• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
100 21 Қараша, 2019

«Егемен» естен шықпайды

360 рет
көрсетілді

Павлодар облыстық «Қызыл ту» – қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінде жұмыс істеп жүргенде «Социалистік Қазақстан» газетіне ара-тұра қысқа хабарлар жолдап тұратын едім. Өңірдің өндірістік ахуалы туралы «Сазына дейін сары алтын» дейтін көлемді дүние ұсындым. Мақала көп ұзамай жарқ етіп жария­ланды. Бас редактор Шерхан Мұртаза сол мақаланы оқып, «мына жігітті табыңдар» деп орынбасары Ержұман Смайылға тапсырма беріпті. Ерағаң қоңырау шалды. «Сол жақта жүре бересің бе, Алматыға келу ойда жоқ па? Шерағаң сені жұмысқа шақырып жатыр» деді.

Мұндай ұсыныс күтпеген жерден болғасын ә дегенде абдырап қалғаным рас. Көп ойланбай келісім бердім. Сонымен, 1990 жылдың көктемінде Алматыға қоныс аударып, газеттің экономика бөліміне тілші болып орналастым. Шерхан аға жылы қабылдады. Шамалы уақыт өткен соң бөлімнің аға тілшісі, бір жылдан кейін экономика бөлімінің редакторы қызметін атқардым. Шерағаң ол кезде газеттегі бір­та­лай бөлімді ірілендіріп, ауыл шаруа­шылығы, мал шаруашылығы, егін шаруа­шы­­лығы, әлеуметтік мәселелер бөлімі де­гендердің басын біріктірді. Сөйтті де ре­дакцияда ашық дауыспен, баламалы жол­мен сайлау ұйымдастырды. Бөлім редак­торы болған адам бірден редакция алқа­сына мүше болды.

Шерағаңның тікелей басшылығымен экономика мәселелерін қаузап жаза бас­та­дық. Егемендік кепілі болып санала­тын республикалық алтын-валюта резер­він құру, айналымға төл теңгемізді шы­ға­ру, жекешелендіру тәрізді ірі шаруалар­­ды көтердік. Одақтық байланыстар, қар­жы-қаражат, салық мәселелері газет бетінде тұрақты жазылды. Әлі теңге деген ұғым пайда болмай тұрғанда ұлт­тық валютамыздың қажеттілігі туралы мәсе­ле­ні күн тәртібіне шығарған едік. Шерағаң бізге барлық жағынан қолдау жасады. Жас­тар­ды жігерлендірді.

Әбіш Кекілбайұлы редактор болған тұста да экономика тақырыбына баса көңіл бөлінді. Ол кісі Жоғарғы Кеңесте коми­тет төрағасы қызметін қоса атқарды. Көбінде парламент қабырғасында болады. Мейлінше кең, парасатты басшы болды.

Нұрлан Оразалин ағамыз бас редактор болған тұста мен ол кісінің экономика және коммерциялық мәселелер жө­нін­дегі орынбасары болдым. Газет іші­нен «Қазақстан» деген қаржылық қо­сым­ша аштық. Онда республикамызда жүзе­ге асырылып жатқан экономикалық рефор­ма­лардың барысы, тұрғын үйді купондық же­кешелендіру, өндірістік нысандарды жеке­шелендіру мәселелерімен қоса жеке қожа­лық жүргізу, саяжайды игеру, жер телімдерін дұрыс пайдалану төңірегінде талай мәселе көтерілді.

 Газет редакциясы жанынан «Еге­мен» деген компания ашып, оның құ­рыл­тай құжаттарын әзірлеп, редакция қыз­мет­керлерінің материалдық жағ­да­йын жа­сау­ға атсалысқан едік. Соның арқа­сын­да редакцияға Алматыдан бес бөлмелі пә­тер, автобус, КамАЗ, микроавтобус сатып алдық.

Сол КамАЗ-дың газет ұжымы Астанаға қоныс аударғанда барлық жүкті тасып жет­кі­зуге пайдасы тиді...

Айта берсек, «Егемендегі» күндер туралы естелік көп.

2005 жылы «Егемен Қазақстанға» Бас директор болып тағайындалдым. Газет­те жұмыс істеген қай кезең де естен шық­пай­ды.

Қара шаңырақ саналатын басылымды, ұжымдағы әріптестерімді 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Егемен еліміз­бен бірге жасай берсін деген тілек­те­мін.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты