• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Желтоқсан, 2019

БҰҰ-ның Найробидегі саммиті қазақ әншісі Қалианың «Қыз тағдыры» әнімен басталды

267 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының осыдан 25 жыл бұрын Каирдан бастау алған Халықтың қоныстануы және дамуы халықаралық конференциясы биыл қараша айында Найробиде (Кения) жалғасын тапты. Осылайша әлем 12-14 қараша аралығында аталған саммиттің ширек ғасырын атап өтті. Дүниежүзіне мәшһүр бұл жиын ұрпақ денсаулығы мен репродуктивтік құқықтарды қорғаудың тұтас бір межесі. Әлем елдері 6 мыңға жуық өкілдері жиналған БҰҰ-ның тарихи конференциясына жоғары деңгейдегі Қазақстан делегациясы да қатысып, осы 25 жылдық жолда қол жеткізілген табыстар мен әлі кенже қалған көкейкесті жағдайларды талқылады.

Каир мен Найроби саммиттері аралығындағы Қазақстан

Биыл жоғары деңгейде өткен Найроби саммиті 25 жыл бұрын Каирде қабылданған ХҚХК әрекет­тері бағдарламасын 2030 жылға қа­рай түпкілікті және толық жүзе­ге асыру үшін саяси еріктілік пен­ қар­жылық міндеттемелерді шоғыр­лан­дыруды мақсат тұтады. Бұл мін­дет­темелер отбасын жоспарлау мен ақпараттандыруда бірде бір адамның да көңілінде қаяу болмағанын, бала үстінде кеткен аналардың өлім-жі­ті­мін түбірімен жойып, қоғамдағы қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан арыл­тып, әйел адамдар мен жасөспірім қыз­дарға қатысты зиянды әрекеттерді түпкілікті тыюды көздейді.

Қазақстан ұлттық делегациясының құрамында Парламент Мәжі­лі­сінің әлеуметтік-мәдени даму­ ко­ми­те­тінің төрайымы, Прези­дент жа­нын­дағы Әйелдер істері және от­ба­сы­­лық демографиялық саясат­ жө­­нін­­­дегі ұлттық комиссияның төр­айы­­мы Гүлшара Әбдіқалықова, Ден­саулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, СІМ көпжақты ын­тымақтастық департамені дирек­торы­ның орынбасары Олжас Тоғыз­баев, ДСМ Қазақ дермотология және жұқпалы аурулар ғылыми ор­та­лы­ғы­ның директоры Бауыржан Бай­серкин, Y-PEER Ұлттық жастар волон­терлық желілерінің жетекшісі Кәмила Тұяқбаевалар болды.

Найробидегі саммит KALIA лақап атымен танылған қазақстандық әнші, БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы мен дамуы саласындағы спикері, елі­міздегі қыз балалардың құқығы мен репродуктивтік денсаулығына қа­тысты ілкімді бастамаларға белсене араласып жүрген Ақмаржан Көшер­баева­ның «Қыз тағдыры» атты әнімен ашылды.

«Біздің еліміз осы жылдарда ана­лардың өлім-жітімін төмендетіп, гендерлік теңдікке қол жеткізуде сөз­сіз үлкен жетістіктерге жетті. Бізге сек­­суалдық және репродуктивтік ден­саулықты нығайтуға инвестиция салуды жалғастыру қажет. Қа­зақстан 2020 жылдан бастап мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыруды қаржыландырудың жаңа үлгісіне көшеді. Қазақстан Үкіметі осы өтпелі кезеңде денсаулықты сақтауға кететін шығындардың қаржылай мін­­деттемелерін өз мойнына алады.­ Ден­саулықты сақтауға кететін қар­жы­лық шығындар алдағы бес жылда екі есеге көбейіп, денсаулықты қор­ғауға кететін шығындар биылғы ІЖӨ-нің 3,2 пайызынан 2025 жылға қарай 5 пайызға дейін артады. Бұл медициналық сақтандыруды ре­формалау арқылы жүзеге асады. Сақ­тан­дырудың жаңа үлгісіне көшу Қазақстанға 2020 жылдан бас­тап 28 жасқа дейінгі жастар мен жас­өспірімдердің репродуктивтік ден­сау­­лығын қорғауда амбулаториялық қызметтің қосымша 91 түрін жабуға мүмкіндік береді», дейді Қазақ де­легациясының жетекшісі Гүлшара Әбдіқалықова.

