Қазан айының соңғы күндерінде солтүстіктегі көршіміздің Новосібір қаласының алдыңғы қатарлы медициналық мекемелері елордамызға атбасын тіреп, өздерінің мүмкіндіктерімен таныстырды.
– Біздің қаламыз Қазақстан астанасына тиіп тұр. Новосібірде ұшаққа отырсаңыз, 40 минутта табаныңыз Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына тиеді, тіпті Қазақстанның кейбір қаласынан да жақын, – дейді новосібірлік дәрігерлер. Бар қазаққа ежелден жанға жақын, жүрекке жылы тиер, «Ібір-Сібір – өз жұртымыз» дейтін, іргедегі Новосібір Кеңес заманынан іргелі ғылыми жұмыстарымен, ізденістерімен әйгілі қала екені аян. Әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінің тұрғындары үшін Новосібірдің жақындығы қолайлы-ақ. Сондықтан теріскейдегі қазақстандықтар дәрігерге қаралуға, денді бойлаған сырқатты анықтауға, емделуге, сылып тастауға осы қалаға жол тартады.
Көршілерден келген бір қауым дәрігерлердің жұмыстарымен танысуға біз де барғанбыз, ойымыз – ғылымды дамытуға тұтастай қалашық тұрғызған Новосібірден астаналықтарға жетістіктерімізді көрсетейік деп арнайы ат терлетіп жеткен сібірлік дәрігерлердің ең соны деген ізденістерін білу. Сондықтан да мақсатты түрде сол бағыттағы жұмыстарын сұрап-біліп, оқырмандар назарына ұсындық.
Бастысы, ойдың орындалғаны ғой. Новосібірлік дәрігерлердің медицинадағы жетістіктері баршылық. Мәселен, облыстық көпбейінді аурухананың өкілі Николай Бугайченко клиника базасында Новосібір медицина университетінің 19 кафедрасы жұмыс атқаратынын, түрлі ауруларды емдеуге маманданған 46 бөлімшенің қай-қайсысының да ғылыми ізденістерден тыс қалмайтынын, ең бір озық әдіс, технологияларды енгізіп, оның бастауында тұрғанын ауыз толтыра айтады. Соның бірі – альвеококкозге шалдыққан пациентке екі дәрігерлік бригаданың бір операция үстінде қатарынан екі органды – жүрек пен бауырды трансплантациялауы болыпты. «Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық клиникалардың жетістіктері жайында көп естиміз. Осы күндері оны көзімізбен көрдік. Бұл орайда бірлесе жұмыс атқару екі елдің азаматтарына да тиімді. Негізінен біздің аурухана – бүкіл Ресей бойынша ақылы медициналық көмек көрсету жөнінен төртінші орындағы іргелі денсаулық мекемесі. Ақылы қызметтің спектрі өте кең, денсаулығының қамын ауырмастан бұрын ойлайтын адамдар үшін толық тексерілу, (толық Check-up), диагноз анықтау, ем-шаралардың түр-түрі, сандаған хирургиялық манипуляциялар жасаймыз, жыл сайын 4 млн-ға жуық диагностикалық зерттеулер өтіп, пациенттеріміз білікті көмек алып жатады», дейді Николай Бугайченко.
Ал Жаңа медициналық технологиялар орталығының жұмысы атынан аңғарылғандай, заманауи ізденістердің бірегей орны екен. Ғылым мен медицинаны ұштастыра, оны күнделікті жұмыстарында басшылыққа алған орталықтың қызметі қызықты-ақ. Оның бір мысалы, пациенттің генетикалық паспортын жасау. Бұл құжатта тексерілген жанның ағзасындағы аурулармен қатар оның қандай мүмкіндігі барлығы, әсіресе жасөспірімдер үшін өте қажет қандай мамандық пен кәсіпке бейімдігі, қандай тағамның жағатыны немесе жақпайтыны, қандай спорт түрімен шұғылдануға болатыны, барлығы гендік құрамды зерттеу арқылы анықталады. Генетик дәрігерлер алынған биоматериалды (ол сілекей немесе ұрттың сілемейлі қабығы болуы мүмкін) зерттеп, толық генетикалық паспортын қолына береді, дейді орталықтың директоры Елена Трубицына. Сондай-ақ Елена Сергеевна өздерінің бір күндік хирургия, толық скринингтен өту, гинекология, онкология салаларында көмек көрсететіндерін алға тартты. «Біз пациентке 100 беттен тұратын медициналық паспортын ұсына аламыз. Онда бәрі қарастырылған, жоғарыда айтылған генетикалық зерттеулер де сонда қамтылады», дейді бас дәрігер.
