• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2013

Өнеге ордасы

417 рет
көрсетілді

Әлемде айналдырған он бес жыл ішінде төрткүл дүние таңғалатын астана тұрғызған ел жоқ десек қателеспеспіз. Әрідегі Ақмола, күні кешегі Целиноградтың қан­дай қала болғанын халық біле­ді. Міне, осындай жүдеу қала ор­нына ажарлы Астананың бой көтеруі Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың сарабдал саясаты мен көсемдік көрегендігінің жемісі екені сөзсіз. Бұл – айқын ақиқат, тарихи шындық.

Сәулетті де көрікті ғимараттар салумен бірге, Астананы рухани дамудың орталығына айнал­ды­рудағы қадамдар арқылы ілгері­леушіліктің де іргетастары осы елордада қаланып жатқаны шын­дық. Жалпы, Астана қай жағынан өңірлерге өнеге ордасы болып отыр. Елордадағы көркі көз тартатын мәдени және әлеуметтік ғимараттар қатары жыл санап толыға түсуде. Басқасын былай қойғанда, жақында ғана пай­далануға берілген 3000 орындық «Астана Опера» опера және балет театрының өзі неге тұрады.

Батыс пен Шығыстың озық сәулет өнерін бойына жинаған Арқадағы ару қаланың келешегі кемел екеніне қазірдің өзінде көз жетіп, көңіл қуанады. Әр бар­ған сайын ажары айшықтала түсетін елорданың бүгінгі даму қарқыны өңірлерді де ізінен ілестіруде деу орынды болмақ. Өңірлер Астанаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Елорда тек сәулетімен ғана емес, еліміздің инновациялық жүрегіне айналуымен де өнеге болуда. Ғылым мен білімнің игі бастамалары да осынан арна тартуда. Астанадағы Назарбаев Университеті, Назар­­баев зияткерлік мектебі ғылыми ізденістерге ізашар жасап отыр­ған іргелі оқу орны ретінде қалып­тасқаны белгілі. Облыстың орта­лығында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып жұмыс істеуде. Бұл жастардың терең білім алып, еліміздің экономикалық даму мүмкіндіктерін жаңа сатыға көтеруге қызмет ететін болады.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Астана – Қа­зақстанның ұлы дәуірі және стра­тегиялық векторы» атты мақа­ла­сында әлемде ғылым мен білім бәсекелестігі алғы кезекке шыққан қазіргі кезде инновациялық дамудың қажеттігі атап өтілуі тегін емес. Осы бағыттағы Астанадағы игі қадамдар өңірлерге үлгі-өнеге болады. Біздің Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университеті астаналық әріп­тестерімен қоян-қолтық жұ­мыс істейді. Соның нәтижесінде оқу орнына қарасты емдеу орындарында осы заманғы медициналық қондыр­ғылар орнатылып, күрделі операциялар жасауға қол жеткізіліп отыр. Бұрындары Астанада ғана жасалатын ең бір күрделі операцияларды өзімізде жасауға Астана ғалымдарының да қолдау-көмегі болғанын айту орынды. Болашақ дәрігерлерге сапалы білім, саналы тәрбие берудің заманауи тәсілдерін енгізіп, қолдануға бағыт ұстаудамыз

Қазір біздің университетте ең­бек ететін 450-ден астам ұстаз­дың 40-тан астамы медицина ғы­л­ым­дарының докторы, 180-нен астамы ғылым кандидаттары бо­лып табылады. Биыл алғашқы түлек­­терін ұшырғанына 50 жыл тола­тын жоғары оқу орнында 5 мың­нан астам болашақ дәрігер оқиды. Соңғы жылдары университет түлектері ауылдық жерлерге барып, халықтың денсаулығын сақ­тауға үлес қосуға ықыласты бола түсуде.

Қазақстан қоғамының бірлігін нығайтуда, барлық этностар мен конфессиялар арасындағы достықты орнықтыруда Астана өңірлерге сәуле шашады, нұрын төгеді. Оны өзім еңбек ететін жоғары оқу орнындағы ізденісті қадамдардан, облыстағы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардан көремін. Міне, бұл Астанадан арна тартатын іргелі істердің, мәдени дамудың өңірлерде жалғасын табатынына сендіре түседі. Елорданы өнеге ордасы деуім де сондықтан.

Сүйеш ЖАРМАҒАМБЕТОВ,

Марат Оспанов атындағы мемлекеттік

медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты.

Ақтөбе.