Бас басылымның ғасырлық тойы да келіп жетті. Газетке арғы-бергіде басшылық еткен қаламгерлерді, қайраткерлерді, редакция ардагерлерін құрмет тұтатын, еңбегін айшықтап айтатын жақсы дәстүрімізбен олар жайында жүйелі жазып та, естелік мақалаларын, сұхбаттарын жариялап та жүрміз. Той қарсаңындағы құрметті сөз кезегі бас газетті ең ұзақ басқарған тұлға – Парламент Мәжілісінің депутаты, көрнекті публицист, әдебиеттанушы Сауытбек АБДРАХМАНОВҚА беріліп отыр.
«Мені газетке алып келген – Айтматов...»
– Сауытбек аға алдымен сөзді осы газетке қалай келгеніңізді айтудан бастайықшы. Ол кезде университетті бітіре сала Орталық комитеттің баспасөз органына орналасу қиын екені белгілі ғой.
– Дұрыс айтасыз: университет бітіре сала басты партиялық газетке қабылдану ол жылдарда тіпті оқыс оқиғадай еді. «Социалистік Қазақстанға» қызметкерлер «Лениншіл жастан», «Қазақ әдебиетінен», облыстық газеттерден ғана алынып жататын. Содан да мұнда кілең сақа журналистер жұмыс істейтін. Талай жұрт тосырқай қараған сол батыл қадамды жасаған асыл адам – газетті 1973-1983 жылдарда басқарған Сапар Байжанов. Әйтсе де, менің мәселемнің шешілуіне, түптеп келгенде, атақты Айтматов араласты...
Шыңғыс Айтматовтың «Социалистік Қазақстанның» кадрына нақты қандай қатысы болуы мүмкін деп таңданып отырғаныңызды байқаймын. Айтайын. Журфактың бесінші курсында жүргенде Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасқан едім. Сценарий алқасының деректі фильмдер жөніндегі редакторы болып. Тамаша қызмет. Оқитының – сценарий, көретінің – кино, Комитет төрағасы – айтулы публицист Камал Смайылов, Комитеттің бас редакторы – Қалтай Мұхамеджанов, киностудияның бас редакторы – Әбіш Кекілбаев... Ағаларымның маған қабағы жақсы. Өмірдің, өнердің, өнегенің нағыз мектебі. Әйтсе де, «Журналист боламын деп оқыдым ғой, бәрі қалай өзгеріп кетті өзі?..», деп екіойлы күйде қалатын кездерім де аз емес-ті. Оның үстіне газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Болат Бодаубаев: «Түбі сені біз шақыратын шығармыз. Сапекең жазғандарыңды мақтайды. «Жұмысқа аламыз» деп қояды», дейтін. Студент кезде «Социалистік Қазақстанның» өзіне біраз шыққанмын. Биыл «Фолиант» баспасынан «Өнер өлкесі» деген көлемді кітабым жарық көрді, соның шамамен 150 беттейлік алғашқы тарауы «Студент дәптерінен» деп аталады, бәрі университетте жүргенде жариялаған кино, театр, музыка туралы рецензия, мақала, сұхбаттарым. Алдыңғы жылы басылған «Әдебиет әлемі» деген кітабымда да студенттік жылдарда жазғандарым бар. Үміттенетін жөнім жоқ емес сияқты. Бірақ нақты әңгіме қозғалмайды. Уақыт өтіп жатыр. Тағы бір мақаламды алып барғанда нақты сұрауға тура келді... Болат Қамиұлы былай деді: «Ой, бауырым, саған айтуға ыңғайсызданып жүр едім. Ойымыз болмайтын болды. Сапекең Камал Смайыловпен сөйлескен екен, ол кісі: «Сізге журналист табу қиын емес, бізге киноның маманын табу қиын. Әсіресе қазақтың жанын білетін, қазақша жазатын адам аз. Кілең асфальтта туғандар... Ол жігітті біз Мәскеуге, екі жылдық курсқа жібермекшіміз. Өзімізде орнықтырмақшымыз. Бізді қинамасаңыз екен», депті... Ана жолы сені тағы бір айтып едім, «Енді бұл әңгімені қозғамайық. Ыңғайсыз болады Камалдан», деді»... Мен не айтамын? Бұйырмаған шығар дедім де қойдым. Сөйтіп жүргенде университеттегі оқу да бітті. Кинодағы жұмысымды жалғастыра бердім. Сол жылғы күзде Алматыға Шыңғыс Айтматов келе қалды, өзінің шығармасы бойынша түсірілген фильмді Кино үйінде көрсетті. «Лениншіл жастың» тапсырмасымен ол кісіден көлемді сұхбат алдым. Газетке 1975 жылдың 26 қарашасында «Қайткенде адам қалады адам болып?!» деген атпен шықты. Жарияланым жұрттың назарын аударды. Ертеңінде-ақ Сапар Байжановқа шақырылдым... Арада екі күн өткенде редакцияның әдебиет және өнер бөлімінің білдей қызметкері болып шыға келдім. Жақсыдан шарапат деген сол. Қаламдас досының сөзін жерге тастай алмай, райынан қайтқан Сапар ағаның шешімін өзгертуге адамзаттың Айтматовымен жасалған сұхбаттың нақты әсері болғаны анық еді. Сондықтан бір жағынан, мені газетке алып келген Айтматов десем де артығы жоқ. Шыңғыс ағаға осы үшін рахметімді кейінірек, 1997 жылы, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары болып жүргенімде телавтормен бірігіп жазған пьесасы бойынша спектакль қойылғанда Бішкектегі театрдың сахнасынан айтқаным да бар.
«Сегіз күнде бес елде»...
– Расында да, сіз талай атақты адамдармен сұхбат жасағансыз. Олардың арасынан кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Сұхбат жасауға жастай бейімделіп өскеніме әуелдегі бес жылда әдебиет және өнер бөлімінде істеуімнің де әсері болды. Басқа бөлімдерге қарағанда, сұхбат жанры бізде көбірек қолданылатын. Ол кезде лауазымды қызметтегі адамдардың, әдебиеттен, өнерден, ғылымнан, спорттан басқа салалардағы кісілердің сұхбат беруі ілуде бір кездесетін еді ғой. Жұрттың аз сөйлейтін кезі... Сол жылдарда Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Людмила Зыкина, Махмуд Эсембаев, Евгений Матвеев, Олжас Сүлейменов, Нұрмұхан Жантөрин сияқты талай тұлғадан сұхбат алудың сәті түсті. 2000 жылы «Егемен Қазақстанға» қайтып келгеннен кейін сұхбаттасқан адамдардың арасынан Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, Михаил Ульянов, Андрей Кончаловский, Наталья Арынбасарова, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Сергей Соловьев, Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Сатыбалды Нарымбетов, Дариға Тналина, Николай Анастасьев секілді есімдерді бөле атай аламын. Грузияның экс-президенті Эдуард Шеварднадземен, Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмонмен, америкалық белгілі тарихшы, саясаттанушы Марта Брилл Олкотпен, Бәйкен аға Әшімовпен, «Құранның» поэтикалық аудармасын жасаған имам Валерия Пороховамен жасалған сұхбаттар да өзіме ұнайды. Жалпы, сұхбатқа қойылатын талап әртүрлі. Кейде оқырман үшін онша тартымды, қызғылықты көрінбейтіндей, бірақ өтетін не өткен оқиғаның алатын орнын, соны ұйымдастырған елдің салмағын сезіндіру үшін жасалатын, саяси тұрғыдан аса қажетті, өте жауапты сұхбаттар да болуы мүмкін. Мысалы, Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының 2010 жылғы Астана саммитінің алдында айналасы сегіз күннің ішінде Еуропаның бес елінде болып, алты бірдей сұхбат алып қайттым. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен ди Бришамбо, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы Жоао Соареш, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Козловский, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бенджамен Кардин, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқы жөніндегі бюросының директоры Янез Ленарчич сияқты биік лауазымды тұлғалардың Қазақстан туралы, Назарбаев туралы, алдағы Астана саммиті туралы салмақты пікірлері газетте бірінен кейін бірі, жедел жарияланды. Ол деңгейдегі адамдармен кездесу, сұхбаттасу оңай еместігін білесіз. Мұндай шаруаларды Сыртқы істер министрлігі басшылығының, сол елдердегі елшілердің көмегімен ғана атқара аласыз. Үлкен саясат үшін маңызды ол сұхбаттарды Ақорданың айтуымен орысша газеттер де жариялады. Басылым беделіне бұл да керек.
