Бала тәрбиесі қай кезде де қоғамның басты мәселесі. Өкінішке қарай, соңғы кезде кәмелетке толмаған балаларды зорлау фактісі елімізде жиі тіркелуде. Биылғы жылдың өзінде Жамбыл облысының Талас және Шу аудандарында да осындай азғындық әрекет орын алған болатын.
Ал, қараша айында Тараз қаласындағы №6 мектепте де мұндай қаскөйлік әрекет тағы қайталанды. Бүгінде ата-аналар бала болашағы үшін алаңдаулы. Сол себепті бүгін Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» тақырыбында облыстық ата-аналар жиналысын өткізді. Аталған жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысты. Сондай-ақ жиында облыстық білім басқармасының қызметкерлері, облыстық ата-аналар комитетінің мүшелері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, Қамқоршылық кеңесі және жеке күзет ұйымдарының өкілдері болды. Сонымен қатар бүгін аталған жиын Тараз қаласында және облыстың 10 ауданында полиция бөлімдерінің бірінші басшыларымен бір уақытта ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, түйткілді мәселелерді ақылдаса отырып шешімін табу болды. Осы мақсатта Арман Оразалиев полиция қызметкерлерімен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті. «Полиция тарапынан кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда, бұл мәселеде, тек полицияның қызметі жеткіліксіз. Балалардың бос уақытын қалай өткізуі, мектепке келмеген жағдайда не істейтіні, ғаламтор желілерінде қандай ақпараттарды қарайтыны, кіммен араласатыны туралы, біріншіден, оның ата-аналары, ұстаздары үнемі назарда ұстауы керек. Сондықтан бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық тиісті тұлғаларды жауапкершілікпен қарап, полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», деді ол. Сондай-ақ мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту үшін бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Депатрамент бастығы мәселен мектеп ғимараттарына бөгде адамдардың кірмеуін және аулаларында құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін арнайы күзет мекемелерімен шартқа отыру, кіреберіске өткізу турникеттерін орнату, ата-аналар жиналыстарын ұдайы түрде ұйымдастыру, қауіпсіз мектеп жолы аясында мектепке келер жолдарының сызбасын жасап, кезекшілік ұйымдастыру, сабақ уақытында себепсіз жүрген оқушылардың жүруін қатаң бақылауға алу, сабақ болмаған жағдайда ата-аналарға оқушының ерте кеткені туралы міндетті түрде хабарлау сияқты ойларын айтты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін, тек қала мектептеріне ғана емес, өңірдегі барлық мектептерге де арнайы күзет қызметін енгізу қажеттігіне тоқталды. Жалпы, Тараз қаласының мектептеріне арнайы күзет қызметін енгізу үшін 410 миллион теңге керек екен. Бұл қаражатқа 300 адамды жұмыспен қамту керек. Қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай осы мәселенің тиісті басшылардың алдына қойылып отырғанын атап өтті.