«Егеменнің» екі ардагері деп сөз бастауға, бірінің жиырма бесте жалындап, екіншісінің отызында орда бұзған шақтағы бейнелері қаламыңды еріксіз кідіртеді. Туғандарына биыл 102 және 110 жыл толғандары ойға оралады. Сондықтан айтар сырды ағалардың жас шағы деп бастайсың.
Өмірбаяндары ұқсас жандар. Екеуі де ата-анасыз қалып, кеңестің жетімдерге деген қамқорлығын көріп өскен. Бейсембай 1920 жылы Ташкенттегі балалар үйіне қабылданып, бастауыш мектепте оқып, хат тани бастады. Кеңес-партия мектебінде, Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқыды. Университетті 1925 жылы бітіріп, сырттай тілшісі болып жүретін «Еңбекші қазаққа» бөлім меңгерушісі болып келді.
Қасым 1924-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Осында сауатын ашып, алты жыл оқып білім алады. «Еңбекші қазақ» – интернаттан кейінгі екінші үйім тәрізді еді» дейтіні сол кезде. Орынбордағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіргеннен кейін әдебиет факультетіне қабылданды. «1930-1933 жылдары «Социалды Қазақстанның» Мәскеудегі арнаулы тілшісі және жаз кездерінде Шымкент қорғасын зауытындағы көшпелі басылымының редакторы болған едім» деген естелігінде.
Бейсембай мен Қасым. «Egemen Qazaqstan»-ның тарихында елеулі із қалдырған тұлғалар. Екеуі де газетке кезінде үш мәрте келген.
Бейсембай Кенжебаев «Еңбекші қазақ» пен «Социалды Қазақстанда» қызмет істеп, Ілияс пен Бейімбеттің, Ғаббас Тоғжановтың, Тұрар Рысқұловтың үлгісін көрді. Газеттің қара жұмысын өрге сүйрей жүріп, әдебиет тарихын шыңға көтерді. Арыстарды ұлағаттады. Адалдығына барша бас иді.
Батырлардың батыры Бауыржанның өзі: «Мені жұрт батыр дейді, ал мен әдебиет майданының бір батырын білемін – ол профессор Бейсембай Кенжебаев» депті.
Ақындардың ақыны Қуандық Шаңғытбаев:
Мен сенен алғаш бата алдым,
Оңаза жанға от алдым.
Ақынсып, кердең жүргенмен,
Мен сенің әлі ботаңмын – деп сағынады екен.
Қасым Шәріпов 1930-1933 жылдары Бүкілодақтық кино институтында оқып жүріп, «Еңбекші қазақ» пен «Социалды Қазақстанның» Мәскеудегі арнаулы тілшілігін қатар атқарған. Жазғы демалыстарын редакциядағы қызметпен өткізген. Ал 1949 жылы «Социалистік Қазақстанға» редактор болып келді.
Майданда әскери газет редакторы болған. Сол газеттің түпнұсқасынан алдық, соғыста жүріп өлең де жазыпты:
Блиндаж – баспахана, үйім де еді,
Күтерлік командирді күйім бе еді?
Үлгердім «смирно» деп қапелімде,
«Вольно» деп полковник күлімдеді.
Баймолдин Әбілқайыр, – деді атым,
Ұнаттым, тәрбиесін, инабатын...
Әбілқайырды әлі Кеңес Одағының Батыры атанбаған кезінде алғаш көргендегі әсерін осылай жеткізген.
1951 жылғы 29 қыркүйекте «Қазақстан Компартиясы ОК: «...Е.Бекмахановтың кітабы туралы мақаласында қателіктерге жол бергені үшін Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті редакторы қызметінен босатылсын» деген қаулы алды. Төрт жыл өткенде газет басшылығына қайта оралды.
Ал Қазақстан КП ОК бюросының 1960 жылғы қаулысы мынадай: «...республика партия ұйымының идеологиялық жұмысына үлкен нұқсан келтіретін «Тұрар Рысқұлов» мақаласын жариялауға байланысты Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті редакторы және коллегия мүшесі қызметінен босатылсын».
Бүгінгі күн биігінен зерделесек, Қ.Шәріповтің бұл екі әрекеті де қателігі емес, батылдыққа барабар көрегендік.
Енді 1939 жылғы суретке көз салайық. Бейнелері бейне бүгін түскендей айқын-анық. Бейсекеңнің Мәскеуде «Жоғарғы Кеңес хабаршысында» қызметтегі кезі деп болжаймыз. Мәскеу бұлар үшін бір үйі сияқты болған жылдар емес пе? Біз қос ардагерді ақсақал кезінде көрдік. Мына сурет қалың мұрағатта (ҚРОММ, Р-1739-қор, 1-тізбе, 195-іс) жата бере ме? Ағалардың жас шағынан, «Egemen Qazaqstan»-ның есею жылдарынан естелік ретінде ұсынайық.
Тілекқабыл Боранғалиұлы,
журналист
Суретте: Қасым Шәріпов пен Бейсембай Кенжебаев. 1939 жыл, Мәскеу (сурет тұңғыш рет жарияланып отыр)