Жартылай ұйықтап жүретін қамарлы заман өтіп кетті. Немесе ондай заман болған да емес. Әйтеуір біз ойымызға кірмеген цифрлы заманға келіп тұрғанымызды бір-ақ білдік. Біз оған келдік пе, ол бізге келді ме, ол маңызды емес. Маңыздысы – мұның көркем шығармаға да, оны оқитын оқырманға да тікелей қатысты болып тұрғандығында.
Қазіргі оқырманға кейіпкердің бір аттағаны бір оқиға болып тұрмаса, іші пысады. Қазіргі оқырман әдеби шығарманың тұзы удай болып, бұрышы ауыз күйдіріп, қасіретімен емес, уыттылығымен көзінен жас ағызары болмаса немесе шынайылығы шыңырау-ойлардан жарқырай көрініп, өзіне тартып бара жатпаса, анау-мынау «сүйді-күйді» дегенге аса әсерлене қоймайды. Әсерленудің өзінің бәсі биіктеп кеткен заман бұл. Дегенмен Әбіш ғұлама осы цифрлы заманның сиқырлы сипатын өз шығармаларында осыдан 30-40 жыл бұрын-ақ дәл тауып, ХХІ ғасыр оқырмандарының да талғам-тұздығына лайықты еткендігін байқар едік. Лайықты етейін дегендіктен емес, қаламгердің ой-тұжырым галактикасында бір ғасырдың ғана емес, келер ғасырлардың да мәселеден де зор мәселелері шоғыр-шоғыр болып, өзіне тарта жөнелетін ауқымдылығында болатын. Қаламгер мысалға келтірген майда жүріс құмырсқа мен ірі аттайтын піл күллі тіршіліктегі жазылған да, жазылмаған да заңдардың ортасындағы адам әрекеттерінің сан ғасырлар қайталанып келе жатқан траекториясын көрсетеді. «Кімге қандай жүріс лайық болса, солай ғана жүре алады», дейді жазушы. Дейді де әрі қарай: – «Оған көнбеген асау жүрістің бәрі бұрыстық. Бұрыстыққа тыйырым бар. Бұрыс аттадың-ақ, мықтының аузындағы жемтік боп шыға келесің. ...Піл құрдым құмырсқаның мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін қайдан түсінсін. Еті селк етпестен тапап өте шығады. ...Неге өйтеді? Өйткені – ол әуелден солай». Әбіш ғұламаның бұл сілтемесі – әркімді ірі болуға ұмтылдыратын әрі үрейлі, әрі әркімді қайрап жіберетін алтын Ереже. Біздің қазақ – сол қайралып түсетіндердің қатарында келе жатқандар. Олай дейтініміз – осындай аз халық осындай ауқымды жерді жан-жақтан анталағандармен тістесіп-тебісіп жүріп қалай аман сақтап қалды және әлі де алдырмай-шалдырмай келе жатыр? Кекілбайұлы шығармасы қазақты осылай қайрайды.
Дегенмен, бұл ғасырдың да ширегін жеп тауысуға қаужаңдасып жатқан осы кезеңімізде «Ханша дария хикаясын» бір ақтарып, «Еңсеп қазғанға» еңкейе қарасаңыз немесе «Күй» повесіндегі мәңгүрттердің қасына барып, бетіне үңіліп көрсеңіз, қазіргі ғаламдық қоғамның ғаламдық сырқаттарын да сезіне алар едіңіз. Ал біз – қазақ – «Елең-алаңдағы» елең-алаң халдің әлі де солай екендігін түйсінер едік. Елең-алаң болатын себебіміз де түсінікті. Кеңес Одағының көгенінен ағытылып кеткен бізді алпауыт мемлекеттердің өз көгендеріне байлап алу ниеті әзірге қалғитын түрі көрінбейді. Дінін жібереді, тілін жібереді, саясатын өткізбек болады, әйтеуір құлмезгіл іргелетіп жүргенін сезініп отырғанымыз жасырын емес. Бұл тек біздің елге, біздің заманға ғана қатысты емес. Қай дәуірдің есігін ашып қалсаңыз да, әрбір ұлттың маңдайында тап осы жағдайдың болғанын, бола да беретіндігін ұғынамыз.
Осындай кезеңдегі біздің әрқайсымызға Ә.Кекілбайұлының «Шандозындағы» Махамбеттің бойындағыдай эпикалық қуат, «Шыңырауындағы» Еңсеп құдықшы сияқты еңбекқорлық қажет екен-ау деп ойлайсыз. Ендігі тіршілікке «Ханша дариядағыдай» не шаруаны қолға алса да, өрттей ыстық махаббатпен атқарып шығатын жас шебер-хас шеберлер керек. Ендігі тіршілікке бесігіне тектілікті теліп тербететін Бопай ханымдар керек. Ендігі тіршілікке шеттің тілімен ере келіп, мәңгүрттікке айналдыруға әрекет жасайтын қасиетсіздікті Әбіш сомдаған «Абылай ханның» салмағындай салмақпен жаншып тастайтын жасампаздық керек. Тек Әбіш Кекілбайұлының ғана емес, жалпы ұлттық көркем әдебиет бізге осындай жол сілтеп, осылай тәрбиелейді.
