Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, бағдарламаның алдағы 5 жылдағы жоспары қаралды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаның іске асырылу барысы баяндалды.
1 жылда 12,5 млн шаршы метр үй берілді
Алдымен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасын іске асыру барысы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А.Әріпханов баяндама жасады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекет жұмсаған әр 1 теңгеге шаққанда 6 теңге тікелей инвестиция тартылды.
– Азаматтарды баспанамен қамту – билік пен қоғам алдында тұрған өзекті әрі өткір мәселелердің бірі. Елімізде халық саны көбейіп, жас отбасылардың қатары артып келеді. Пәтерге, жеке үйге деген сұраныс жоғары. Әр қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүдделі. «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың қалың тобына бағытталған. Бұл бағдарлама жеке инвестициялар мен азаматтардың жинақтарын тарту есебінен тұрғын үйдің қолжетімді болуы мен құрылыс секторын қолдаудың түрлі тетіктерін ұсынады, − деді министр.
Бағдарламаны іске асыру аясында 2017 жылдан бастап 33,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 300 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Тұрғын үй құрылысына барлығы 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Баспананы пайдалануға берудің оң серпіні сақталуда. Орташа өсім – 10 пайыз.
– Орта есеппен алғанда инвестиция жыл сайын 18 пайызға ұлғаюда. Былтыр 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл еліміздің әр тұрғынына шаққанда 0,68 шаршы метрді құрайды. ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Біздің мақсатымыз 2030 жылға қарай әр тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу, − деді Б.Атамқұлов.
Министр атап өткендей, бағдарлама аясында 3 жыл ішінде 51 мың отбасына сатып алусыз жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй беру жоспарланған. Бұл ретте көп балалы отбасылардың баспана мәселелерін шешуге басымдық берілмек.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі келтірген мәлімет бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы негізінде тұрмысы төмен 5 мың отбасына жеңілдетілген кредит ұсынылуда. Халық пен бизнесті баспана салуға ынталандыру үшін жаппай құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникация тартуға 225 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде осы қаражат есебінен азаматтарға жеке тұрғын үй салуға арналған 130 мың жер учаскесі коммуникациямен қамтамасыз етілді. Субсидияланған кредиттердің аясында жеке құрылыс салушылар 3 жыл ішінде 549 мың шаршы метр тұрғын үй, квазимемлекеттік сектор субъектілері, 20 мыңға жуық пәтер салынды.
Десе де елордада жыл соңына қарай құрылыс қарқыны бәсеңдеп барады, соның салдарынан әу баста бекітілген жоспар орындалмауы мүмкін.
– Республика бойынша жылдық жоспар 13 млн шаршы метрді құрайды. Дегенмен, 10 айдың қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 35,8 пайызға төмендеуіне байланысты жоспарланған межеге жете алмай қалуымыз мүмкін, − деді Б.Атамқұлов.
Оның айтуынша, биыл тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беру үшін құрылыс алаңдарына инженерлік-коммуникациялар тартуға 77,3 млрд теңге бөлінді. 10 айдың қорытындысы бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес өңірлерге 59,3 млрд теңге аударылды. Оның 56,3 млрд теңгесі немесе 96 пайызы игерілді.
– Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында қаражаттың игерілу көрсеткіші төмен. Сот процестері мен жобалау-сметалық құжаттаманың түзетілуіне байланысты бірқатар өңір бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін қайтаруды жоспарлап отыр. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бойынша жобаларды іске асыру кезінде Павлодар, Маңғыстау, Атырау облыстарының әкімдіктері бөлінген қаражатты толық игермеді, − деді министр.
Табысы төмен азаматтардың «5-20-25» бағдарламасымен баспана алуына мүмкіндік тудыру қарастырылып отыр.
– «Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру» атты бірінші міндеттің аясында тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы. Отбасының 1 мүшесіне шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (29,7 мың теңге) сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады (жетім балалар, 1-2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.). «Бақытты отбасы» бағдарламасы бұрынғысынша 2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады (көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар), − деді министр. Сонымен қатар, ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі. Табысы 5 күнкөріс деңгейінен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы «Баспана-хит», Қазақстан Ипотекалық компаниясының «Орда», «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» «Өз үйім» сияқты өнімдерін пайдалана алады.
− Баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алуды қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілуде. Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылады. Бұл мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді, − деді министр.
Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы әрбір қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін өзінің табыс деңгейіне қарай шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаны осы жылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Әкімдер тауардың қайдан, қалай келетінінен бейхабар
Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов соңғы уақытта еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттау себебін түсіндірді.
