Жуырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты «Мың келбетті жастық шақ: Алматы қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің әлеуметтік-психологиялық портреті» атты зерттеу жүргізді.
Осылайша Алматыдағы студент қыздардың кәсіптік дағдыларын зерттеу арқылы олардың өмірлік құндылықтары мен ұстанымдарын анықтаудың өзіндік жобасы атқарылды. Сонымен қатар зерттеу барысында жоғарғы оқу орындарының оқу-тәрбиелік көрсеткіштеріне де талдау жүргізілді.
Институт мамандарының айтуынша, сауалдама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы менеджмент университеті, Шет тілдері және іскерлік мансап университеті, Сүлеймен Демирел университеті мен М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын қамтыған.
Әлеуметтік зерттеу барысында студенттердің жоғары оқу орнын таңдауына, кәсіптік бағдарға көзқарасына, бюджет көздеріне, саяси бағдарлауға, бос уақытты өткізуге, әлеуметтік сәйкестілікке, некеге тұруға, репродуктивтік және гендерлік бағдарламаға қатысты сұрақтар қойылды.
– Бүгінде жастар психологиясының тұрақсыздығынан, қоғамда өз орнын таба алмауынан, білім және діни сауатының төмендігінен, еңбек нарығында шеттетілуінен және бос уақытының көптігінен олқылықты жайттарға тап болады. Зерттеу барысында жастардың, соның ішінде қыздардың мәдени, рухани өміріне жете мән беріліп, толыққанды тұлға тәрбиелеу және олардың өз істерін ашу бағытында қандай жұмыстар атқарылуы тиістігі екшелді, – дейді Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының мамандары.
Респонденттер «Бұл мамандықты не үшін таңдадыңыз?», «Үш тілділік идеясына қалай қарайсыз? Ағылшын тілін оқытудың сапасы қанағаттандыра ма? Ағылшын тілін меңгеруде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?», «Университет дипломы қыздарға ма, әлде ұлдарға маңыздырақ па?», Университет дипломын алғаннан кейін ер адамдарға жұмысқа тұру қыздарға қарағанда жеңілдеу ме? Әлде екеуіне де тең дәрежеде ме?», «Әлеуметтік белсенділік бізге не береді? Ол не үшін қажет?», «Білім алу ата-ананың қаражатына байланысты ма немесе мүмкіндік болса басқа оқу орнын таңдайтын ба едіңіз?» сынды сауалдар төңірегінде өз ойларымен бөлісті.
«Шетел азаматына тұрмысқа шығу. Бұл дұрыс па?» деген сұраққа байланысты бойжеткендердің басым бөлігі мұны құптамайтынын айтты. Нәзікжандылардың пайымдауынша, қыздар шетелдік азаматқа әлеуметтік жағдайын түзету үшін жар болады. Ал сауалдамаға қатысушылардың бір тобы отбасылық бақыт ұлтқа немесе дінге байланысты емес деген пікірде.
– Сауалдамаға мыңға жуық бойжеткен қатысты. Оны жүргізу үшін Қыздар университетінде арнайы 9 фокус топ ұйымдастырылды. Осы тақылеттес сауалдама алдағы уақытта жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің арасында жүргізіледі, – дейді жоба авторлары.