Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту мақсатында ағымдағы жылғы 12 қарашасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Алдын алу және парасаттылық басқармасының бас маманы Нұргүл Тұрлыбайқызы және «Азаматтық құқық» жеке меншік мекемесінің директоры Айнагүл Бектұрқызы Жаңаөзен қаласының медицина саласының мамандары өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында Нұргүл Мұқатай өз сөзінде ақ халатты абзал жандардың осы мамандықты таңдағанда-ақ ең қиын жолды алғаны, олар өз уақытымен санаспай, ел үшін қызмет етуге ант еткенін айтып өтті. Ендеше, осындай қасиетті мамандық иелері өз қызметтерінде адал да таза болуы заңдылық екенін атап көрсетті.
Алайда кейбір қызметкерлердің «алтын көріп, жолдан тайып» жататыны да бар. Осыған мысал ретінде жаза басып, темір тордың арғы жағында опынып отырған жандар туралы видеоролик көрсетілді.
Сонымен қатар Айнагүл Байбатырова үкіметтік емес ұйым тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында әр қызметші өзгерісті өзінен бастау керектігін айта өтіп, тұлға бойында қалыптасатын парасаттылық, адалдық, әділдік секілді құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттілігін айтты.
Сондай-ақ шара соңында 1424 санды қызу желі арқылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жөнінде хабарлауға болатыны жөнінде, хабарлаған адам жөнінде құпиялық сақталатыны және ақшалай сыйақы берілетіні жөнінде айтылды.