Ә.Кекілбайұлы сомдаған әдеби-тарихи образдар қаламгердің өзін де толықтыра түскен секілді. Басқасын айтпағанда, «Үркер» мен «Елең-алаңдағы», «Абылай хан» драмасындағы Әбілқайыр хан мен Абылай хан болып тебірену үшін немесе сол Әбілқайыр мен сол Абылай болып өкініп, үрейлену үшін немесе сол ішкі үрейін білдірмей, хан тағында қарқарадай болып отыру үшін немесе басы асау қоғамның тізгінін берік ұстау үшін, керек жерде кідіріп, ерек жерде елдік пен ерліктің үлгісін көрсету үшін қаламгердің соның бәрін алпыс екі тамырынан өткізіп, ғасыр болып зорайып, іштей жасын болып шайқасуына тура келгенін сеземіз.
Оның кейіпкерлерінің ішінде қолы бос біреуі жоқ. Ол суреттеген желдің өзін роман оқиғаларын бір ауылдан бір ауылға жеткізіп жүрген маңызды кейіпкерлеріндей елестетесің. Құдықтары да су ала келгендердің бетіне құдық түбінен тесіле қарайтын шығар деп ойлайсың. Қай шығармасында да құж-құж қайнаған кейіпкерлер. Тіпті ине шаншар орын жоқ. Адам-кейіпкер жоқ тұста, амал-кейіпкерлер, амал-кейіпкер жоқ тұста, заман-кейіпкерлер, заман-кейіпкер жоқ тұста, алаң-кейіпкерлер кеу-кеулесіп келе жатады.
Қазіргілерге тек шапшаңдық керек десек, бұл да уақытты салт мініп шаба беру деген сөз еместігі түсінікті. Әңкі-тәңкі әлем де ара-тұра рухани азықпен әлденіп алғысы келіп тұрады. Әбіш ғұлама тілімен айтқанда «жанын қинамай жаратылып, жанын қинамай жоғала салатын маймыл өмір» қазақтың қанында жоқ. Қазақтың қанында сан бұлақтана ағып жатқан мәрттік бар. Алпыс екі тамырыңның бойында мігірсіз жүгіріп жүрген ата-салт, ана-нарт бар. Оның бар екендігін Әбіш ғұламаның кейіпкерлерінің де әр қимылынан көреміз.
Балалық және жастық шақтағы жағымды оқиғалар біздің санамызда сақталып қалған оқиғалардың ішіндегі өзіндік брендтер дер едік. Осы «оқиға-брендтер» ерекше дарынды адамдардың санасында терең ойларды қалыптастыруға себепші болады. Яғни, бұл «оқиға-брендтер» тыңайтқыштар қызметін атқарады. Ақыл-ойы толыса, бойдағы дарыны тамыр жая бастағанда қаламгер сол «оқиға-брендтерді» өзіндік метафораларға немесе қандай да бір ойды жеткізудің әдісі ретінде көрсете алады. Тың теңеулер табуға себепші болады. Әбіш Кекілбайұлы шығармаларының көркемдігі осындай нәрден тамыр тартқан. Әр шығармасындағы жеті қат тереңдіктен ләуліктей көркемдеп шығаратын ой шоғырлары сана-сезіміңе қыран-қанат болып, тар бөлмеңнен кең жайлауға алып шыққандай әсер береді.
Рас, қазіргі әдебиет те, ол туралы ақпараттар да суыт жүреді. Суыт оқылады. Қысқа қайырылады. Бірақ сол суыт жүріс пен қысқа қайырым ішіндегі қырық бұрым тіршілікке, бәрібір, тоқсан тарау амал керек. Оны көркем әдебиет ақтармасаң, қайдан аласың? Ал көркем әдебиетке асығыстық жүрмейді. Асығыстық жүрмейтін Әбіш әлемі де ой ұшқырлығына машықтандырады. Сананы салғырттықтан арылтады. Ғарышқа самғатады. Яғни, Әбіш әлемін – Жандүние академиясы десек болады.
