• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қараша, 2019

Күмәні көп «Көкжайлау»

785 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту туралы кеңесте көптен бері қоғамда қызу пікірталас тудырып келген «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу тақырыбына нүкте қойған еді. Президент өз сөзінде: «Осы мәселені қайта-қайта қозғай бермес үшін мен бұл жобамен айналысуға түбегейлі тыйым саламын. Оның үстіне бұл жобаға барлық кәсіби экологтар қарсы болып отыр» деген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көк­жайлау» шатқалында тау шаңғысы курортын салуға ты­йым салу жөніндегі шешімі БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.

БҰҰ Бас хатшысының орын­басары Ольга Алгаерова Қазақ­стан Президентіне жолдаған хатында халықаралық қауымдастық Қа­зақ­стан Президентінің бұл шешімін қолдағанын жеткізді. Хатта «Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау ке­зінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақ­ты түсіндіру қажет» деген сөзі­ңіз ма­ған ерекше әсер етті. Бұл тұжы­рым Қа­зақ­станның ашық және өз аза­­мат­тарының белсенді рөліне не­гіз­дел­ген ше­шімдер қабылдау ұс­танымын ілге­рі­летуге бейілділігін та­нытады» деп көр­сетілген.

Иә, бұған дейін қаншама қо­ғам белсенділері мен табиғат жанашырлары дәл қазіргі жағ­дайда «Көкжайлау» тау шаңғысы ку­рортының Алматы үшін аса қажеттілігі жоғын айтып дабыл қаққан-ды. Экологтар жобада көрсетілген жасанды су бассейндері арқылы қар жау­дыру еш қисынға келмейді десе, экономистер мұның қала бюджеті үшін қып-қызыл шығын екенін айтып шыр-пыр болды. Қалай айтқанда да әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы баяндау­лар жобаны қолдағандардан гөрі көңілі толмағандардың басым бол­ғанын байқатты. Көңілге кү­мән ұялатқан тақырыптың түйінін Президенттің өз аузынан естіген еріктілер тобы «бұл әділетті шешім болды» десіп жатты.

Сонымен «Көкжайлау» тау шаң­ғысы курортын салу ісінде маман­дарды не мазалады? Қоғам бел­сендісі Асхат Асылбековтің пі­кі­рін­ше, жоба қазіргі уақытта қала үшін экономикалық тұрғы­дан тиімсіз.

– Алматы маңында қазір алты бірдей тау шаңғысы курорты бар дейтін болсақ, соның бір­нешеуі бүгінде қыл үстінде тұр. Яғни банкрот болуға жа­қын. Оған себеп, мұнда келу­ші­лер­дің саны белгіленген меже­нің небәрі 25-30 пайызынан ас­пайды. Оның өзінде сенбі және жексенбі күндері. Мұның мау­сымдық кәсіп екенін ескерсек жағдай тіпті мүшкіл. Оған нақты екі себеп бар. Алғашқысы, елімізде демалыстың бұл түріне әуестенетіндердің саны аз болса, негізгісі ондағы қызмет көрсету құны қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Бұл айтылып та, жазылып та жүрген мәселе.

Мұндай жағдайда қала маңынан жетінші тау шаңғысы кешенін салудың қаншалықты қажеті бар? Егер тау туризмі саласының тынысын ашу үшін десек, қалған демалыс орындары да турист қабылдауға қауқарлы. Бұл ретте ең алдымен қызмет көрсету сапасын жақсартып, туристік әлеуетімізді арттыратын бірқатар мәселенің түйінін тарқатып алғанымыз абзал. «Көкжайлау» жобасының құны бастапқыда 750 млн доллар деп көрсетілсе, кейіннен түр­лі пікірлер ескеріліп, 250 млн дол­ларға шегерілді. Бәрібір бұл оңай ақша емес. Егер жеке инвесторлар есебінен салынса, құба-құп. Оған қуанбасақ, налымаймыз. Ал жергілікті бюджетке бұл үл­кен шығын. Салынған күннің өзін­де кешеннің өзін ақтау-ақ­тамауы екі­талай. Бұдан бөлек орын таң­дау мәселесінде «Архит кон­вен­циясының» кейбір талаптары­на сай келмейтін тұстар бар. «Көк­жайлау» курорты салынады деген аумақта қар қалың жаумайды.

Сондықтан жобада жасанды су бассейндері арқылы бу шығарып жасанды жолмен қар жаудыру көзделді. Егер қажет болса, Алматы маңында табиғаты тау шаңғы курортын салуға сұранып-ақ тұрған басқа да небір керемет аумақтар бар. Президенттің Көкжайлау жобасына тыйым салғанын экологтар мен белсенділер, жалпы қала халқы жаппай қолдап отыр. Мұны жоғарыда аталған кемшіліктер ескеріліп, қоғам пікірімен санаса жасалған оң шешім деп есептеймін, – дейді Асхат Асылбеков.

 Президент Көкжайлау жобасына нүкте қоймай тұрып өткен соңғы қоғамдық тыңдауда жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы құжатқа сәйкес табиғатқа келтірілген зиянның орны 10-20 жылдан кейін ғана қалпына келеді деп көрсетілген. Бағалау сараптамасын әзірлеген «Қазэкология» компаниясының өкілдері шатқал табиғатына, әсіресе құрылыс жұмыстары кезінде көп зиян келуі мүмкін екенін айтқан.

 География ғылымдарының кандидаты Николай Попов: «Жайылған мал тұяғы таптап тастаған Көкжайлау шатқалы өрттен, туристерден онсыз да көп зиян шеккен. Ал шаңғы жолын салу үшін кесілетін 5 мың ағаштың 90 пайызы – жасанды көшеттер, оның орнына 50 мың ағаш егіледі» деген болатын.

Курорт жобасын сынға алған Борис Степанов болса: «Өткен жылдар мен ғасырлардың деректеріне қарағанда, тау шаңғысы курортын салу жобаланған аймақтағы өзен алқабында мамандар көрсеткеннен көп тасқын болған. Кіші және Үлкен Алматы өзендері бастау алатын тұстағы жерасты және жерүсті көлдерінен келетін қауіп ескерілмеген. Таудан құлаған су тасқыны курортқа баратын көліктерді басып қалуы мүмкін», деп жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалаған құжатта сел-тасқын, көшкін түсу қауіптері дұрыс есептелмегенін алға тартқан еді.

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салуға тыйым салу жөніндегі шешімі БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. БҰҰ-ы Бас хатшысының орынбасары Ольга Алгаерова Қазақстан Президентіне жолдаған хатында халықаралық қауымдастық Қазақстан Президентінің бұл шешімін қолдағанын жеткізді. Хатта «Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін танытады» деп көрсетілген.

 Еске салсақ, «Медеу» мұз айдынынан төрт шақырым қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Бұған дейін Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды қадам екенін алға тартып келді. Алайда Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес бірдей іс қаралып, прокуратураға жиырмадан астам арыз-шағым түскен.

 Еске сала кетейік, ел Президенті қазан айының соңында өткен Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста бұрын заңсыз берілген жерлерді Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтару қажеттігін баса айтып, ағаштар мен алма бақтарын заңсыз отағандарға қатаң бақылау орнатуды міндеттеген еді.

 

АЛМАТЫ