• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 04 Желтоқсан, 2019

Алматыда құстар неге азайды?

748 рет
көрсетілді

Алматыға кешегі «Жасыл желекті қала» дейтін даңқын қайтарып беру үшін жасалып жатқан әрекеттердің басталғанына аз жыл өткен жоқ. Еліміздің екінші астанасын басқаруға келген әкімдердің бәрінің алдында бірінші кезекте түбі экология мәселесіне барып тірелетін – көлік кептелістерін тарқату, жанар-жағармайдың сапасы мен шаһардың ауасын тазарту міндеті тұрады.

Не десек те, Алматының адамдары, ауасы мен аурасының әбден өзгергенін Алатау баурайындағы шаһардың байырғы тұрғындары біледі. Соның ішінде байқампаз қалалықтар соңғы жылдарда қалада кейбір құстардың көрінбей қалғанын, қарлығаштардың қайта қонбағанын айтады. Алматының әдемі саябақтарында сайрап, таңмен бірге ұйықтап жатқан елді оятатын әсем құстардың үні неге азайды?

 Қырық шақты құстың түрі бар еді

Осы уақытқа дейін орнитологтар Алматыда құстардың 40 шақты түрі мекендейтінін, кейде Қызыл кітапқа енген сирек қанаттылар да таудан төменге түсіп, қалалықтарды таң-тамаша қалдыратынын айтып келді.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары мегаполисте құстардың бірнеше түрі мүлде қара көрсетпеген. Осының жай-жапсарын жақын күндері Алматы қалалық әкімшілігіндегі тиісті тұлғалар түсіндіруге тырысты.

«Алматы аумағында табиғи ресурстарды сақтау мен қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» сауалдарына байланысты өткен қоғамдық тыңдау кезінде бұл мәселе тағы көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды. Алматының Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтеновтің айтуынша, жағдай төмендегідей.

«Қалада аудан әкімдіктері жасыл желектерде түрлі зиянкестер көбейіп кетпеу үшін химиялық және биологиялық өңдеулер жүргізіп отырады. Мемлекеттік сатып алулар процесінің жай-жапсарын есепке алатын болсақ, онда біздің компаниялардың 90 пайызы химиялық препараттарды алатынын көреміз. Ақырында бұл қаладағы құстардың азаюына әкеліп соқтырды. Алматыға құстарды қайтару үшін, біз осы үдерісті орталықтандырып, көк желектерді тек қана биопрепараттармен өңдейтін бір ғана операторды анықтауымыз қажет», дейді басқарма басшысы Ержан Сейтенов.

Мұндай мәселеде Қоғамдық кеңес мүшеле­рі­нің көкейлеріндегі күмәнді сауалдарын қоюға қақысы бар. Сондықтан да бұл шешім «аталмыш саланы монополияландырмай ма» деген де сұрақ туындады. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес бұдан әрі қарай да қозғалған мәселеге қатысты қала билігінің шешімдерін талқыға салуды көздеп отыр. Бұрын да орнитологтар Алматыдан қарлығаштардың кетіп қалу себебін тізбектеген болатын. Қалада айыр құйрықты құстардың азаюы осыдан 20-30 жыл бұрын басталған. Сол кезде-ақ қарлығаштардың азығы азайғаны мен экологияның нашарлай бастағаны сөз болған.

 Көгалдандырудың шеберлік-жоспары

Осы мәселелермен орайлас, қараша айының бел ортасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы көгалдандырудың шеберлік-жоспарының жобасын қарау үшін жиын өткізіп, таяудағы үш жыл ішінде миллион ағаш отырғызу мәселесі сөз болған еді.

Шеберлік-жоспарын жасау кезінде қаланың көк желектері зерттеліп, оның қазіргі жағдайы анықталған. Бұл жұмысқа кәсіби мамандар тартылып, олар зерттеу барысында қаладағы жасыл желектің жалпы көлемі бір адамға шаққанда небәрі 4,8 шаршы метр екенін анықтады. Ал сонау 70-80-жылдары бұл көрсеткіш 10 шаршы метрге жеткен екен. Жасыл желек көлемінің азаюы қала көлемінің ұлғайып, адам санының артуына байланысты болуда.

Айта кетерлігі, соңғы үш жылда 134 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Биыл отырғызылғаны – 140 мыңға жуық. Есептік мәліметтерге жүгінсек, ағаш пен бұталы өсімдіктерді бірден көптеп, тіпті миллиондап отырғызудың тиімділігі жоғары. Яғни, жасыл желектің арқасында 118 млн кг оттегі пайда болады, қаланы жасылдандыру аймағы 5000 шаршы метрге дейін жетеді де жол жиегіндегі шудың деңгейі 40%-ға, жасыл аймақтан 1 шаршы метр радиустағы шаң деңгейі 75%-ға төмендейді.

Сонымен қатар қаланы абаттандыру деңгейі артып, демалыс аймақтары, скверлер мен саябақтар пайда болады. Мұның барлығы қалалықтардың психологиялық ахуалына оң ықпал етіп, өмір сүруге жайлы жағдай жасайды.

«Қаланы көгалдандырудың барлық жұмысы бір арнада жүргізілгені тиімді, ағаштарды стихиялы түрде отырғызуға немесе қиюға болмайды. Біз сондықтан шеберлік-жоспарын әзірлеудеміз», деген болатын осы жиында қала әкімі.

