Солтүстік-Шығыс көлік компаниясы сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын автопаркті іске қосты.
Global Gas Group республикалық энергетикалық жобасы аясында жұмыс істейтін автопарк арқылы Ресейдің Екатеринбург қаласынан сұйық табиғи газ жеткізіліп, еліміздің басқа қалаларына да таратылады.
Солтүстік-Шығыс көлік компаниясы арнайы газ тасымалдайтын цистерналарды сатып алып, орнатуға 600 млн теңге жұмсаған. Мамандардың айтуынша, сұйытылған табиғи газ қоршаған ортаға қауіпсіз. Бағасы да арзанырақ.
«38 жаңа жұмыс орны құрылды. Сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын 10 «Volvo» сатып алынды. Екатеринбургтен сұйық отынды қатырып әкеліп, қайта жабдықтау стансалары арқылы қолданыстағы газды аламыз», дейді Солтүстік-Шығыс көлік компаниясы басшысының орынбасары Олег Сексенбаев.
Желтоқсан айында «Молпродукт» ЖШС-і сұйытылған табиғи газды қайта жабдықтау станциясын ашып, газға көшпек. Жобаны жүзеге асыру үшін 300 млн теңге инвестиция тартылмақ. Әзірге мазут отынын пайдаланып жүр. Мұндай станция Нұр-Сұлтан қаласында және Бурабайдағы Rixos қонақ үйінде ғана бар екен.
Энергетика және ТКШ басқармасының жетекшісі Әділбек Әубәкіровтың айтуынша, газ тасымалдау компаниясы Қазақстандағы Global Gas Group ірі фирмасының еншілес кәсіпорны көрінеді. Ол жергілікті нарықта 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді.