Саяси мемлекеттік басшылық лауазымдағы қызметшілер, егер олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде жұмыстан босату үшін өтініш жазады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.
Ол Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілгенін жеткізді.
Ал бұл жаңалық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен заңға енгізілді. Өйткені 2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізудің маңыздылығын атап өткен еді. Соған сай саяси мемлекеттік басшылық лауазымдағы қызметшілердің тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде жұмыстан босату үшін өтініш жазады. Яғни, атап айтқанда – министрлер мен олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері, олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде отставкаға шығуға сұрануы керек.
«Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. Ол сондай-ақ, қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылатынын түсіндірді. Мәселен, орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары, ал облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі және орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді. Облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді. Аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.
Жалпы бір ескерер жайт, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған басшының құзыреті. Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшыларына тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілген. Бұл міндеттің орындалуы немесе тиісінше орындалмауы басшыны тәртіптік жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу де жаңалық болып отыр.