• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2019

Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы

935 рет
көрсетілді

Қазақ халқында әке әрдайым ұрпақ тәрбиелеудегі, тұлға қалыптастырудағы маңызды әрі ең байырғы әлеуметтік институт болған. Бүгінде әкелерге тарихи миссия жүктеледі: олар алтын тіні үзіле жаздап барып, қайта ұштасқан ата-баба мирасы мен жас ұрпақ арасын жалғар буынға айналуы, яғни ұрпақтардың асыл сабақтастығын қамтамасыз етуі керек.

Осыдан он жылдай бұрын, 2008 жылы бүкіл Батыс әлемін дүрліктірген оқиға болды және ол Еуропа беталысын ай­қын­даған жайттардың біріне айналды. Әңгіме Германия аза­матының жоғарғы сот органы арқылы өз баласының тәрбиесіне қатыс­пауға жә­не онымен араласпауға қол жет­кізуі туралы болып отыр. Әрине, өз баласынан қашқан әкелер қай заманда да, әр ел­де де кездеседі. Бірақ бұл олар­­дың ар-ожданының, ұят, парасатының мәселесі ретін­де қарастырылатын. Өйт­кені барлық дін мен ұлт та кін­дігінен тараған ұрпағына қамқорлық жасау әкенің па­рызы мен міндеті. Бұл – та­биғат заңдылығы, тұ­қымды сақ­таудың шарты. Аң-екеш аң да, мал-екеш мал да төлін жанын сала қорғайды, «қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіреді. Жануар­дан жаман болғанымыз ба?

Ұзақ жылға созылған, Еуро­па қоғамын қаққа жар­ған бұл атышулы сот ісі герма­ния­лық судьялардың са­насын да сарсаңға салды. 2004 жы­лы Бранденбург соты ана­ның жағына шығып, егер әкесі некесіз туған ұлын тәр­биелеуден бас тартар болса, 25 мың еуро айыппұлмен жазаланатыны жөнінде үкімін жариялады. Судьялар балалар құқығын қорғау маңызды және барлық бала ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқылы екенін алға тартты. Алайда ер адам бұған тоқтамай, немістің жоғарғы сот инстанциясына дейін шағым түсірді. Ақыры 2008 жылы Германия Федералдық конституциялық соты «ешкім де ата-ананы өз баласымен қарым-қатынас жасауға мәжбүрлей алмайды» деген негіздемемен әлгі «көкек-әкенің» көкейін тескен аңсарын заңдастырып берді.

Мұның барлығын не үшін егжей-тегжейлі айтып отырмыз. Әрине, бір жағынан, әкені күштеп тәрбие жұ­мысына тарту балаға да еш жақ­сылық әкелмеуі мүмкін. Әке тәрбиесі адал ниеттен, ақ жүректен, ізгі тілек­тен туғаны жөн. Сонда ол баланың бойына нұр болып да­риды.

Басқа жағынан алғанда, бұл оқи­ға қазақ халқына да сабақ: ол қа­зіргі жаһандану дәуірінде ұлт­тық құн­дылықтарымыз мен ұлттық болмысы­мызды сақ­­таудың маңыздылығын көр­­­­сетеді. Олай болмағанда, қа­зақ хал­­қы жаһандану жұт­қыншағына жұ­тыл­ған ұлттар мен ұлыстардың кебін құшады: пенде ретінде тірі жүр­ге­німен, ұлт ретінде этностық және ру­ха­ни ерекшеліктерінен жұрдай болады.

Бұл жайында Тұңғыш Прези­­дентіміз – Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баев «Болашақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақала­сында жақсы айтты. «Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. ...Жаңғыру атау­лы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шеке­ден қа­ра­мауға тиіс. Егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани та­мы­рынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басым көпшілігі Батыс мемлекеттерінен тұра­тын дамыған елдердің «отыз­дығына» кіруге бет алды. Осы­­ған орай республика жұрт­­­шылығы да уақыт өт­кен са­йын бойы-басын сол мем­ле­­кеттерге, солардың стан­дар­ты­на, дең­гейіне бейім­деуге ұмтыла бас­­­­тау­да. Қазақстандықтар әлеу­­­мет­тік нормалар мен құн­ды­лық­тық бағдар­ларды қа­лып­­тастыруда дамыған әлем үлгі­лерін басшылыққа алады. Сонымен бірге Елбасы ол ор­таға ұлттық кодымызды сақтап қосы­луымыз керектігін атап өт­ті.

