Өткен 10 жылда жиһаз саласындағы өндіріс көлемі 2 есе өсті (19,3 млрд теңгеден 38,6 млрд теңгеге дейін), ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 3 есе өсті (571,5 млн теңгеден 1 710,2 млн теңгеге дейін). Бұл туралы бүгін отандық жиһаз өндірушілердің съезі барысында ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов мәлімдеді.
Биыл Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш өңдеу өндіріс кәсіпорындарының қауымдастығы өзінің жиырма жылдық мерейтойын атап өтуде. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған маңызды сала болып табылады. Бүгінде қазақстандық нарықта осы бағытта 800-ден астам өндіріс ошағы жұмыс істейді. Соңғы 6 жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 1,6 есе артты.
Жиһаз жасау бағытындағы өндіріс ошақтарының басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан, оның көрсеткіші 42,6 % құрайды. Сондай-ақ баршамыз күнделікті өмірде тұтынатын жиһаздардың едәуір бөлігі Павлодар облысында - 8,6%, Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысында - 12,3%, Қарағанды облысында - 6,8%, Шығыс Қазақстан облысында - 6,1 %, Шымкент қаласы және Түркістан облысында - 8,2% өндіріледі. Отандық жиһаз өндірісінің кәсіпорындары сапа менеджменті және экологиялық менеджмент жүйесіне сай, заманауи дизайн сертификаттарымен расталған өнім шығарады.
Қазіргі уақытта Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 2019 жылғы 5 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мақұлданған, 2019 – 2021 жылдарға арналған жиһаз өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруда, оның шеңберінде мемлекеттік қолдау мен экономикалық ынталандырудың бірқатар жүйелі шаралары көзделген, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асты.
Жол картасының негізгі бағыттарына тоқталсақ: жұмыс істеп тұрған өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу, Мемлекеттік сатып алу саласындағы шаралар және қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу және экономикалық ынталандыру шаралары, саланы білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ішкі нарықта дамыту, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңа өндірістерді іске асыру, инвестициялық жобаларды жолға қою болып табылады.
Жол картасын іске асыру аясында жиһаз өнеркәсібі тауарларын мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар орнатылды.
Сонымен қатар жиһаз өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алулар алдын ала біліктілік сұрыптаумен байқау тәсілімен өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілген.
Мемлекеттік сатып алуда алдын ала біліктілік іріктеуінен өту кезінде Индустриялық сертификат беру бойынша талап енгізілді.
Отыруға арналған жиһаз және өзге де жиһаз түрлері шартты шығаруға жол берілмейтін тауарлар тізбесіне енгізілген, сол арқылы сертификатталмаған жиһаз өнімдерін әкелуге тосқауыл қойылды.