• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Қараша, 2019

Жаңа әліпби емлесі мен халықаралық тәжірибелер жайы сөз болды

568 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтті. Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Конференцияда жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатыс­ты ғылыми-теориялық және әдіс­темелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиім­ді әдіс­темесі, жаңа емле ере­же­леріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалып­тасу, жетілу жолдары ашық талқыланды. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жиында алғашқы болып сөз алып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру кезінде атқарушы органдардағы сала қызметкерлері мен мамандар бірлескен жауапкершілікпен атсалысуы тиіс екендігін атап өтті. «Өткен жолғы орфографиялық топ отырысында жаңа әліпбиге қатысты көптеген мәселелер жан-жақты талқыланды. Ел азаматтары арасынан жекелеген әліпби нұсқалары ұсы­нылып, ғалымдар арасында тал­қылауға байланысты жұ­мы­с­тар жүргізілуде. Бұл – «Қо­ғамды тыңдай білетін мем­ле­кетке айналуымыздың» ал­ғы­­шартының нышаны деп білемін», деді ол. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға әліпби ауыстыру мәселесін, таңбалауды қайта қарауды тапсырғанын, соған сәйкес Тіл саясаты коми­теті ұсынылған жобаларға жіті көңіл бөліп, арнайы мамандар тал­қылауы мен сараптамасын ұйым­дастырып отырғанын жеткізді.

– Біз бүгін жаңа әліпби емлесі мен оны оқыту әдісте­месінде кездесетін қиындық­тардың алдын алу үшін бас қо­­сып отырмыз. Сонымен қатар авторлық әліпби нұсқа­лары талқыланып, ашық жүргі­зіледі. Талқылау­да автор өз жо­ба­сын филолог ғалымдар мен ІТ мамандар алдында қор­ғайды. Әрбір жобаның артық­шы­лықтарын ескеріп, жалпы халыққа ыңғайлы әліпби ұсына­тын боламыз, – дейді Тіл сая­саты комитетінің төраға­сы Ғалымжан Мелдешов. Атал­ған кон­ференцияда Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылы­ми қыз­меткері, профессор Нұр­гел­ді Уәли жаңа әліпбидің ор­фо­­гра­фиялық ережелерінің ғы­лыми негіздері жөнінде сөз сөйледі. Ғалым таңбаның ды­быс­тық мәніне басымдық беру қажет екендігіне тоқталды.

– Әріп ашу грамматикалық, яғни жазу мәселесі. Ал буын ашу фонетикалық деңгей болса, таң­балау орфография мәсе­лесі. Біз әліпби жазуда осы үштікті не­гізге алуымыз керек. Сонда нақ­ты әрі базалық нормаға сай әліпби жасап шығамыз, – деді филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли. Сон­­дай-ақ геминант дауыссыз дыбыстардың да жазылу ерек­­шелігіне тоқталып, қосар­лап­ жазудың өзге туысқан ха­лық қол­данысында бар дүние екенін атап өтті. «Бұлайша жазу қазіргі қазақ жазуында ғана емес, өзбек, ноғай, татар, қырғыз жазба тілінде кезде­седі. Мәселен, махаббат, іззет, ләз­зат сөздері түрік, өзбек, қара­қал­пақ, қырғыз тілінде де қосар­мен жазылады», дейді ғалым.

Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педа­гогикалық уни­верситеті­нің профессоры Таңат Аяпова шет тілінен енген сөз­дерді жаңа әліпбиде жазу нормалары туралы айтып, ағылшын тілі жазуын­дағы қателіктерді қайталамауға ш­а­қырды.

– Әліпби жасағаннан кейінгі біздің басты мәселеміз оны түрлі аудиторияға «қалай үй­ретуі­міз керек?» болатыны анық. Біз әліпбиді оқыту барысында ата-бабамыздан мирас болып қалған сөзді оның айтылуы, дыбыс­талуы мен грамматикасын бұзбастан жеткізуге мін­деттіміз. Әліпби жасаймыз деп тіл табиғатына тиісе ал­май­мыз. Сондықтан әрбір әріпке дұрыс, сәйкес таңба беруге тиіс­піз. Оны техника мүмкін­ші­лі­гі­мен шектеуге болмайды, – деді.

Сонымен қатар Ы.Алтын­сарин атын­дағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Жанбота Есепбай орта білім жүйесіне латын әліп­биінің енуі жөнінде және т.б. ғалымдар жаңа әліпбидің, оның емле ережелерінің әр алуан мәсе­лелері жөнінде баяндамалар жасады.

– Тұңғыш Президент Жар­лы­ғымен енгізілген қазіргі әліпби мұнан бұрын ұсынылған диграф, апостроф әліпбилерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Себебі бұл әліпбиде қазақ жазуы­ның негізгі принципі сақталған және акут тұстас бір графикалық белгі ретін­де қабылданады. Ал апостороф олай қабылданбайтын. Деген­мен де, бізде ch, sh таңбаларына қатысты мәселелер туындап отыр. Себебі диграф арқылы берілген сөздерді әліпбиді енді оқып, үйреніп жүрген балаға меңгерту өте қиын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпби үлгісін қайта қарау жөнінде тапсырма беруі расын айтқанда, ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Біз баршамыз бірігіп, ортақ шешіммен мәселенің түйінін тарқатамыз деп ойлаймын, – дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орта­лығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.

Секциялық мәжіліспен жал­ғас­қан конференция оты­рысында әліпбидің әдісте­ме­лік мәселелері, латын әліп­биін енгізудің халық­ара­лық тәжірибесі туралы ғылы­ми пікіралысуға ұласты. Кон­ферен­ция аясында латын әліп­биінің министрлікке ұсыныл­­ған нұсқалары қаралып, ұсы­ныл­ған жобаларға Орфо­гра­­фия­лық жұмыс тобының мүшелері, ғалым­­дар Жантас Жа­қыпов, Қар­­лығаш Сәреке­нова, Зейнеп Базар­­баева, Жанар Жұмабаева­лар ғылыми сараптама жасады. Соны­мен бірге бұл әліпби жобаларына Ақпараттық сүйемел­деу және техникалық жетілдіру жұмыс тобының мүшелері ІТ мамандары Рымбек Ізғали, Аршат Ораз, Нартай Әшімдер кәсіби тұр­ғы­да пікір білдірді. Атал­ған ғылыми республикалық жиын­­­­ның қорытындылары не­­гізін­де Орфо­графиялық және Әдіс­те­мелік жұмыс топ­­тары­­ның кон­ференция­да ай­тыл­ған міндеттері нақты­ла­нып, ұсы­ныстары сара­лан­бақ. Ал әліп­бидегі кейбір бас әріп­тер­­дің ажыратылмауы сынды өзге де ескертпелер бо­йын­­ша Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы алдағы уақыт­та Орфографиялық жұмыс то­бы­ның атынан қолданыстағы әліп­биге енгізілетін ішінара өз­герістер туралы қосымша хабарлайтын болады.