– Сегіз күнде бес елде... Әлемді көп аралағаныңызды білеміз, өзіміз де куәміз. Жалпы, ұзын саны қанша елде болғансыз?
– 59 елге табан тиіпті.
– Бұрын да осы шамада айтқаныңыз есімде.
– Содан бері ол сан көп өсе қойған жоқ. Негізгі елдер қайталана береді ғой. Әйтпесе, шетке көп шығуын көп шықтық. Бір АҚШ-тың өзіне алты рет, бір Жапонияның өзіне бес рет, бір Францияның өзіне бес рет, бір Италияның өзіне төрт рет жолым түскен екен, мысалы. Ондай елдер баршылық. Газетте жүрген соңғы алты-жеті жылда барған елдерімнің тізіміне қосылғаны тек екі ел – Бразилия мен Индонезия болғаны есімде. Одан беріде де солай. Мысалы, өткен жылы жазда ұлымызға қонаққа барғанда Еуропаның алты елін көлікпен аралап қайттық, ал соның ішінде жаңадан көргенім Португалия ғана. Парламентке келгелі бергі үш жарым жылдың ішінде де біраз елге бардық. Солардың ішінде өзім бұрын болмаған ел – биыл көрген Қатар ғана. Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегацияның құрамында Вьетнамнан оралдық. Ол елде 2011 жылы Президенттің ресми сапары кезінде болған едім. 59 ел деген де аз ел емес қой. Шүкір. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. «Егемен Қазақстанның» арқасы.
Сұхбат тақырыбына оралайық. Осы жанр бойынша газетте жүргенде тындырылған негізгі шаруа, әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен 2011-2015 жылдар аралығында жасалған сұхбаттар. Бұл іске кіріскенде Елбасымен әңгімелер әрі кетсе бір-екі жылда аяқталар деп ойлағанмын. Олай болмай шықты. Бұл арадағы қиындық Елбасының сұхбат беруге келісімін алудың, тығыз жұмыс кестесіне қосылудың ұйымдастыру мәселелерін шешуде ғана емес. Негізгі қиындық – сұхбатта қамтылатын мәселелердің мәніне қанығу, сол бойынша қоюға болатын, қою қажет сұрақтарды ойластыру, әңгіме барысында туындап қалатын тақырыптарды қозғауға дайын тұру. Солай ете алған сияқтымын. Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы шыққан «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабының алғысөзінде журналистік жұмысымды жақсы бағалады. Жалпы, өз басым Елбасының ел үшін еткен еңбегін көрсетуден аянып қалған емеспін. Атына мінгесіп, жарты әлемді шарлап шыққаным, төрт құрлықтың (Аустралияға жолым бір түспей-ақ қойды) түкпір-түкпірінен көлемді репортаждар жолдағаным өз алдына, сан қырлы қызметіне көптеген публицистикалық мақалалар арнадым. Тек Елбасы туралы жазғандарымның басын қосса да кемінде екі том құралып қалар. Оның сыртында, Нұрсұлтан Әбішұлының «Таңдамалы сөздер» деген атпен жарияланған қазақша тоғыз томдығының арнаулы редакторы болғаным, сол тоғыз томның аудармасын ұйымдастырғаным, ондағы әр сөйлемге шұқшиып, жеке-жеке салыстырып, қажет жерін түзеп, жетілдіріп шыққаным, талай сөзді аударғаным тағы бар. Бұл өзі бас-аяғы екі жылға созылған айта қаларлықтай ауыр жұмыс болды. Жауаптылығы тіпті бөлекше.