Саммитте Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләзззат Ақ­таева да Қазақстанда жүйелі атқа­рылып жатқан шаралардың ма­ңыз­ды­лығын атай келе, нәтижесінде соңғы 10 жылда аналардың өлім-жітімі 2,6 есеге, сәбилердің шетінеуі 2,3 есеге, өлі туған шараналар 1,2 есеге, ал жасөспірімдер арасындағы жүктілік 35 пайызға төмендегенін атап өтті.

Вице-министрдің мәлімдеуіне қарағанда, Қазақстан тағы бір аса маңызды заңнамалық міндетті мойнына алып отыр. Бұл – ата-аналарының келісімінсіз, өз беттерінше медици­на­лық көмекке жүгіну жасын 18-ден 16 жасқа дейін төмендету. Бірақ мұның жасанды түсік жасатуға қатысы жоқ.

«Ана мен баланың денсаулығын сақтау жөніндегі мемлекеттік сая­си шаралар елдің басымдыққа ие мін­­дет­темелерінің бірі. Қазақ­стан­дық­тардың репродуктивтік ден­саулы­ғын жақ­сартуда жүйелі, кешенді шаралар легі 2025 жылға дейінгі мем­лекеттік ден­саулық сақ­таудың жаңа бағдар­ламасында көрініс тапқан», дейді вице-министр.

Халықтың қоныстануы және дамуы конференциясы әлемді қалай өзгертті?

Жоғарыда атап өткендей, 1994 жылы Каирдегі Халықтың қоныстану және даму конференциясында әлем­нің 179 мемлекеті, оның ішінде Қазақ­стан да Іс-қимыл бағдарламасын әзір­леп, әйелдердің репродуктивтік ден­сау­лығы мен құқықтары ұлттық және жаһан­дық дамуда орталық мәнге ие болуы керектігі туралы үндеу жария­лаған.   

Бұл құжат баршаның репродуктив­тік денсаулықты сақтаудағы кешенді қызметтерге қолжетімділігін қамта­ма­сыз етуге шақырып, отбасын жос­пар­лауды, қауіпсіз жүктілік пен босану, сондай-ақ жыныстық жолмен бе­рі­летін инфекцияларды емдеуді де қамтиды.  

Сондай-ақ репродуктивтік ден­сау­лық пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің өзара бай­ланысты екендігі және қоғам үшін аса маңыздылығы атап көрсетілген.  

Қысқасы, Халықтың қоныстануы және даму конференциясына нендей жағдаяттар алып келді?  Сонау 1960 жылдары, әлемдегі өлім-жітім деңгейі төмендей бастаған кезде кейбір зерттеушілер мен саясаткерлер халықтар санының табиғи ресурстардан асып кетуі, олардың ойынша, тіпті мұның соңы аштық пен әлеуметтік коллапсқа әкеп соқтыруы мүмкін деген  мәселе көтеріліп, дабыл қаға бастайды. 

Осыған жауап ретінде Үкіметтер­дің әрекеті төмендегідей болады. Кей­бір елдер халық санының өсуі­нің экономикаға және қоршаған ортаға әсерін зерттей бастаса, кей мем­­лекеттер отбасын жоспарлау бағ­­дар­ламаларына күш-жігерін арнай­ды, ендігі бір ұлттар туу деңгейін тө­­мен­­дету үшін мәжбүрлі шаралар қа­былдауға көшеді.  

