• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
100 21 Қараша, 2019

«Егеменде» еңбек еткен жылдарыңыз несімен есте қалды?

301 рет
көрсетілді

Маған тағдырбасты ұлттық басылымда 1978-1991 жылдары жұмыс істеу бақытын бұйыртты. Ол кезде өзі­міз Кембриджден кем көрмейтін Ленинград университетінің журфагын енді бітіргенмін. Аудандық, облыстық қазақ және орыс газеттерінде тағы­лымдамадан өткенмін. Талқылау кезінде материалдарымды оқыту­шымыз да, курстастарым да жоғары бағалаған. Жастықтың да буы бар, өзімше енді қай газетте де істеп ке­темін ғой деп, іштей күмпиіп жүргенмін.

Редактор Сапар Байжанов аға­мыз мені Ленинград мектебінің түлегін байқап көрейік деген оймен қызметке алды. Әрине, секретариатқа. Әрине, ең төменгі кіші тілші қызметіне. Бірақ журналистік қызмет жүгінің ауырлығын да, жауаптылығын да, іссапардың өзіне де мұқият дайындықпен шығу керектігін де ең алғаш осы «СҚ»-да жүріп шындап сезіндім.

Егін орағынан жазған алғашқы материалымды лездемеде редактордың өзі «қан-сөлсіз» деп, әдеппен ғана сынап өтті. Ол мен үшін ұмытылмас сабақ болды... Ендігі бір басшымыз Шерхан Мұртаза жазып келген мақаламды ұнатып, өзіне тән әдетімен бітіп тұрған бетті бұзғызып, сол күнгі нөмірге салғызды. Бұл газетте жүріп осындай жолдан өттім. Бертін келе екі бөлімнің жұмысына жетекшілік еттім.

Әйтсе де, газетті ойлағанда абзал ағаларымның аялы алақаны алдымен есіме түседі. Қай-қайсысының да өнегесін көрдім, көмегін сезіндім. Мақаланың көлемі көтермейтіндіктен аттарын атай алмайтыныма өкінемін. Бірақ олар ұдайы жүрегімде, жадымда.

Өмір кейіннен қызметімді басқа арнаға бұрды. Бірақ «Егеменнің» мектебінен кейін ол маған қиын бола қойған жоқ.

 

Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ,

журналист