«Ұлттық рухтың ұлы ұстындарының бірі»
– Газеттің тоқсан жылдығында, сол кездегі опера және балет театрының сахнасында бастан-аяқ ауызша жасаған баяндамаңыз елдің есінде. Осыған қарап-ақ басылымның сіздің жан-жүрегіңізге қаншалықты жақындығын біле беруге болар еді. Бұл газеттің ел өмірінде алар орны туралы не айтар едіңіз?
– Дәл сол күні түске дейін редакцияға Елбасымыз келген еді. «Егеменнің» жаңа ғимаратын өзі салтанатты жағдайда ашып, журналистерге кеңінен толғап сұхбат берген еді. Мемлекет басшысының ұжымға келуі деген оңай шаруа емес. Қат-қабат ұйымдастыру істерімен қапылып жүріп, театрда жасайтын баяндаманы тіпті тезис күйінде қағазға түсіруге де шама болмағаны рас. Бірақ газет тарихы да, басылымның абыройын асырған ардақты азаматтар да көңілде сайрап тұрған соң емін-еркін әңгіме түрінде баяндап шыққанмын. Оның негізгі себебі, жаңа сіз айтқандай, басылымның жүрекке жақындығында.
«Егемен Қазақстан» – елдіктің белгілерінің бірі, ұлттық руханияттың атрибуттары қатарында қастерлесе болатындай халықтық қазынамыз. Бұл газет – ұлттық рухтың ұлы ұстындарының бірі. «Егеменіміз» барда егемендігіміз еңселі болмай қоймайды. Биыл көктемде Ұлттық академиялық кітапханада газеттің он томдық шежіресінің алғашқы бес томдығы таныстырылды. Сол басылымның әр бетін ашып қалсаңыз тарих тіріліп, сөйлеп ала жөнеледі. Жиырмасыншы ғасырда елдің басына не келіп, не кеткенінің, мына байтақ далада не болып, не өткенінің бәрі сайрап тұр. Бұл жүз жылдың ішінде газет елдің жанды жылнамасын жазып шықты. Бір ғасырдың бойында оның аты сан рет өзгерді. Газеттің аты өзгерсе де, заты өзгерген жоқ. Халықтың сөзін сөйлейтін ұлттық басылым күйінде қала берді. Әр сөздің саңылауынан сығалайтын цензура заманында да халықтық сипатын, елдік мінезін сақтай алды. Жақында Дихан Қамзабекұлы «Смағұл және «Еңбекші қазақ» атты мақаласында: «Еңбекші қазақ» ресми партия мен үкіметтің үні болса да іс жүзінде А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан шығарған «Қазақ» газетімен рухтас боп қалды», деп баға беріпті. Дәл баға. Қаншалықты қиынға түссе де газет осыны жасай алған. Бір ғасырдың бойында газеттің шығатын жері де сан рет өзгерді: Орынбордан да шықты, Қызылордадан да шықты, Алматыдан да шықты, Ақмоладан да шықты. Қайдан шыққанда да ойдан шықты. Тәуелсіздік таңы атқанда елмен бірге «Егеменнің» де бағы жанды – еркін ойлы басылымға айналды. Газет бүгін де өз биігінде тұр. Өзіміз сенім көрсеткен Дархан Қыдырәлі бауырым ел газетінің эстафетасын лайықты іліп алып кетті. Кешегі асыл ағаларымыз салған сара жолды жақсы жалғастырып жатыр.
– Газеттің сіздің өз өміріңіздегі орнына қатысты не айта аласыз? 2003 жылы сіз Ақпарат министрі қызметіне тағайындалдыңыз. Сонда ұжыммен қоштасарда сіз: «Егер қалам ұстаған адам «Егемен Қазақстанды» басқарған соң басқа бір жұмысқа жоғарыладым деп санаса, қателеседі. Өйткені қалам ұстаған адам үшін «Егеменді» басқарудан биік белес болмауға тиіс», дедіңіз.
– Қазір де солай санаймын. Мұндай газетте жұмыс істеу – абырой, оны басқару – басқа қонатын бақ, ал ұзақ жылдар бойы басқару – сирек қонатын бақ. Ал маған бас газетті аттай он алты жыл басқару бағы бұйырды. Осы сұхбатқа іштей дайындалғанда тоқсан жылдыққа шығарған «Бас басылым» деген кітап-альбомға жазылған алғысөзді қайта оқыдым. Міне, мына бір тұсын көшіріп те алғанмын: «Қазақтың сөзін ұстаған небір жақсы мен жайсаңның қасиетті жолын жалғастыру бақыты бұйырған тағдырыма тәубе деймін, халқымыздың бас газетінің тізгінін тапсырған Елбасына шексіз алғысымды білдіремін», деген екенмін. Сол сөзімді тағы да ықыласпен қайталаймын.
«Алты есе арттыру – айтуға ғана оңай»
– Бізге редакциялық лездемеде айтатын бір сөзіңізді газет арқылы оқырмандарға да жеткізсем деймін. «Егеменнің» бір ерекшелігі мынада: өзге газеттегі мақала соны жазған автордың сөзі болып қаралады, ал «Егемендегі» мақала соны жариялаған газеттің сөзі болып қаралады деуші едіңіз ғой.
– Елдің «Егеменнің» сөзіне сенетін қалпын, ондағы сөзді көптің ортақ ойы санайтын сипатын сақтап қалуға тырысу өте маңызды.
Біз газеттің мәртебесі өзгеріп, Үкіметтің құрылтайшылығынан айырылып, қатардағы акционерлік қоғамға айналып қалған алғашқы күндерден осыны қатты қамдадық. Сан түрлі себептерге байланысты басылымның таралымы 38 мың данаға дейін құлдырап кеткеніне алаңдадық. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры басылымның халықтық сипатын қайта қалыптаудың басты жолы газеттің негізгі авторы халықтың өзі болуы деген тоқтамға келдік. Өмірдің сан саласынан айтары бар, қаламының желі бар адамдарды іздеуге кірістік, талай жылдан бері газеттен қол үзіп қалған қаламгерлерді авторлыққа қайтадан тарта бастадық. Тақырыптық, тоқсандық жоспарлар жасалатын болды. Әр бөлім алдағы кезде қандай мәселелерді қаузайтынын, оларды редакция журналисі немесе тиісті автор қай кезге дейін зерттеп шығуға, жазып бітуге тиіс екенін біліп отырды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Енді жазатын жұрт «Егеменде» мақала жариялауды абырой санайтын болды. Мақала деген ағылып түсе бастады. Таңдауға, көңіл толмаған дүниені қайтаруға немесе жетілдіруді талап етуге мүмкіндік ашылды. Елдің беті «Егеменге» бұрылды. «Ел газеті» деген жаңа аты бірте-бірте орныға бастады. Алғашқы бір жылдың өзінде газет таралымы бір жарым есеге артып шыға келді. Еңбек бағаланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылғы 12 наурызда өткен Қазақстан журналистерінің I конгресінде сөйлеген сөзінде: «Журналистердің өзінің құлшынысы мен біліктілігі болмаса, мемлекет тарапынан атқарылған ешқандай шара пәрменді болып шықпайды. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті бір жылдың өзінде ғана басылымның таралымын 27 мың данаға арттыра алды ғой. Міне, қолдауды осындай бұқаралық ақпарат құралдарына көрсету керек», деп қадап айтты. Бұл сөз бізге үлкен демеу болды. Ендігі жерде баспасөзге жазылым науқанын жүргізудегі сөзімізді де өтімдірек етуге айналды... Сөйтіп таралым жылдан-жылға өсе берді, өсе берді. Ақыры біз газеттің таралымын 38 мыңнан 212 мыңға апардық. Алты есе арттыру – айтуға ғана оңай. Бұл қыруар қарекеттің, жұмылған жұмыстың жемісі.
