• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Желтоқсан, 2019

«Құтыдан шыққан бала» ана болды

1807 рет
көрсетілді

Жасыратын несі бар, бұл күнде ЭКҰ арқылы сәби сүю қалыпты жағдайға айналса да, «құтыдан шық­қан» бала кәдімгі баладай дені сау, ақыл-есі бүтін бола ма деген сауал олардың ата-аналарын да, мамандарды да аз алаңдатпағаны анық.

Осыған қарамастан әлемде бүгінге дейін ЭКҰ арқылы 6,5 миллионнан астам адам дүниеге келді. 42 жыл бұрын сәтті жүзеге асырылған ЭКҰ әдісі қазіргі таңда үйрен­шікті жағдайға айналып қана қоймай, мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасына да енгізілді. Бірақ әлі де болса ЭКҰ технологиясының айналасында қауесет пен дақпырт кезіп жүр.

Сонымен биыл қазан айының қақ ортасында елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы осыдан 22 жыл бұрын дүниеге келген қазақстандық қыз ана атанып, дүниеге өзі табиғи жолмен перзент әкелді. Осылайша ЭКҰ арқылы дүниеге келген адамдар да ата-ана бола алатыны кезекті рет дәлелденіп, күдік пен қорқыныш сейіле түсті.

Дәрігерлер әйелдің табиғи жолмен бо­санғанын, нәресте уақтылы және дені сау болып дүниеге келгенін қуана хабарлады. Сәбидің салмағы да қалыпты – 3,200 грамм.

Дегенмен, осы арада оқырманды адастырмау үшін айта кеткен жөн. Бастапқыда кейбір БАҚ өкілдері «Қазақстанда осыдан 24 жыл бұрын ЭКҰ арқылы дүниеге келген алғашқы қыз ана атанды» деп ақпарат таратқан болатын. Мұның анық-қанығы төмендегідей.

– ЭКҰ көмегімен туған балалардың өздері табиғи жолмен балалы бола ала ма деген сұрақ талайларды мазалайды. Қазақстанда ЭКҰ-дан туған бірінші қыз бала 1996 жылы біздің әріптестеріміздің көмегі арқылы дүниеге келген. Бірақ ол әлі тұрмысқа шыққан жоқ. 1997 жылы біздің орталықта Алеся Шин туылды. Міне, сол қыз табиғи жолмен біздің орталықтың 22 жылдық тарихында алғашқы  ана болып отыр, – дейді жоғары санаттағы дәрігер-репродуктолог, Репродуктивтік медицина орталығының медициналық директорының орынбасары Людмила Баделбаева. 

Людмила Баделбаева 1996 жылы ұзақ уақыт бойы бедеулікпен алысып, ана болудан күдерін үзе бастаған пациентіне ЭКҰ бағдарламасын жүргізеді. Бірінші ұрық­тандыру сәтсіз аяқталғанына қарамастан, келесі айда бірден оған екінші мүмкіндік беріліп, жүктілікке қол жеткізілген. 

Орайы келіп тұрғанда айту парыз. 1995 жылы 18 сәуірде еліміздің танымал эмбрио­лог-репродуктологы бедеулікті емдеу бо­йынша емханасын құрғаны аян. Шындығында, еліміздегі ең алғашқы ЭКҰ арқылы жарық дүние есігін ашқан қыз Алеся Шиннен бір жыл бұрын кішкентай ғана осы лабораторияда құрсаққа бітеді. Ал бұл баланың «авторы» – Салтанат Байқошқарова. Бұл жұрттың бәріне мәлім оқиға. Оның архивтік бейнежазбалары мен фотоматериалдары, сол кезде елді елең еткізген жаңалық жарияланған газет-журналдарды мұрағаттардан оңай табуға болады. Қазақстандағы алғашқы «құтыдан шыққан» қыздың жасы бүгінде 23-те. Ұлыбританияда жоғары білім алып жүрген жайы бар. Дені сау. Әзірге тұрмысқа шықпағандықтан, балалы болуды да жоспарлай қоймаған.