Алматыда жыл басынан бері 791,6 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, сальдоланған қаржылық нәтиже 136,7 млрд. теңге сомасындағы табыс ретінде анықталса, пайдалылық деңгейі 10,3 пайызды құрады.
Павлодар облысында «Жұлдызды Жасыбай» атты ретро фестиваль өтті. Жылдағыша Баянауыл жерінде керуен керген өнер мерекесінде Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева, Рамазан Стамғазиев, Жанар Айжанова, Жанна Орынбасарова сынды эстрада жұлдыздары мен «Жігіттер», «Алашұлы», «КZ» топтары Жаяу Мұсаның, Майраның, Естайдың, Иса Байзақовтың әндерін шырқады.
Шығыс Қазақстанның туристік нысандарында автомобиль жолдары жөнделуде. Былтыр 11 бағыт бойынша қолға алынған автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары «Таңсық бекеті - Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жолының құрылысынан басталды. Мердігерлер келесі жылы осы жолды пайдалануға бермекші.
Жазушы Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалар жинағы шықты. Биыл қарымды қаламгердің туғанына 70 толуына арнап шығарылған бұл кітаптың тұсаукесері Алматыда 23 шілде күні Ұлттық кітапханада өтеді.
Қостанай облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 360 млн. теңге шағын несие берілді. Бұл – 2012 жылға қарағанда, 225 млн. теңгеге артық. 2013 жылдың 1шілдесінде 173 шағын несиеге 310 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда қаржылай қолдау қоры 399 млн. теңгенің өтінімін мақұлдаған.
Археологтар Тараздағы ескі базардың орнынан көне шаһардың мәдени орталығын тапты. Екі жылдан бері жүріп жатқан жұмыстар барысында бұл жерден шыққан жәдігерлердің ХІ-ХІІ ғасырлардағы қараханидтер дәуіріне тән екені де анықталды.
Атырауда патшабалық шабақтары су қоймаларына жіберілді. Барлығы салмағы мен бойы қажет дәрежеге жеткен 10 мың шабақ шығарылды. Тоған шаруашылығын құруға арналған жабық цикл инвестициялары 75 млн. теңгені құрайды.
«ҚазАқпарат», «Қазақстан жаңалықтары», Bnews.kz, TengriNews, EgemenNews хабарлары бойынша дайындалды.