Бірақ цифрлы дәуірге Жандүние академиясы керек пе өзі? Цифрлы дәуірге ойлылық керек пе? Керек болғанда қандай. Гуманитарлық ғылым тұрғысындағы цифрлылық дегеніміз – бұл екінің бірі емес-ау, мыңнан бірінің ой-лабиринтіне орала бермейтін тұжырымдар шоғыры. Адамзат ой-тұжырымдарды санасында сақтап, ғасырлардың керуенінің ең маңызды жүгі етіп осы күнге дейін жеткізді. Әрине, керек болған соң. Әрине, «цифрлы» болған соң. Бір тұжырымның өзі ой-санаңдағы өзіңе де белгісіз болып келген бір нүктені басып қалады да, ол сан тармақталған ой-ғарышына қарай тарта жөнелетіндігін білгендіктен. Тұжырымдардың адам санасында фотондар сияқты аса жылдамдықпен «сәулелене» жөнелетін қасиеті бар екендігін білгендіктен. Ал Әбіш әлемі – осындай тұжырымдардың кеніші: «тарих қанмен жазылып, қанмен түзетіледі», «өткенге өкпе жүрмейді, ...өткенге тек тәубе жүреді», «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», «заманға таң қалма – адамға таң қал», «абзалдық та, түптеп келгенде, азаптың екінші аты болса керек», «музыкаға елтімейтін кісі сөзге де түсінбейді. Бұл – анық!», «күні-түні кітаптар арасында өмір өткіземін», «ереуілге елікпе, тек сабырға серік бол, қара жердей төзімді, қара жердей берік бол!». Осындай жолдарды оқып, ой-санаңыз дүр-дүр көтеріліп, көңіліңіз гүл-гүл жапырақтанып жүре беретін көркемдігін сезінгенде, көркем шығарманың неліктен «көркем» екендігін, неліктен «цифрлы» екендігін түсінесіз.
Адамзат есте жоқ ескі замандардан бері қарай кітап арқалап келе жатыр. Әлі де арқалап кетіп бара жатыр. Неге? Оның жауабы өте кең. Айта бастағанмен ол ешбір қалың кітаптың құшағына сыймасы анық. Әбіш аға сондықтан «әрбір талантты шумақ пен парақты айрықша қастерлейік» деді. Бірақ ол қазіргі қаптап кеткен «графоманияның» нағыз көркем әдебиетті көлеңкелеп кетуінен қауіптенді. «Жоқ, бізде әдебиет өлген жоқ. Бірақ қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр» деп жазды («Тұмар», 2009. №3. – 126 б.).
Адамзат екі аяғын ат қылып, екі қолын қамшы етіп, қайда көшпеген. Сол адамзат бір орынында отыра алмайтындығымен-ақ қалыңдығы Қап тауындай немесе тереңдігі Тынық мұхиттай тарих жасап жүргендігін білген де жоқ. Ал сол тарихты олай-бұлай төңкеріп, әр парағынан табылған өзгенің де ізін тауып, өзгенікі деп өгейсімей, бір адамзатпыз ғой деп, оны білу борышымыз ғой деп, санада сүзіп, есте сақтау қабілетінің асқан қабілетімен хаттап-хаттап айта жөнелетін Әбіш Кекілбайұлындай мұхит-білім адамды көргендер де бар, көрмегендер де бар. Қаламгердің «Дала балладаларында» топталып берілген аңызға құрылған повестері Германияда неміс тілінде жарық көрген кезде, неміс халқынан шыққан И.Кантты, И.Фихтені, Ф.Шеллингті, Г.Гегельді, Л.Фейербахты және де басқа ой-жұлдыздарының жаңашыл туындыларын оқып, талғампаздықтың шыңына шыққан неміс оқырмандарының өзі қазақ жазушысына таңдана қарағанын білеміз. Немістің белгілі әдеби сыншысы, философ Клаус Шнайдер оның шығармашылығы туралы жасаған баяндамасын «Сізді өз көзіммен көре алғаныма қуаныштымын, Кекілбаев» деп аяқтаған екен. Ол, шынында да, осылай айтылуға әбден лайықты тұлға.
2009 жылы жазушының 70 жылдығы қарсаңында сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы, қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тұмар» журналына жазған шағын эссесінде «Менің әкем оның гуманитарлық саладағы энциклопедиялық білім иесі екендігін жиі айтушы еді. ...Ә.Кекілбаев қазақ рухының өзіндік керемет жиынтығы тәрізді. Ол қазақ әдебиетінің классигі ретінде танылатын болады дейтін» деп еске алған еді. Енді таяуда ғана Әбіш ғұламаның 80 жылдығына орай Ақтау қаласында өткен салтанатты жиында Президент Қ.К.Тоқаев әкесі Кемел Тоқаевтың сол айтқаны дәл келгендігін «Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбайұлы – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті» деген сөздерімен нақтылады.
