• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2019

Елорданың әуе қақпасы

202 рет
көрсетілді

Егемен елдің еңсесіндей бойын тіктеген елорданың әдемілігін ұшақпен сапарлап келе жатқан әрбір қонақ иллюминатордың әйнегінен байқайды, табаны алдымен әуежайға тиеді. Аспан мен астананың арасын жалғаған бұл «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» – елорданың ғана емес, еліміздің бас әуе қақпасы.

Қонақ келгенін құтқа балайтын қазақ­тай елдің меймандостық мекені екені әуелден әуежайдағы жайлылықтан сезіледі. Асқақтаған астанамыз бас қақ­падан бас сұққан жұртты бауырына бірден тартып тұрады. Елордамен танысу осы әуежайдан басталады.

Астананың іргесінен орын тепкен әуежай 2017 жылдың 21 маусымынан бастап «Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайы» болып атала бас­тады. Мұндай үлгілі үрдіс әлемнің көп­теген мемлекетінде бар. Айталық, алпауыт ел АҚШ-та тұңғыш президенті Вашинг­тонның атында бір әуежай және Нью-Йорк қаласында Джон Кеннедидің атында тағы бір әуежайы бар. Сонымен қатар бауырлас елдер Әзербайжан ас­тана­сындағы халықаралық әуежай Гейдар Әлиевтің, Түркияның Ыстанбұл қала­сындағы әуежай Ататүріктің атымен аталады.

Есілдің бойына елорданы қондырып, ен даланы жаңа қаламен жандандырған Елбасы 2005 жылдың 2 ақпанында астана әуежайының жаңадан салынған жолаушылар терминалын салтанатты жағдайда ашты. Сол тұста осынау тарихи сәтті бас басылым «Egemen Qazaqstan» газеті сүйіншілеп жазып, Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы отырғызу талоны тап­сырылған естелік суретті жариялаған еді.

Жалпы, тарихын тереңнен тартатын астанадағы әуежайдың құрылғанына биыл 88 жыл толды. Бір қызығы, әуе­жайдың ең алғаш ресми түрде іске қо­сылған уақыты Тұңғыш Президент күні­мен сәйкес келіп тұр. Яғни, 1931 жыл­дың 1 желтоқсанынан бастап Ақмола мен Семейдің арасында әуе қатынасы орнаған.

Содан бері талай уақыт өтіп, Арқа төсіндегі әуежай құлашын кеңге серпіп, қанат жайды, әлеуеті артты. Осыдан екі жыл бұрын бүкіл әлем көз тіккен айтулы ЭКСПО көрмесі қарсаңында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» жаңа терминалы іске қосылды. 2017 жылдың 31 мамырында Елбасының өзі салтанатты түрде ашқан жаңа ғимаратта тек қана халықаралық рейстерге қызмет көрсетіледі. Ал бұрынғы терминал ішкі рейстерге арналды.

Жаңа терминал VIP және қарапайым жолаушыларға арналған екі аймақтан, өрт кіреберісінен тұрады. Жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 42 кабина орнатылған. Ал жаңа жүйенің арқасында қол жүктерінің 1200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Терминалдың жалпы ауданы – 47 мың шаршы метр.

Жолаушы өткізу мүмкіндігі жылына 5 млн адамды құрайтын жаңа терминалдың ашылуымен әуежай жылына жалпы 8,2 млн жолаушыға қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» тәулік сайын 200-ге жуық рейс қабылдап, шығарып салады және 14 000-нан аса жолаушыға қызмет көрсетеді.

2018 жылы әуе айлағы 30 мың рейске қызмет көрсетіп, жолаушылар ағыны 4,5 млн жолаушыны құрады. Биыл 5 млн жолаушыға қызмет көрсету жоспарлануда. Былтыр жолаушылар ағыны 6%-ға,­­­ ал рейстер саны 5%-ға артты. Бұл оң көр­­­сеткішке SCAT, «Эйр Астана» және «Аэрофлот» сияқты халықаралық рейс­тер­дің артуы ықпал етті.

Ал ішкі бағыттардың көбеюіне жаңадан іске қосылған Fly Arystan әуекомпаниясының пайда болуы сеп­тігін тигізді. Бұл компания елорда мен Шымкент, Тараз, Семей, Павлодар, Қостанай қалаларының арасын жалғап және желтоқсанда Нұр-Сұлтан-Мәскеу рейсін ашуды көздеп отыр.

2019 жылдың 10 айының қорытын­дысы бойынша жолаушылар ағыны 4,2 млн жолаушыны құрады. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Ал рейстер саны 26 мыңнан асып, 3%-ға көбейді.

Қазіргі кезде әуежай 15 шетелдік жолаушылар авиакомпаниясымен жұмыс істейді. Олардың қатарында Lufthansa, Turkish Airlines, Air China, FlyDubai және Aeroflot сияқты әлемнің ірі авиатасымалдаушылары бар.

2019 жылы Прага, Ұлан-Батыр, Токио сияқты қалаларға жаңа рейс­тер ашылды. Соның нәтижесінде халықаралық бағыттар бойынша қызмет көрсетілген жолаушылар саны артып, 1,5 млн-нан аса жолаушыны құрады.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында тағы бір тарихи сәтке куә болдық. Дәлірек айтсақ, жолаушылардың жай­лылығы үшін ескі және жаңа тер­миналдың арасын жалғайтын жаңа галерея ашылды.