Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология институтында әлемге әйгілі академик, Орталық Азия мен Қазақстан әйелдері арасынан шыққан алғашқы геолог ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Патшайым Тәжібаеваның 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде өте сәтті өтті. Екі күнге созылған шара қалың қауымға ой салған тағылымымен ерекшеленді.
Айтулы тұлғаның алыс-жақын шетелдерден келген әріптестері мен шәкірттері: Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, геология және геофизика институтының директоры Акиф Ализаде, Ресей Ғылым Академиясының академигі Виктор Клипко, Тәжікстаннан келген академик Ботыржан Абдуллаев, Новосібірлік ғұлама Александра Левигева, уфалық профессор Сабир Мұстафин және басқалар Патшайым Тәжібайқызының Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалағанын, Жезқазған, Батыс Қазақстан, Құмкөл, тағы басқа өлкелердегі жер асты байлығын ел игілігіне жаратуға аянбай атсалысқанын, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Вице-спикер міндеттерін мінсіз атқарып, өзінің аса үлкен беделін ел өміріне қатысты проблемаларды шешуге арнағанын, сол мақсатпен КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің қабылдауында болғанын, ол қабылдаудың Қазақстанның ғана емес, геология ғылымының дамуына қуатты серпін бергенін асқан ризашылықпен еске алды...
Мерейтойдың бірінші бөлімі – салтанатты мәжілісте сөйлеген ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Надир Надиров, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалымның досы Бижамал Рамазанова, Түркістан облысы Төле би ауданындағы Патшайым Тәжібаева атындағы №3 мектептің директоры Қалима Ижанова, ғалымның қызы, академик, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Құрметті кафедра меңгерушісі Құралай Аққошқарова, Шымкент қаласындағы «Айғақ» телеарнасының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш, жазушы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов, Қазығұрт ауданындағы Патшайым Тәжібаева атындағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Алтыншаш Қанылиева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын тапсырған әкімнің кеңесшісі Данияр Әлиев, Алматы қаласы Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов, т.б. Патшайым Тәжібаеваның ғылымдағы ерлігі мен ерен қайраткерлігі жайлы ой толғап, оның жан дүниесінің кіршіксіз тазалығын, асқан адамгершілігі жайлы тебірене сыр шертті. Ақын Мыңбай Рәш Патшайым Тәжібаева жайлы өлеңін шабыттана оқығанда халық дүркірете қол соқты. Әйгілі күйші, композитор Шәміл Әбілтаев кешті әнмен көмкерді.
Ұлы ғалымға зор ілтипат, ыстық ықыласпен әрі ырымдап балаларының атын берген ата-аналар да көп. Солардың бірі – студент Патшайым Батырбекованың терең сезіммен тебірене айтқан қысқа да нұсқа сөзі көптің көңілінен шықты.
Мерейтойдың екінші бөлімінде әйгілі ғалым жайлы «Ее имя – Патшайым» – «Патшайым десе Патшайым» атты қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Бұл Патшайым Тәжібаева жайлы бұдан бұрын жарық көрген екі кітаптың жалғасы. Мұнда ғалым жайлы әсерлі, мазмұнды естеліктер топтасқан.
Мерейтойдың үшінші бөлімі – «Аса көрнекті ғалым Патшайым Тәжібаеваның Қазақстандағы геология ғылымына қосқан үлесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияда шетелдік және қазақстандық ғалымдар геология ғылымының жетістіктері мен проблемалары жайлы ойларымен бөлісті.
Бұл әдеттегі мерейтойлардың бірі емес, айтары анық, бояуы қанық, тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор, аса әсерлі кеш болды.