О, киелі шаңырақ, қасиетті,
Тағдыр бізге өзіңді нәсіп етті.
Сен арқалап келесің тасқа басып,
Ел қуанған шаттықты...қасіретті.
Көрдің талай күресті, есірікті,
Тірліктің де білесің несі мықты.
Ел сөзі деп аталған керуеніңе
Талай-талай ұлының көші ілікті.
Қиналғанды жүресің сүйеп алға,
Қимасыма айналған киелі орда.
Қазағымның көз жасы, мұң-назасы,
Оттай өртеп, жаныңа тиеді ол да.
Әрқилы әуен шығады сарайыңнан,
Тізерлеген алдыңда талай бір нән.
Басып айтып келесің ақиқатты,
Батыр сынған жандардың талайынан.
Тілшілері қаламын оқша теңдеп,
Жақсыны да айтасың жақсы екен деп.
Өмір қымбат, бәрінен өмір қымбат,
Оқырманым таяныш тапса екен деп.
Киелі ордам!
О, қарашаңырағым!
Талай ұрпақ өзіңді таныр әлі.
Іздегенге тіл қатар беттеріңнен,
Теңіздегі тамшыдай қоңыр әнім.
Туын тігіп, Астана – жер ортаға,
Әз шаңырақ!
Хош келдің, Сарыарқаға!
Ару қалам – аяулы Алматымның,
Ала келгін рухын жаңа ортаға.
Хош келдіңдер, жақсы аға,
жан достарым,
Енді, міне...толды ортам,
толды аспаным.
Жақсылықтың жаршысы болғайсыздар,
Жарқылдатып мәрттіктің алдаспанын.
Ербол Шаймерденұлы