Айып етпеңіз, тағы бір жағдайды айтып қалғым келеді. Мұны өз басым шын мақтаныш етемін. Елбасының қамқорлығының арқасында біз редакция қызметкерлерінің тұрмыс жағдайын да жақсылап жөндей алдық. Сегіз қабаттық сәулетті ғимарат салдырдық. Екі көп пәтерлі үй, екі жатақхана тұрғыздық. 2016 жылдың басында «Егемен Қазақстанда» баспанасыз бірде-бір қызметкер қалмаған еді. Осындай-осындай сауапты істерді ойлағанда сүйікті газетімнің ғасырлық торқалы тойының қуанышы жан-жүрегімді жібітіп жіберетінін несіне жасырайын. Өз өмірімдегі ең бір мерейлі сәттердің талайы осы газетпен байланысты. Жиырманың бел ортасына да жетпеген шақта табалдырығынан аттаған редакцияның есігінен кіріп, төріне дейін жеттім. Тілшісі де болдым, бөлім меңгерушісі де болдым, редакциялық алқа мүшесі де болдым, бастауыш журналистер ұйымының жетекшісі де болдым, кәсіподақ ұйымының төрағасы да болдым, бастауыш партия ұйымының хатшысы да болдым, осы жерден партияның Орталық комитетіне қызметке шақырылып, оның баспасөз секторында газеттің кураторы да болдым. Талай жыл аппаратта, Мәдениет министрлігінде, Телерадиокорпорацияда жұмыс істеп келіп, 2000 жылы жаңадан құрылған акционерлік қоғамның президенттігіне бекітілдім. Осы жерден 2016 жылы Мәжіліске ауыстым. «Егеменде» жүріп, журналистік кәсіптің қыр-сырына қанықтық, ой ұстадық, тіл ұштадық, күндіз әріп түзетіп, түнде қаріп күзетіп, ауыр жұмыста шыңдалдық, елдік істің жауапкершілігін сергек сезіндік. Азаматтықтың үлкен мектебінен өттік. Абыройын да иелендік. Министр атансам да, депутаттыққа сайлансам да алдымен «Егемендегі» жанкешті еңбектің ескерілуі екенін жақсы білемін. Ана бір жылдары баспасөзге жазылу науқанында қоятын айдарымыз болушы еді – «Ел газеті «Егемен», жазылмайын неге мен?» дейтін. Соны сәл өзгертіп айтып, «Азамат еткен «Егемен», ардақтамайын неге мен?» десем, артық сөзге баламассыз. Дәл қазір, баспасөзге жазылым қызу жүріп жатқанда мына жайдың басын ашып айтайын: «Егемен» – елдіктің ерен мінбері. Бұл газетті жаздырып алдырып, жүйелі оқу арқылы сіз елмен бірге тыныстайсыз, елшіл адам, мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасасыз.
«Егемен Қазақстанның» жүз жылдығы – елдігіміздің биік бір белесі, қазақ руханиятының мерейлі мерекесі, ұлттық журналистиканың ортақ тойы. Тойымыз тарқамасын!
– Сізге де бар жетістікті тілейміз. Жақсылығыңызды ұмытпаймыз, аға!
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»