Құрылғанына төрт жыл толған «Алатау» дәстүрлі өнер театры өз көрермендерін тың бастамаларымен қуантып келеді. Аталған өнер ордасында «Елін сүйген Елбасы» деген тақырыппен еліміздің Тұңғыш Президент күніне орайластырылған мерекелік шара өтті. Концертке алматылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты кеште өнер орталығы тікелей Елбасының қолдауымен бой көтергені айтылып, ән мен жырдан шашу шашылды. Есімдері елге танылған жас өнерпаздар фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің сүйемелдеуімен, сырнаймен жыр орындап, қазақтың халық әндерін қобыз үніне қосыла шырқады.
Кеш барысында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы Елбасы жайлы шағын спектакльді сахналады. Театр басшылығы Тұңғыш Президенттің рөлін сомдау актерлерге үлкен жауапкершілік жүктегенін айтады.
«Жалпы спектакльдің құрылымы Елбасының жас кезі, одан кейін Теміртау оқиғасын қамтиды. Және Жоғары кеңес төрағасымен кездесу сахналарын ұйымдастырып, концерттік дүние жасадық. Елбасының болашаққа жолдаған жолдамаларын әрбір актер түсініп, жүрегімен сезіне білуі керек. Ең көп уақыт алған сол сахналар болды», – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының режиссері Жандос Төлеубек.
АЛМАТЫ