш нысанды еліміздегі қасиетті мекендер тізіміне қосу үшін Ақмола облысы мәдениет басқармасы экспедиция ұйымдастырып, зерттеу жүргізіпті. Осындағы ғылыми тұжырымдамада: «Тоғыз әулие» зиратына отызға жуық адам жерленген. Барлығы дерлік діни ағартушылар мен аймаққа беделді дін күткен қажылар. Бұл жерге – Ақмола округінің аға сұлтаны Жайықбайдың Ыбырайы және Жанбатыр хазірет, Құтан хазірет, Аллажар хазірет, Жантас хазірет, Әлтә хазірет, Мұса хазірет, Шернияз қари, Нұртаза хазірет, Сәдуақас хазірет, Көпей хазірет, Бақберген хазірет, Жақып молда және басқалар жерленген» делініпті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғарыдағы хазіреттер заманында өмір сүрген діни ағартушы-ғалымдардан қалған жазба мұралардың тұсауы кесілді. «Әулиелер ордасы» деген атпен жарық көрген бұл кітапқа: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Аббас Омарұлы, Батырқожа Басарұлы, Садық Теңізұлы, Сұлтан Еділбайұлы, Мұқаш Түктібайұлы, Құтан Әлібекұлы, Аллажар Бекенұлы, Жанбатыр Жақыпұлы, Мұса Шонаұлы, Бекберген Тілеуімбетұлы, Баймұхаммет Құлыбекұлы, Айдөке Жанқұлұлы, Баттал Жүсіпұлы, Шерияздан Ниязмұхамедұлы, Нұртаза Құдайбергенұлы, Баһауддин Айдаболұлы, Әлмұхамед Толқынбайұлы, Қосмұхамет Кенжекейұлы қатарлы адамдардың қаламынан туған – хаят, хәдис, қосарлы бәйітмысал жырлары енгізіліпті.
Жиналған көпшілікке тұсаукесер шараның маңызы жайлы хабардар еткен алаштанушы-академик, жоғарыдығы хазіреттер қазынасын оқырманға ұсынушылардың бірі Дихан Қамзабекұлы, қазіргі өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда руханият ұлыларын ұлықтап, болашақ ұрпақ үшін сабақтастықты сақтау – көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматтың басты парызы екенін айтып, мұндай іске серпін беріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектері деген пайым жасады.
Әрине, халқымыздың рухани ұйытқысы болған дегдар тұлғалар еңбегін насихаттау, жарыққа шығару, өскелең ұрпаққа дәріптеу – ұрпақтың асыл мұраты. Бұл – келешекке діни-рухани бағдар беру үшін де маңызды қадам. Кітапқа жазбасы енген адамдардың (Мәшһүр Жүсіптен басқа) барлығы дерлік «Әулиелер ордасы» орналасқан өңірде өмір сүрген қажы-хазіреттер, сөз ұстаған көсем молдалар екен.
Кітапты жинақтаушылардың бірі дінтанушы Кеңшілік Тиышханұлының айтуына қарағанда, бізде ғұламаны тану мен табудың, бағалау мен бағамдаудың, түсіну мен түйсінудің, ардақтау мен асқақтатудың өзіндік жөн-жобасы болған. Бұл туынды соны еске салады. Біз қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жер мен киелі орындарға мән бере бастадық. Бұл туындыға жазбасы топтастырылып отырған тұлғалар өз заманында рух азаттығы мен руханият жауапкершілігі үшін күрескен адамдар. Нақтырақ айтқанда «Әулиелер ордасы» қорымында байыз тапқан Жақып молданың айналасында өмір сүрген діндарлар екен.
Яғни, «Әулиелер ордасы» өз дәуірінде қазіреттер қазынасының қайнары болған көрінеді. Осы қайнардан нәр алған адамдар ислам құндылықтары мен дәстүрді терең білген. Соның арқасында жұртты жақсылыққа үндейтін, берекеге шақыратын жырлар жазып қалдырған. Өкінішке қарай, бұл жазбалар бізге толық жетпеген. Қуғын-сүргін жылдары тәркіленген, жойылған.
Дегенмен нәубет жылдарының өзінде көзі ашық, көкірегі ояу, хат танитын Зияш Алдабергенұлы, Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы қатарлы адамдар елдің қолында қалған бірлі-жарым қазынаны көшіріп алып, сақтаған. Осы адамдардың жанкешті еңбегінің арқасында бұл мұра бізге жетіп отыр.
Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы болса атақты Шонтыбай хазіреттің жиені. Ал Шонтыбай қажы жайлы білімдар-ғұлама атамыз Мәшһүр Жүсіп «Құтб-заман Шонтыбай хазірет» атты дастан жазған. Құнды жазбаларды жеткізген екінші тұлға – Зияш Алдабергенов кезінде Уфадағы «Ғалия» медіресесінде білім алған, ел арасында «Зияш молда» атанған қадірлі жан екен. Осы Зияш атамыз 1924 жылы Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен бүгінде 100 жылдық мерекесін тойлағалы отырған «Егеменнің» ежелгі атауы «Еңбекшіл қазақ» газетінде қызмет атқарыпты.
Табылған қолжазбаларды саралап, кейбір арабша мәтіндерге түсініктеме берген дінтанушы маман Марат Смағұлов: «Бұл жинаққа енген материалдардың мазмұнына және мәтініне қарасаңыз, әртүрлі қолдан шыққанын аңғарасыз. Біріншіден, бұл – дерегі аз дәуірдің мәлімет жүгін арқалаған қолжазба кітабы, нақтырақ айтсақ, қазақ «самиздаты». Екіншіден, қолжазба дәптердегі материалдардың авторы көрсетілген. Бірақ мұны осы мұраның жанкүйерлері хазіреттердің өз аузынан жазып алды ма, кейінірек хатқа түсірді ме – ол жағы да терең зерттеуді қажет етеді. Үшіншіден, біз бүгін осы қолжазбаларды бізге жеткізген Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы мен Зияш Алдабергенұлының еңбегін жан-жақты байыптап, баға бергеніміз жөн» дейді.