Әлгі айтылған оқиға ерне­уінен асып-тасып қайнаған қазан­дай бі­раз­ға дейін еуро­палық ақпарат құ­рал­дарын­дағы буырқанған талай пікір­таластарға тамызық болды. Ба­­тыстық қоғам бұлқына, жұлқына келе, ақыры дәстүрге қарсы, бірақ заң­дастырылған үкімге көндікті. Оқи­ғаның тү­йі­нін айтсақ, еуропалық алапат дау-жанжал дауылының тап ортасы, эпицентріне түсіп қалған байғұс бала ең соңында қос ата-анасынан да тірілей айырылып, балалар үйінен бір-ақ шықты.

Жасыратыны жоқ, некеге және ұрпақты, тұқым-тек­ті жалғастыруға құ­рылған дәс­түрлі отбасы институты дамыған елдерде, әсіресе, Ба­тыс жұртында бірте-бірте күй­реп, жо­йы­лып барады. Мы­­салға, зерттеу нә­тижесі көр­сет­кендей, Германия тұр­ғындарының 39 пайызы ғана отбасылы болып шыққан. Бұл ретте осы есепті түзген неміс­тің статистика мамандары «отбасы» деп ең болмағанда бір ба­ласы бар ата-ананың өзін есепке алған.

Мұның барлығы ғасырлар бойғы небір нəубеттерді, есеп­сіз қиянат-азаптарды басынан өткеріп, қазір ғана саны 18 миллионнан асып оты­рған Қазақ­стан халқы үшін жарамсыз. Мамандардың болжамдық баға­лауынша, республикамыз тұрғындарының саны 2050 жылы 24,5 миллион адамға әзер жетпек.

Оның үстіне бала тәр­­­­­­­бие­сінен безіну қазақтығымызға да, иманы­мызға да жат. Пайғам­барымыз (салааллаһу ғалейһи уә сәлләм) өз хадисінде: «Әке­нің балаға беретін ең үлкен сый­лығы – дұрыс тәрбие» деп, әке тәрбие­сі­нің бала өміріндегі мән-ма­ңы­зын ерекшелейді.

Заманауи әкелердің біразы баламды асырасам, күнделікті керек-жарағына ақша беріп, қажет­тіліктерін өтеп отырсам жеткілікті деп есептейді. Шы­­нында, қазақ халқында әке тәрбиесі сан қырлы және ол фи­зиологиялық, рухани, әлеуметтік, психологиялық, эс­те­тикалық, экономикалық яғ­ни бала өмірінің барлық жақ­­тарын қамтиды. Осы қыр­лар­дың ең құрығанда бір-екісі әке назарынан қалыс қалса, тәр­бие де толыққанды болмай­ды.

Әрине, жұбайының тастап кетуі не өмірден өтуі салдарынан бар баланы бір өзі бағып-қағуға мәжбүр жал­ғызбасты әкелер немесе баласын таңер­тең жұмысқа кеткенде және түн­де оралғанда тек ұйықтап жатқан күйінде ғана көретін жұмысбасты әке­лердің терең тәрбиеге құлаш ұруға мүм­кіндігі де, уақыты да жетпеуі мүм­кін. Бірақ балаға күніне бірер сәт болса да уақыт тауып, көңіл бөлген абзал.

Балаларға дұрыс һәм то­лық­қанды тәрбие беру асыл дініміз – Исламның аса маңызды қағидаттарының бі­рі болып есептелетінін ес­тен шығар­мауымыз қажет. Әр­бір қазақстандық әкенің қа­сиет­­ті бір парызы – баласын ақты қара­дан, шындықты жал­ғаннан, жарықты түнектен, жақ­сы­лықты зұлымдықтан айы­ра білуге баулу болмақ.

Дүниеге келе сала әлем сы­­рын ашып, өмір құпиясына қа­­­нығуға әуес­тенетін кез кел­ген бала үшін әке – жол­бас­шы. Демек, ол баласына өмір­лік оң тәжірибесін табыс­тау­­ға, оның бойындағы қа­жыр­­­лылық пен қай­сарлық қа­сиет­­терін ұштауға, білімі мен мә­де­ниетін дамытуға, оның ин­тел­­лектуалдық деңгейін кө­те­руге мән бер­гені абзал. Әке сү­йемелдеуімен үлкен өмірге аяқ басқан бала батыл болады, жаңаны тануға ұмтылады. Өз кезегінде әке мақтауына лайық болу үшін бала өз әлеуетін жар­қырата жүзеге асыруға ын­тығады. Сондықтан да әкенің қас-қабағы – баланың бас са­бағы.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі