Әулиекөл ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Бабадан қалған қазынам» қазақ халық аспаптары аймақтық фестивалі өткізілді. Іс-шараға Қостанай облысының Алтынсарин, Наурызым, Қарасу, Қамысты, Қостанай аудандары мен жергілікті әулиекөлдік өнерпаздар қатысты.
«Бабадан қалған қазынам» атты қазақ халық аспаптарының аймақтық фестивалінің мақсаты мәдени мұрамызды дамыту, аймақтар арасында мәдени байланысты нығайту мен халық аспаптарында ойнау дәстүрін дәріптеу болды. Фестивалдің бірінші кезеңінде ансамбльдер өнер көрсетті. Қазақ халық аспаптары асатаяқ, шаңқобыз, шылдырмақ көне аспаптармен толықтырылып, классикалық әуендер мен халық саздарын нақышына келтіре орындады. Әсіресе, Қарасу ауданы өнер мектебінен келген «Дала әуені», Алтынсарин ауданынан «Ата мұра», Қостанай ауданының «Көк бөрі» этноансамблі, Әулиекөл ауданы өнер мектебінің «Қазына» этноансамблі шығармаларды нәшіне келтіре орындады.
Екінші кезеңде осы аймақтардан келген өлкенің өнер саңлақтары топқа түсіп, өздерінің өнерін көрсетті. Онда Қарасу ауданынан «Илегай» квартетінің, Алтынсарин ауданынан Сахабеден Айбектің, Қостанай ауданынан Мұрат Тілеуғабылотың, Ыбырай Есжановтың, Наурызым ауданынан келген Балмекен Шәкібаеваның, Қамысты ауданынан келген Мади Байзақовтың, Әулиекөл аудандық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Алмаз Хамитбековтың өнеріне көрермендер тәнті болды.
Әулиекөл мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жібек Кәкімжанқызы іс-шараға қатысқан барлық өнерпаздарға алғысын айтып, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы, рухани мәдениетімізді жаңғыртуда бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы