Танымал өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевке даңқты боксшы, АҚШ-тағы әйгілі Golden Boy промоутерлік компаниясының қожайыны Оскар де ла Хояның көзі түсіп, күні кеше қос тарап келісімшартқа қол қойды.
Өзбекстаның 24 жастағы өренінің есімі қазақстандық жанкүйерлерге де жақсы таныс. Ол түрлі жарыстарда біздің Жәнібек Әлімханұлы, Ерік Әлжанов, Бекзат Нұрдәулетовтермен жұдырықтасып, барлығынан да басым түскен болатын.
75 және 81 кило салмақ дәрежелерінде күш сынасқан Бектемир Меликузиев 2015 және 2017 жылдары Азия чемпионы атанды. Дәл сол жылдары Доха мен Гамбургте өткен әлем біріншіліктерінде жүлдегерлер санатынан көрінді. 2016 жылы Рио Олимпиадасының ақтық сынына дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста кубалық Арлен Лопеске есе жіберді. Нәтижесінде күміс медальді иеленді.
Үстіміздегі жылдың 13 маусымында кәсіпқой ринге шығып, тұсаукесер кездесуінде аргентиналық Мартин Фидель Риосты алтыншы раундта айқын басымдықпен ұтты. Одан кейін мексикалық Рикардо Адриан Луна мен америкалық Клей Коллардты да ұрып жықты.