– Бағаның өсу себептерін анықтау үшін талдау жүргізілді. Біріншіден, азық-түлік нарығында әртүрлі сауда үстеме бағалары бар көптеген дистрибьютердің және басқа да тиімсіз делдалдар санының көп болуы, жеткізу шарттарының орындалмауы, сақтау арналарының жоқтығы себеп болуда. Салдарынан кейбір тауарлардың бағасы аспандап кетті, − деді министр. Бұған қоса экспорт көлемінің артуы да кері әсер етіп отыр. Сондықтан да импорттық тауарлар қымбаттаған.
– Мәселен, биыл елімізде қарақұмық алқабының аумағы 30 пайызға тарылды. Сонымен қатар Ресейде 5 жыл ішінде өнімнің аз болуына байланысты бағаның өскені байқалады. Күріштің қымбаттауы Өзбекстан мен Түрікменстан тарапынан қазақстандық күрішке сұраныстың артуына байланысты болып отыр. Осылайша аталған елдерге экспорт көлемі 22 есеге өсті. Ресейде күріштің бағасы 14 пайызға қымбаттады, біздің валютамен есептегенде килосы 368,5 теңгеден 420,2 теңгеге дейін өсті. Дегенмен, өңіраралық тауар жеткізу бойынша талдау жүргізу кезінде әкімдіктер өз өңірлерінде қандай тауар өндірілетінін және қайдан әкелінетінін біле бермейтінін байқадық, − деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, облыс басшылары азық-түлік тауарларының бағасын реттеу функцияларын дұрыс пайдаланбай отыр.
– Қазан айының басынан 12 қарашаға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайыз қымбаттады. Бұл ретте егін жинау маусымына қарамастан бірнеше тауардың бағасы он пайыздай өскені байқалады. Мәселен, қарақұмық жармасы жыл басынан – 62,9 пайызға, күріш – 32,3, ұн – 27,8 пайызға қымбаттады. Қазан мен қараша аралығында күнбағыс майы – 0,4 пайызға, картоп – 3,4, сәбіз – 4,5, пияз – 5,8, қырыққабат – 7,7, қант 7,9 пайызға арзандады, − деді министр.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары әсіресе Атырау, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қымбаттаған.
− Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған өңірлерде әкімдердің орынбасарлары деңгейінде тиісті тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынамын. Бұл ретте барлық өңірде негізінен көкөніс, ет, нан мен қарақұмық бағасы шекті межеден 15 пайызға асқанын атап өту керек, − деді Б.Сұлтанов.
Министрдің айтуынша Қызылорда, Шымкент және Түркістан қалаларында 6 тауар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндердің ең көп ұлғайғаны тіркелген. Яғни, қырыққабат, пияз, сәбіз, ұн, нан және сиыр еті қымбаттаған. Ал Алматы, Ақтөбе қалаларында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 5 тауардың бағасы көтерілген.
Оңалту көмегінің ауқымы 42,2 пайызға артты
Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу бойынша қанатқақты жобаның іске асырылуына қатысты болды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов тақырыпқа қатысты баяндама жасады.
Жиында айтылғандай өңірде екі айда тұрғындарды медициналық сақтандыру (192%-ға) есебінен оңалту көмегінің ауқымы (42,2%-ға) және қымбат зерттеулермен (КТ және МРТ) қамту көлемі артты. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі мен МӘМС пакетінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесін енгізу қарастырылған.
МӘМС енгізілгеннен кейін жалпы алғанда 2020 жылы денсаулық сақтау саласына арналған бюджет еліміз бойынша шамамен 1,5 трлн теңгені құрайды. Медициналық оңалтуды қоса алғанда, халықтың қажеттіліктеріне негізделген медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру көлемі едәуір ұлғаяды. Ол келесі жылы 7 есеге, 2025 жылға қарай 11 есеге дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Келесі жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейеді. Атап айтқанда дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медицина қызметкерінің табысы 20%-ға өседі, ал 2025 жылға қарай олар қазіргі жалақымен салыстырғанда 2 есе көп алуы тиіс.
– Елбасы Н. Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшуге толық дайындықты қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Ол барлық қазақстандықты қамтуы тиіс. Сол үшін барлық деңгейдегі медициналық мекемелер қажетті ақпараттық жүйелерге қосылуы керек. Әрбір азаматтың деректері жаңартылуы керек, − деді А.Мамин.
Премьер-Министр МӘМС енгізу бойынша қанатқақты жобаның нәтижесін оң бағалап, Қарағанды облысының бұл тәжірибесін басқа өңірлер де ескеруі керек екенін айтты.