Жиында дүкендердің, салондардың және кәсіпкерліктің басқа нысандарының сыртын жауып тұратын ағаштарды кесуге тыйым салынатыны аталып өтті. Және кесілген ағаштардың орнына көшеттер отырғызуға бақылау күшейтіледі және кесілген ағаштардың орнына отырғызылатын жасыл желектің саны артатын болады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шебер­лік-жоспарын толықтырып, жетілдіре түсу үшін бірқатар тапсырма берді. Жалпы, оның мазмұндық бөлігі мен оны жүзеге асырудың пәрменді шаралары нақтылануы тиіс екені аталды. Оның ішінде питомниктердің қуаты, жасыл желекті отырғызудың және оларды күтіп-баптаудың бірыңғай әдісі мен ережесі жіті назарға алынуы тиіс.

 Ағаштарды кесу тәртібі өзгереді

Алматының көркі мен келешегі туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің айналып өте алмайтын мәселесінің бірі – кәрі ағаштар. Жасы жарты ғасырдан асқан ағаштардың көпшілігі сырт көзге міз бақпайтын сияқты болғанымен, қатты жел тұрса діңгегі шірігендері көлеңкесіндегі көліктер мен адам өмірін өзімен әкеткен кездері болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Дегенмен, аумағы ұлғайып келе жатқан мегаполисте кезінде жас ағаштар да жаңа ғимараттардың жолында «құрбан» болды. Сондықтан да жасыл желектерді қорғаушылар болсын, қоғам белсенділері, қала берді атышулы блогерлер де ағаш қиылып жатқанын көрсе, қарап қалмайды.

Мәселен, жуырда тағы жік шығып, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ағаштардың кесіле бастағаны туралы ақпар лезде тарады. Facebook желісінде «Алматыны қорғаймыз» парақшасы тобының белсенділері сұлап қалған ағаштардың суретін де шығарды. Бұл жағдайға да қалалық әкімдік бірден түсінік берді.

Алматының Жасыл экономика басқарма­сын­ың басшысы Ержан Сейтенов қаладағы Медеу ауданының әкімшілігі саябақтағы 24 ағашты кесуге рұқсат алғанын мәлімдеді.

«Саябақтағы апаттық жағдайда тұрған және қураған ағаштарды ғана кесуге арнайы рұқсат берілген. Сонымен қатар алдағы уақытта қауіпті ағаштар кесілетін кезде құрамында қоғам белсенділері бар арнаулы жұмыс тобын да қатыстыратын боламыз», деді Алматының Жасыл экономика басқармасының жетекшісі.

Сол сияқты биылғы қара күзде «Бөкенбай» шатқалында 2 мыңдай ағаш кесілгені белгілі. Бұған байланысты Іле-Алатауы ұлттық паркінің баспасөз қызметі санитарлық мақсатта орманда бірқатар ағаш кесілгенін растады.

Мұндай жағдайда мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салатындар да, шын мә­нінде кәрі ағаштарың қиылып жатқанына көз жеткізгісі келетін алматылықтардың табыл­­уы құп­­тар­лық әрі қалыпты жағдай. Сон­дық­­тан да қала белсенділерінің қартайған ағаштарды жоюға қатысты тәуелсіз комиссия құру ұсынысын қала әкімдігі терістеп отырған жоқ.

Өз кезегінде Алматы қалалық әкімдігі ағаш­тар­ды кесуге қатысты жаңа тәртіп енгізуге ұмтылып отыр. Ол «Алматы қаласының ерекше мәр­тебесі туралы» заңды Сенат мақұлдағаннан кейін күшіне енеді. Яғни, Алматының Жасыл эко­номика басқармасы «Алматы қаласының ерек­ше мәртебесі туралы» заңына өз нормаларын енгізбек.

Бұл мәселемен айналысып отырған қала­да­ғы құзырлы мекеменің арнаулы мамандары Мәслихат депутаттарына жергілікті деңгейде жаңа тәртіп енгізуге мүмкіндік алу үшін, заңнамалық тұрғыда рұқсат сұрап отырған жайы бар.

«Біз қоғамдастықтармен бірлесе отырып өз ережелерімізді жасау үшін, келесідей норма­лардың енгізілуін қалаймыз. Мәселен, «компен­са­циялық» ағаштарға, яғни кесілген ағаштарды қалпына келтіруге қатысты ұсыныстар мынадай: апаттық жағдайда тұрған бір ағаш кесілсе орнына – 1 ағаш, амалсыз кесілген 1 ағаштың орнына – 10 ағаш, заңсыз кесілген 1 ағаштың орнына 100 ағаш отырғызылсын», дейді Алматының Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов.

Сол сияқты ағаштарды санитарлық мақсат­та кесіп, күзеп-түзейтін мекемелердің де әрекетін сертификаттау міндеттелуі тиіс. Және ағаш­тар­ды күтіп-баптаудың кепілдік мерзімі 2 жыл емес, 3 жылға ұзартыла түсу керек. Осы ұсыныс­тардың барлығы да таяуда қала игілігі үшін Сенаттың мақұлдануына ұсынылады.