• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Желтоқсан, 2019

Қоғамдық тәртіпті Нұрсұлтандар қорғайды

448 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция қатарында Тәуелсіздік жылдары туған Нұрсұлтан есімді 19 тәртіп сақшысы қызмет етеді.

23 жастағы полиция сержанты Нұрсұлтан Қанғожин СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасында қызмет етеді. Нұрсұлтан бала кезінде қандай мамандық иесі болатынын білмесе де есейе келе марқұм әкесінің жолын қуды. Әкесі Серік Қабидоллаұлы Петропавл қалалық ішкі істер бөлімінде кезекші болып қызмет атқарған еді.

Нұрсұлтанның отбасы Елбасын ерекше құрметтейді, ал әжесі немересі туғанда Елбасыдай азамат болсын деген тілекпен оның есімін Нұрсұлтан деп қойыпты. Нұрсұлтанның атасы ақын Мүтәлләп Қанғожин Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып, кітабын сыйға тартқан. Ақсақал немересіне үнемі: «Нұрсұлтан сияқты адал, дана, мейірімді бол» - дейді екен.

Ақсақалдың өсиеті жас полицей үшін өмірлік ұстанымға айналды. «Басыма бұлт үйірілген кезде жақындарым есіме түседі. Марқұм әкем, әлі күнге дейін жанынан жырын тастамайтын атам, 1942 жылы Тверь облысындағы қан майданда із-түссіз жоғалған арғы атам жаныма демеу болады», дейді ол.

Солтүстік Қазақстан Полиция департаментініңКөші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов Нұрсұлтанның бойындағы кәсібилігін ерекше атап өтті: «Нұрсұлтан Қанғожин Көші-қон қызметі орталығына жүгінген азаматтарға қызмет көрсетеді. Ол кез-келген адаммен тіл табысып, проблеманың мән-жайын анықтай алады», деді.

Полиция сержанты Н.Қанғожиннен басқа облыстың ішкі істер органдары қатарында Н.Назарбаевтың тағы да 18 аттасы қызмет етеді. Қойылған есімнің жүгі оларды заңға және халыққа адал қызмет етуге міндеттейді, дейді СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысы