• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Қараша, 2019

Елордада Qazaq Geography бірлестігінің V съезі өтті

316 рет
көрсетілді

 Ұлттық музейде Qazaq Geography республикалық қоғамдық бірлестігінің V съезі өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Qazaq Geography Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерделеу, экотуризмді дамыту және Қазақстан халқының рухани құндылықтарының тұтастығы мен жаңаруын сақтауға бағытталған басқа да маңызды жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде», - деді съездің ашылу рәсімінде Qazaq Geography Төрағасы А.Мамин.

Ол Qazaq Geography бірлестігінің танымалдылығы мен оның өңірлік өкілдіктерінің белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.

«Ортақ іске көптеген адамдар, нағыз кәсіп иелері жұмылды. Әсіресе, жастарды бұл салаға тарту аса маңызды. Біздің жеріміздің географиясы мен тарихын білу әрбір қазақстандықтың басты қызығушылығына айналуы тиіс», - деді А. Мамин.

Шара қатысушылары Qazaq Geography Жарғысының жаңа редакциясын бекітті, онда бірлестіктің қызмет түрлерін, сондай-ақ оның Қазақстанның барлық өңірлеріндегі өкілеттіліктерін арттыру қарастырылады. Сонымен бірге, Qazaq Geography съезін ұйымдастыру және өткізу тәртібі, бірлестік мүшелері мен мүшелігіне кіру тәртібі, Qazaq Geography Төрағасы туралы ережелер қабылданды.

Qazaq Geography Қамқорлық кеңесінің төрағасы болып Кәрім Мәсімов, Басқару кеңесінің төрағасы болып Орман Нұрбаев, Медиа кеңес төрағасы болып Дәурен Абаев сайланды.

Съезде Qazaq Geography бірлестігінің өңірлік өкілдіктерін Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында ашу туралы шешім қабылданды, бұл еліміздің барлық өңірлерін бірлестікпен қамтуды қамтамасыз етеді.

2019 жылдың есебі мен 2020 жылға арналған жоспарлар туралы Qazaq Geography бірлестігінің басқарма төрағасы Жаңа Рүстем айтып берді.

Qazaq Geography бірлестігін дамытуға белсене қатысқаны және оған қосқан үлесі үшін бірлестіктің бірқатар мүшелері мен серіктестері мақтау қағаздарымен және естелік кәдесыйлармен марапатталды.

Съезд жұмысына Qazaq Geography Қамқорлық кеңесінің мүшелері, Бірлестіктің өңірлік өкілдіктерінің басшылары, Үкімет мүшелері, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басшылығы, БҰҰ ДБ, Қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының өкілдері, бизнесмендер т.б. қатысты.

Съезд аясында «Ас - арқау» фотокөрмесі ұсынылып, этнограф Айгерім Мұсағажинованың «Қазақы ас: дәстүр мен дәм» атты кітабы таныстырылды.

Qazaq Geography РҚБ 2013 жылы 16 қазанда құрылған, 900-ден аса мүшелері мен 50-ден аса серіктес ұйымдарын біріктіреді. Өткен жылдары Qazaq Geography 17 экспедиция, 15-тен астам конференция, форумдар мен фестивальдер ұйымдастырды, 16 кітап, фотоальбом, жол нұсқаулықтары мен карталар шығарылды, 70-тен аса білім беру, табиғатты қорғау және экотуристік жобалар іске асырылды.

2019 жылы Бірлестік  Nazarbayev University-мен бірге жыл сайынғы «Арал-2019» ғылыми экспедициясын, ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірге «Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясын, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан бойынша «Жібек жолы - диалог жолы» халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Биыл қараша айында Qazaq Geographу Азия географиялық қауымдастығы (AGА) мен Халықаралық география конференциясының (CCG-2019) съезіне Қазақстанның өкілі ретінде қатысты.  

Жыл бойы күн сайын география пәнінің мұғалімдері мен оқушылар үшін танымдық экскурсиялар, ғалымдардың, география, экология және шектес пәндер бойынша саяхатшылар мен фотографтардың шеберлік кластары мен дәрістері, ойын түріндегі квест-экспедициялар, географиядан олимпиадаға дайындық жүргізілді.

Қазақстанның Ресейдегі апталығы аясында «Павлодар облысының жәндіктерінің макрофотографиялары», «Менің Қазақстаным» және «Ең ғажайып ел», «География – мәдени перспектива желісі», «Қызғылт қаршақаздың ұшу жолы» көрмелері ұйымдастырылды, бұл шараларды 4 мыңнан астам адам тамашалады.