Халықтың қоныстану және даму конференциясы іс-қимылының бағдар­ламасы әлемдік қауымдастықты бірік­тіріп, халықтың өсуіндегі жаңа консенсусты көрсетті. Демек, халықтың нысаналы көрсеткіштері емес, адам құқықтары мен қадір-қасиеттері әрбір адамның ұрпағын жалғастырудағы мақсаттарын іске асырудың үздік тәсілі болып табылады. 

Ал осыдан 25 жыл бұрын Каирға Қазақстан атынан барған 8 делегаттың бірі, акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Қайыпова  конференцияның 25 жылдығына арналған ЮНФПА-ның таяудағы іс-шараларының бірінде бас­ты  спикерлердің бірі болды.

Нина  Қайы­по­ва Каирдегі кон­ферен­ция 25 жылда Қазақстанға қа­лай әсер ет­ке­ні туралы пікі­рімен бө­­лісе келе, бұл Қазақ­стандағы бір­қа­тар серпінді институционалды өзге­рістерге жол аш­қанын атап өтті.

«10 мыңға жуық адам қа­тыс­қан Каир кон­фе­ренция­сы­ның Іс-­қимыл бағ­дарламасы 14  тараудан тұрады. Ең бастысы, 1995 жылы біздің Тұңғыш Президентіміз Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөніндегі кеңесті құрды. Бүгінде кеңестің базасында Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылған, біз БҰҰ-ның Халықтың қоныстану және даму қорымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бірақ, ең маңыздысы 1996 жылы Нафис Садик ханым біздің Республикалық ғылыми орталықтың базасында Каир конференциясының Іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде Азия-Тынық мұхит өңірі үшін  конференция өткізіп, 11 мемлекет қатысты. Нафис Садик ханымның Қазақстанды таңдауы кездейсоқ емес еді. Өйткені Каир конференциясынан кейінгі есептерде көрсетілгендей, біз ЮНФПА-мен жемісті, қызықты және шығармашылық тұрғыдағы жұмыс істегеніміз атап көрсетілген болатын», дейді.

Найробиде 25 жыл өткен соң тағы нені талқылады?

Өз кезегінде Халықтың қоныс­та­нуы және дамуы комиссиясы да жыл сайынғы отырысында  БҰҰ бүкіл әлем­дегі репродуктивтік денсаулық пен құқықтардың жай-күйін қарас­ты­рады. Бұл әйел құқықтары мен мүм­­кіндіктерін молайту, қыз бала­лар­ды оқыту және гендерлік зор­лық-зомбылықты жою жолында жұм­салған күш-жігерлердегі жетіс­тіктер мен жіберіп алған мүмкіндіктерді де қамтиды. Жыл сайынғы шолулар алда тағы қандай жұмыс тұрғанын көр­сетеді. Өйткені аталған келісім­нің жасал­­ғанына 25 жыл өтсе де үлкен  про­­гресс баяулап, кейбір шаралар то­қы­рап қалған. 

Өкінішке қарай, алдын алуға болатын ана өлім-жітімі 40 пайызға азайса да, әлем әлі де Халықтың қоныстануы және даму конференциясының Іс-қимыл бағдарламасы алдына қойған кейбір мақсаттардан қашық тұр. 

Күн сайын жаһанда 830 әйел босанып жатқанда көз жұмады. Күн сайын 33 мың кәмелеттік жасқа жетпеген қыздың некесі қиылады.

Жыл сайын әрбір бесінші әйел ер-азаматтар мен күйеулері тарапынан зәбір көреді. Саяси қақтығыстар мен шие­леністердің, табиғи апаттардың сал­дарынан босқын болған 5 миллиондай жүкті әйел медициналық көмекке зәру.

Бүкіл әлемде 232 миллион әйел қа­жет­ті препараттарға қолы жетпеген­дік­тен жүктілігін жоспарлай алмайды.

Бұл мәселелерді ретке қою үшін қоғамға әлі де өте күрделі жұмыстарды атқаруға, күш біріктіруге, таптаурын түсініктерді өзгертуге, осының бәрін еңсере алатынына сенуге тура келеді.  

 

АЛМАТЫ