• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қараша, 2019

«Жан Шуақ» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

500 рет
көрсетілді

Елордада Nur Otan партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған дәстүрлі «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Аталған сыйлық елдің мәдени, спорт және қоғамдық өміріне белсене араласқан мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсартуға үлес қосқандарға беріледі.

Жеңімпаздардың бірін марапат­та­ған Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында соңғы үш жылда 20 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысанның мүмкіндігі шектеулі жан­дардың қажеттіліктеріне қарай жаб­дықталғаны, заңдарға 78 түзету енгізіліп, құрылыс талаптары мен ережелері қайта қаралғаны туралы айтты.

– Бүгін осы залға күш-жігері мұқал­ма­ған, өмірге құштар жандар жиналып отыр. Nur Otan ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қашан да қолдау білдіріп келеді. Осы жылдың өзінде партиямыздың қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2 мыңнан астам айрықша қажеттілігі бар азамат өтінішпен келді. Әр төртінші мәселе сол жерде бірден шешімін тапты. Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова біздің Мәжілістегі фракциямыздың өкілі. Бүгінде осындай адамдардың депутаттық қызмет атқаруы, осы санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғайтын тиісті заңдар­дың қабылданатындығын және олар­дың мәселелерінің шешімін табатынын көрсетеді. Nur Otan партиясы мұны жан-жақты қолдайды. Оның үс­тіне, партияның 13 мың мүшесі ерек­ше қажеттілігі бар адам екенін біз үнемі қаперімізде ұстаймыз, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Қазақстан мүгедектер конфедера­ция­сының президенті Жанат Омарбе­ко­ваның айтуынша, «Жан Шуақ» сыйлығы тағайындалғаннан бері, елі­міздің түкпір-түкпірінен келген 60-тан астам қазақстандық жеңімпаз атанды.

– Табысты адам – ол мол ақша тап­қан емес, көп игі істер жасаған адам. Бұл рәсімді Халықаралық мүгедектер күні мен осы марапаттың бастамашысы Иран Омарбековтің ту­ған күні қарсаңында өткізу жақ­сы дәстүрге айналды. Nur Otan пар­тия­сының атынан сайланған депу­тат ретіндегі заңшығарушылық қыз­метімізде еліміздің мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін ешқандай кедергілері жоқ, инклюзивті және дамыған мемлекет болуы жолында жұмыс істейміз. Осылайша, қоғам ерекше қажеттілігі бар адамдарды тең дәрежеде қабылдайтын болады, – деді ол.

Салтанатты шара барысында «Ер­ек­ше қажеттілігі бар азаматтарға деген қоғамдық сананың оң өзгерісіне қосқан үлесі үшін» жүлдесіне Жады­ра­сын Садуақасов, «Еріктілер қозғалысын дамы­ту­­да­ғы жетістіктері үшін» аталымы бойын­ша сыйлыққа Қостанай қа­ла­сынан келген Юлия Заводчикова лайық деп танылды. «Спорт саласындағы жетістігі үшін» аталымы бойынша жасөс­пі­рім­дер арасында Токиода өткен Азия паралимпиада ойындарында 4 медаль жеңіп алған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сиязбек Далиев марапатталды. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәсе­лелері мен өмірін жариялауға қосқан үлесі үшін» сыйлығына Щу­чинск қаласынан келген Қанат Бай­бұров ие болды.

«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» Дина Ерділдинова марапатталды. Оның мүгедектер арбасын жөндейтін орталығы меди­ци­на­лық және әлеуметтік мекемелерде техникалық қызмет көрсетеді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін жасалған үздік жұмыс орны үшін» сыйлығын Ербол Нұрқатов жеңіп алды. «Өнер және мәдениет саласындағы жетіс­тіктері үшін» өскемендік Екате­ри­на Федоренко марапатталды.