Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» Нұр-Сұлтанда Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын қабылдады.
Өте шиеленісті өткен бәсеке барысында қонақтар екі мәрте алға шыққан еді. Соған қарамастан жерлестеріміздің жігері жасыған жоқ. Жанкештілік танытқан олар екі ретінде де есепті теңестірді.
Атап айтсақ, алғашқы голды 10-минутта Питер Холланд соқты. 30-минутта Дмитрий Шевченко қарымта қайырды. 43-минутта «Барыстың» бұрынғы ойыншысы Найджел Доус «Автомобилисті» алға шығарды. Арада төрт минут өткеннен кейін Линнус Виделль мергендік танытты. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағаннан кейін ойын овертаймға ұласты. Бұл ретте «Барыстың» бағы жанды. Жеңіс шайбасын қақпаға дөп түсірген – Даррен Диц. Есеп – 3:2.
Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанның хоккейшілер Шығыс конференциясында төртінші және тұрақты біріншілікте жетінші орынды иеленуде. Жерлестеріміз 27 кездесуден кейін 35 ұпай жиып отыр. 22 қарашада «Барыс» өз мұз айдынында Қазанның «Ақ Барсын» қабылдайды.