Новосібірдің ендігі бір айтулы медициналық ұжымы көпбейінді қалалық аурухана көрінеді. Сібірдің саф ауалы орманды алқабынан орын тепкен аурухананың ауласында дем алудың өзі дертке дауа деген клиниканың бюджеттен тыс қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Мария Сычева: «Біздің қызметімізге көптеген шетелдік, оның ішінде қазақстандық азаматтар көп жүгінеді. Өйткені муниципиалды клиника болғандықтан бізде барлық қажетті мамандар, жаңа жабдықтармен жасақталған бөлімдер, заманауи зертхана, қысқасы дауа іздеген жанға керектің бәрі бар. Жылына 500 адамға жуық шетелдік қаралады. Алайда мұның бәрі жоспарланбаған, ұйымдаспаған күйде жүреді. Біздің дәрігерлердің тәжірибелері мен білігіне жүгінген пациенттер небір күрделі операцияларды жасатып, балаларын қаратып, өздері ем алып, диагноздарын нақтылап қайтады. Әрине, мамандарымыз өз білгенімен тоқтамай, шетелдің іргелі клиникаларымен үнемі байланыста болып, кәсіби шеберліктерін шыңдап қайтып жатады. Мұның барлығы жаңа технологияларды дендеп енгізуге жол ашқан. Сондықтан қазақстандықтармен байланыс жолға қойылса екі елге қазіргіден әлдеқайда тиімдірек бола түспей ме? Әрі жеке клиникаларға қарағанда біздің қызметтеріміздің бағасы да пациентке жеңіл түседі, дейді.
Құрылғанына 25 жыл болған «Блеск» клиникалар жүйесінің директоры Дарья Рожок 5 стоматологиялық клиника, 1 көп бейінді медициналық орталыққа қоса, биыл маусым айынан бері халықаралық косметология орталығын біріктірген жүйенің тиімділігі мен медициналық қызмет көрсетудің жаңа заманауи бағыттары жайында әңгімелеп берді. Дарья Николаевнаның айтуынша, шеттен келген емделушілердің тұратын жерлеріне жеңілдіктер жасау да қарастырылған. Сөз жоқ, заман сұранысына лайықты қадам жасамаған қандай қызмет түріне де даңғыл жол ашылмайды. Ал «Блеск» беталысын сол сұраныстарға әбден лайықтағанға ұқсайды. Оған мысал ретінде стоматологиялық қызметті түрлендірудегі қадамдарды айтса болады. Әдетте ересек адамдардың көпшілігі 32 тістің тұтастығына зәру. Тістер түсіп немесе тұқылдарының қалдығы ғана қалып, қызылиектің еті қашып, кейде домбығып ісіп, берекені алады. Ал «Блеск» мамандары жаққа қажетіне қарай түрлі операциялар жасап, тіс импланттарын қондырады. Және адам тіссіз қалып, қысылмай жүруі үшін қызылиек еттері орнына келгенше уақытша, бірнеше айға протез қойып береді. Содан соң компьютерлік томография жасап, тіс орнығуы қалыпқа түскенде 25 жылға кепілдік беретін жаңа имплант протезді қояды. 4-5 сағатқа созылатын операцияның уақытында пациент ұйқыда жататындықтан ауруды сезбейді. Дарья Николаевнаның тағы бір ауыз толтыра айтқан жетістігі – лазерлі гинекология әдісі. Босанғаннан кейін қалыпқа түсуге, жас ұлғаюға байланысты әйел ағзасында жүретін өзгерістерде көмекке келетін, яғни кіші дәреттің шығып кетуі тәрізді нормадан ауытқуларды болдырмайтын бұл әдіске алғашында гинекологтардың өзі сенімсіздікпен қараған еді. Алайда оның пайдалылығы толық дәлелденді. Халықаралық патентке ие лазердің еш зияны жоқ, оны бүкіл дамыған елдер кеңінен қолданады және клиника дәрігерінің осы лазерлі гинекологиядағы клиникалық көрсеткіштері бойынша Еуропа елдері мамандары арасында бірінші орын алып қайтуы соны айғақтайды. Бар жоғы 20-30 минут ішінде, ешқандай ауырсынусыз жүргізілетін әдістің келешегі зор, дейді ресейлік дәрігерлер.