Айтса айтқандай, арғы тегіңді сенің өзің де білмеген бұрылыстардан тауып әкеліп көрсететін шежірешілдігіне таңғалып отырғаныңда, жер дүниенің тарихын, адамзаттың айдамал тіршілігінде қай халықтың қайда, қашан қоныстанып, қазір қайда кеткендігін, көне құрлықтардың көміліп қалғандай көрінетін деректерін де уақыт құмының ішінен екшеп алып шығатын мұндай ғұлама сирек.
Танымал жазушы Смағұл Елубаев бір мақаласында «Әбіш аға анадай жерде жусанды төбе үстінде желге қарсы қарап, зорайып тұр. ...Бұйра шашы қобырап, сәл қабақ шытып, өзімен өзі күбірлеп тұр екен: «Этот ...вечный... мировой неуют!» деп еске алған екен. Бұл тіркесті қазақшалайын деп едім, ғұламаның ойына ғарыштан келе қалған бұл сом тіркес менің аудармашылық ырқыма көнбеді. Осы екпінімен естілсін деп қай тілде айтылды, сол тілде келтіріп отырмын. Жалпы Әбіш Кекілбайұлының қай шығармасы да дәл сол жұпарлы қалпымен аударыла қоюы қиын шығар. Дегенмен басқа тілде сол жұпарының жартысынан көбірегінің айтылуының өзі де қаламгердің даңқын асқақтатты.
Рухымыздың жіліншігі жіңішкеріп кетпес үшін бізге әлі де талай талпыныстар керек екенін ұғынасың. Бір-біріне ат көтермес ауыр сөз айтатын емес, арғымаққа мінгізіп жібергендей рух беретін сөз керектігін ойлағанда, ой-қиялдың өркеші ертең де биіктен көрінуін ойлағанда, Әбіштей ойшылдарды оқыту үшін есейіп қалған бала біткеннің бәрін кітапханаға қуып тыққың келеді. Себебі біздің алдымызда адамзатқа керемет жайлы қоғам орнату міндеті тұр. Адам жарық дүниеге тек қана жағымды ниетпен келеді. Ал жағымсыздық ниеттері басқалардың жағымсыз іс-әрекеттерінің кесірінен оянады. «Менің пайымдауымша, – дейді Әбіш ғұлама, – адамзат шын мәніндегі демократияшыл, адамгершілігі мол қоғамда әлі өмір сүріп көрген жоқ» (Ә.Кекілбаев. Дәуір дауысы. 27 б.). Осы сөйлемге назар салсақ, әлемдегі ең демократияшыл деген мемлекеттің өзі бұл деңгейге жетпегендігін айтады жазушы. Жан дүниеміздегі демократия сезіміне қолдан жасалған қоғамның қол жеткізе қоюының қаншалықты қиын екендігіне сілтеме жасайды. Демек, ол нағыз демократиялық және адамгершілік идеясын ұстанатын қоғам орнату жолын іздеу адамзаттың алдында тұрған ұлы міндет екендігіне сілтеме жасайды. Қателік қай жерден басталады? Қателік «болдым, толдым» деген жерден басталады. Демократиялық қоғам орнатып болдық, адамгершіліктік қоғам орнатып қойдық деу АҚШ үшін де әлі ерте. Тым ерте. Ондай дәуірдің анықтамасын қазақ «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бір ғана мақалға сыйғызған. Сол заманға жету – күллі жер шарының арманы. Бәрін де адам баласы өз қолымен жасайды. Біздің қазақ та өз бейнетін өзі жеңіп, өз тұлғасын өзі сомдап, бәрін де өз қолымен жасауда. Келіп көмек беретіндей, Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтқанда «Жерден Мәді шыққан жоқ, көктен Ғайса түскен жоқ».
Ғаламдық уақыт үшін 20 секундтай ғана болып өте шыққан ХХ ғасыр да әлі ентігін басқан жоқ еді. Аптыға кірген ХХІ ғасырдың табалдырығын аттап, енді еркін жүре бастаған шақта Әбіш ғұлама өз мәңгілігіне аттанды.
Қазақ әдебиетінің классигі Әкім Тарази осыдан он жыл бұрын Әбіш досы туралы жазған мақаласында оған «ғұламалықтың мызғымайтын құз-жартасы» деп баға беріп еді. Сөйлеп тұрса да, сөйлемей тұрса да, оның сырт тұлғасы, шынында да, дәл сондай көрініс беретін еді. Өзін өзі тың тыңдағандай тыңдап жүретін тылсым тұлға болатын. Біз енді сол тұлғаның тылсым әлеміне құлақ тосып, «ғұламамыз айтқан ойлардың астарын тағы бір зерделейікші» деп, оның 80 жылдық тойы өтетін ғасыр салтанатына келе жатырмыз.
Оңайгүл Тұржан