Жылдар бойы жинаған машығын өз кәсібін көркейтуге ғана жұмсамай, өзгенің нәсібін молайтуға бағыштаған ізгі де іскер жандар мен қоғамдық ұйымдар қашанда биік құрметке лайық. Биыл тұңғыш рет томағасын сыпырған «Ózgerіs ustasy» республикалық сыйлығы осы мақсатты мұрат тұтқан еңбеккерлерді қанаттандыра түскен айрықша жоба деп айта аламыз.
Кәсіпкерлікті дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін Алматы төрінде марапатталған бір топ кәсіп иелері – қоғамдағы түрлі түйткілдің түйінін тарқатып, әлеуметтік кәсіпкерліктің сан саласында айналасына шуағын шашқан жігерлі жандар. Білім беру, экология және осал топтармен жұмыс істеу салаларында үздік үлгі танытқандар 500 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Бірінші кезеңде финалистерді үкіметтік емес ұйымдардан түскен өтінімдер негізінде отандық және шетелдік эксперттік ұйымдар өкілдерінен құралған арнаулы комиссия таңдаған еді. Ал олардың арасынан жүзден жүйрік шыққандарды онлайн дауыс беру арқылы ел тұрғындары анықтаған болатын.
Сонымен «Ózgerіs ustasy» республикалық сыйлығында Salem Social Village ұжымы, «КОМУНИТИПЛЮС» мәдениет, әлеумет және білім беруді дамыту қоры», «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры әлеуметтік кәсіпкерліктің білім саласындағы үздік үлгісі номинациясында жеңімпаз деп танылды. Ал әлеуметтік осал топтарды қолдау саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі аталымында «Ерекше өмір» мүгедек балаларды ақпараттық-үйлестіру ресурстық қолдау орталығы», «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Ski Park Pioneer» ЖШС, Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қор, «JARQYN BOLASHAQ» жастар қоғамдық қоры, «Страна мастеров» мүгедектердің қоғамдық қоры, «Мөлдіркөз» қоғамдық бірлестігі, «Психоаналитическая ассоциация» қоғамдық бірлестігі, «Федерация пауэрлифтинга и жима лежа Мангистауской области» қоғамдық бірлестігі жүзден жүйрік атанды.
«Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Жайық-Каспий Орхусс орталығы» корпоративтік қоры, EcoWasteAktau ұжымы тұңғыш рет табысталып отырған «Ózgerіs ustasy» сыйлығының экология саласында көш бастады.
Сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бойынша корпоративті сектордың үздік бастамасы номинациясында Chevron компаниясы, «Үздік мемлекеттік шара» аталымында Самұрық-Қазына Траст, Халықаралық институттың үздік бастамашысы ретінде Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігі дара шықты.
Жеңімпаз деп танылғандар бизнес пен қоғам арасында диалог орнатып қана қоймай, ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуға үлес қосқан ұжымдар.
«Бүгін біз Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің алғашқы қарлығаштарын құрметтедік. Олардың бірегейлігі – әлеуметтік мәселелердің шешімін табуында ғана емес, шешімді тұрақты бизнес модельдерге негіздей отырып шешуінде. Қарапайым тілмен айтқанда, олар біздің қоғамға көмектеседі әрі осы қызметі арқылы табыс табады және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ақша табуға мүмкіндік береді. Аты айтып тұрғандай «ÓZGERIS USTASY» – қоғамға өзгеріс әкелетін еліміздің нағыз каһармандарын, өзгеріс ұсталарын анықтайтын байқау. Осы кісілер біздің жас ұрпағымызға үлгі болуы керек», дейді ImpactHub Алматы басшысы Индира Шах.
Бүгінгі таңда елімізде 150-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер белсенді қызмет етіп келеді. Кеш барысында олардың алғашқы республикалық реестрінің таныстырылымы өтіп, бұл саладағы еліміздің ең белсенді аймақтары анықталды. Үздіктерді марапаттау рәсімі өнер жұлдыздарының концертіне ұласып, кәсіпкерлер қолынан шыққан ерекше өнімдер жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсынылды.
Сөз орайы келгенде осынау айрықша жобаны «Act for Impact» (Impact Hub Almaty) корпоративтік қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (ҮЕАҚ) гранты аясында ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
АЛМАТЫ