Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз балалардың тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине ешкім де перзентін жаман болсын деп тәрбиелемейді. Бірақ уақыттың ағымы, қоғамдағы түрлі жағдайлардың бәрі де адам санасына өзгеріс әкелмей қоймайды.
Кезіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» қағидасы бүгінде көп жағдайда ескерілмей жататыны да сондықтан болса керек. Бойжетіп келе жатқан бұла қыздардың кейбірінің шалыс басқан бір қадамы өмірлік қасіретке айналуы мүмкін. Жауапкершілік жоғалған жерде ештеңенің де қалмайтынын «ойнап жүріп, от басқан» кейбір бойжеткендердің тағдырынан көруге болады. Бұлай деуімізге себеп, бүгінде Жамбыл облысының білім ошақтарында мектеп жасында жүріп жүкті болып қалған қыздардың көбеюі болып отыр. Nur Otan партиясы балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Рысты Жұмабекова осы мәселе төңірегінде жамбылдық шенеуніктерге шүйліккен болатын. Расында да ешкімді ұрпақтың тәрбиесі бейжай қалдырмауы тиіс.
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 9 айында ерте жүктілікпен тіркелген қыздарға қатысты талдау жұмыстарының жүргізілгенін айтады. Мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша барлығы 13 пен 18 жас аралығында жүкті болып тіркелген бойжеткендердің саны 213-ке жеткен екен. Олардың 113-і бүгінде кәмелет жасына толып қойған болса, 92 қыздың жасы 16 мен 17 жас аралығында болып шықты. Оның ішінде 108 қазақ қызы болса, қалғандары орыс, неміс, дүнген, түрік, әзербайжан, өзбек, күрд, грузин, тәжік ұлтының өкілдері екен. Мәселен, Тараз қаласында 2, Байзақ ауданында 1, Жамбыл ауданында 1, Т.Рысқұлов ауданында 3 және Шу ауданында 1 қыз 16 жасқа дейін жүкті ретінде тіркеліпті. Мұндай жағдайларды бойжеткендердің өз өмірлеріне бейжай қарағанынан туындап отырған мәселе деуге болады. Ал психологтардың айтуынша, қыз бен жігіттің арасындағы алдамшы сезім, сонымен қатар жеке жауапкершіліктің жоқтығы да осындай жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін екен.
«Атап айтқанда, бұл 8 қыздың 4-еуі колледждерде оқып жүріп тіркелсе, қалған 4-еуі мектепте оқып жүріп тіркелген. Бүгінде бұл қыздардың 7-еуі колледж студенті болса, ал біреуі кешкі мектепте оқуын жалғастыруда. Ұлттық бөлінісіне келсек, олардың ішінде 6 қазақ қызы, 1 түрік және 1 орыс қызы бар. 7 қыздың отбасылық жағдайы төмен, 1 қыздың жағдайы орташа», дейді Рахия Тұрмаханбетова. Басқарма басшысының айтуынша, ерте жүктілік бойынша тіркелген бойжеткендердің дені негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққандар екен. Ал олардың мұндай сорақы жағдайға ұрынуына нақты себепті табу тағы қиын. Дегенмен мұндай көкейкесті мәселе төңірегінде бүгінде өңірде қандай жұмыстар атқарылуда деген сауалдың ұшы көрінеді. Әрине мұндай келеңсіз жағдайлар орын алғанда әуелі олардың ата-анасы мен мұғалімдерінің жауап беретіні рас. Бірақ өз ауыртпалығын өзгелерге артқан бойжеткендер неге әуелі өзінің ары мен ұятын ойламады екен деген де ойға қаласың.
Бұл ретте Рахия Тұрмаханбетова ерте жүктілікті және жыныстық сипаттағы, сонымен қатар балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсетудің алдын алу мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтып берді. Ата-аналар қауымын бала тәрбиесіне тиісті деңгейде қамту мақсатында жыл сайын ата-аналар форумы ұйымдастырылып, тиісті Үндеулер қабылдануда екен. «Жасөспірім қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында білім мекемелері үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы білім беру мекемелерінде кәмелетке толмай жүкті болып есепке алынған жасөспірімдердің ерте жүктілігінің алдын алу, сексуалды сипаттағы қылмыстарды ерте анықтау мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды», дейді басқарма басшысы.
Бірақ бұдан да мәселенің шешіліп кетпесі анық. Адам бар жерде мәселе бар. Дегенмен ертең ана болатын бүгінгі қыздарымыздың қызық қуып, жалған сезімнің жетегінде кетіп жатуы ойлантарлық жағдай. Бұған ата-ананы да, мұғалімді де кінәлау орынсыз. Қоғамда әркім өзінің арын, иманын сақтаса ғана өрескел жағдай орын алмайды деуге болады. Ал қыздарды алдаусыратып, бір сәттік құмарлық үшін еркіне тұсау сала алмайтын бозбалалардың да бұл мәселеге келгенде ойланғандары дұрыс-ақ...
Жамбыл облысы