1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі және Маңғыстау облысы «TaeKwonDo GTF» федерациясының құрылғанына 7 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында Ақтау қалалық чемпионат өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы «TaeKwonDo GTF» федерациясы жанындағы ата-аналар комитеті хабарлады.
Жарыста үш клубтың спортшылары өзара мықтыларды анықтады. Атап айтқанда Сәттіғұл Әбітов жетекшілік ететін «Өрлеу», Бүркіт Исакұлы бастаған «Taifun» және Бақберген Мұратбаев тізгіндеген «Dragon» клубы.
Айта кету керек, чемпионат қорытындысы бойынша облыстың жаңа құрама командасы жасақталып, Орал қаласында өтетін «Батыс Кубогы» республикалық ашық турнирде өнер көрсетеді. Ал 2020 жылы қаңтар айында Шымкент шаһарында ел біріншілігі өтеді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында ашық халықаралық турнир өткізу көзделген. Ал негізгі дайындық Болгарияның София қаласында жалауы желбірейтін жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында Әлем чемпионаты болмақ.
Ақтауда «TaeKwonDo GTF» тұжырымы бойынша федерациясының құрылғанына биыл 7 жыл толып отыр. Яғни, 1 желтоқсан федерацияның туған күні болып саналады. Федерация президенті Сәттіғұл Әбітовтың айтуынша, балғын таэквондошылар кез-келген байрақты додада Маңғыстаудың намысын қорғауға сақадай сай дайын. Оқу-жаттығу жиындары «Өркен» және «Өрлеу» оқу орталығы мен №8 орта мектепте өтеді. Алдағы өтетін жарыстарда Маңғыстау командасы медальдің барлығынан үмітті, әсіресе алтыннан. Бапкер өз шәкірттерінің алдағы додада атой салатынына сенімді.
-Бүгінгі жарысымыз жоғары деңгейге ұйымдастырылды деп ойлаймын, себебі жеңіске деген жігері мықты ұлдар мен қыздардың көп екендігі қатты қуантты. Қатысушылар саны 200-ден асып түсті. Ал ал спорттың осы түрімен айналысушылар қатары 500-ден асып жығылады. Бұл тек үш спорт клубы бойынша. Болашақта әр ауданда спорттық үйірмелер ашуды көздейміз. Қазірдің өзінде Жаңаөзен қаласы мен аудандарда сұраныс бар, бірақ тәжірибелі бапкерлер жеткіліксіз болғандықтан бұл сұрақты кейінге қалдырып отырмыз, дейді федерация президенті.
Жарыс «Хъенг» және «Массоги» бағдарламасы бойынша өтті. Барлығы 160 медаль сарапқа салынды. 4-5, 6-7, 8-9, 10-11 және 12-13, 14-15 жас аралығында өткен чемпионат қорытындысы бойынша 40 бірінші орын, 40 екінші және 80 үшінші иегерлері анықталды. Барлық жеңімпаздарға мен жүлдегерлерге алтын, күміс, қола медальдар және дипломдар табысталды.
Сонымен қатар жарыс кезінде «үздік техника» көрсеткен 6 спортшыға арнайы Кубоктан берілді. Олар Асхат Қожабай, Айдын Әбдірашит, Анель Талғатова, Дулат Нұрасыл, Жақсылық Сапарбаев және Алдияр Түркменбай.
-Қаражат тапшылығы спортшыларға биік шыңдарды бағындыруға қолбайлау болып отыр. Әзірге спортшылар жарыстарға өз қаржысымен барып жүр. Бұл ретте федерация жанынан құрылған ата-аналар комитеті бар ауыртпалықты, әсіресе қаржы мәселесін өз мойынына алған. Балғын таэквондошылар қалтасы қалың жомарт жандардан қолдау күтетіндерін жасырмайды. Демеушілер табылса әлемдік ареналарда көк туымыз биіктен желбіреп, әнұранымыз талай шырқалары сөзсіз, дейді ата-аналар комитетінің мүшесі Нұрбол Қонжар.