Биылғы жылғы футболдан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Шымкенттің «Ордабасы» клубы Абдуллай Диакатемен келесімшартты 2020 жылдың соңына дейін ұзартты.
31 жастағы Сенегалдың тумасы бұған дейін Түркияның «Карталспор», «Сакарьяспор» және «Ризеспорт» клубтарында өнер көрсетті. 2011 жылы ол Қазақстанға келіп, «Тараздың» жейдесін киді. Үш маусымда 83 мәрте жасыл алаңға шыққан Абдуллай Диакате 11 голдың авторы атанды. 2014 жылы «Ордабасыда» ойнаса, 2015 жылы «Атыраудың» құрамында өнер көрсетті. Қос команда сапында қос голдан соқты. 2016 жылы қайта Шымкентке оралып, сол кезден бері айтулы клубтың намысын қорғауда.
2017 және 2019 жылдары Абдуллай Диакате «Ордабасымен» бірге Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Өткен маусымда 29 кездесу өткізіп, бес рет мергендік танытты.