Ақтауда танымал жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, публицист және қазақ елінің патриоты Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толуына орай облыстық «Видергебурт» неміс этномәдени орталығы облыстық әмбебап кітапханамен бірлесе әдеби кеш өткізді. Бұл туралы Маңғыстау облысы Ассамблея хатшылығының баспасөз қызметі хабаралды.
Іс-шараға облыстық этномәдени бірлестік өкілдері, мектеп оқушылары қатысты.
«Бірінші тірегім – ата-анам. Екінші рухани тірегім – қазақтың ауылы. Жақсылықтың бәрін мен қазақ ауылынан алдым. Ол кездегі қазақтар бүгінгіден өзгешелеу болатын. Әлдеқайда мәдениеттілеу, бауырластық жағынан әлдеқайда кең пейілді болатын. Жүрегі алтын адамдар еді. Қазір мен ондай қазақ көрмеймін. Қазақтар қазір құлдырап төмендеп, өзінің бар қасиетінен біртіндеп айырылып келе жатқан сияқты. Үшінші рухани тірегім – кітап. Кішкентайымнан кітапқа әуес болдым. Көп оқыдым. Үш тілде. Мені адам қылған осы менің рухани үш тірегім» деген Г.Бельгердің шығармашылығы жайлы ой өрбіткен бірлестік өкілдері жиналғандарға кеңінен мәлімет берді. Ұлты неміс болса да, жүрегі қазақ деп соққан жазушының өмірі мен шығармашылығы жөнінде деректі фильм көрсетілді. Танымал жазушы 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Кездесуге қатысқан мектеп оқушылары оның қайталанбас туындылары жайында біраз мәліметке қанықты.
Маңғыстау облысы